2021 жылғы ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасуына талдау жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«2021 жылы түлектердің жалпы саны 81 393 адамды құрады. Рейтинг объективті ақпаратқа негізделген. Біз барлық түлектерді зейнетақы аударымдарының болуына қарай талдаймыз. Бұл объективті критерий, сондықтан рейтинг барынша шынайы деп айтуға болады», деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов.
Талдау мәліметтері бойынша, 9,2 мыңнан астам түлек магистратурада оқуын жалғастырды, 3,7 мыңға жуығы бала күтімі бойынша демалысқа кетті, 254 түлек оқуды бітіргеннен кейін әскер қатарына қосылды.
Спикердің айтуынша, ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Биылғы жылы жұмысқа орналасудың орташа пайызы 79%-ды құрады. Қолға диплом алған сәттен бастап 12 күнтізбелік ай ішінде жұмысқа орналасқан түлектердің 67%-ы тұрақты зейнетақы жарналарын аударып отырады, тағы 12%-ы шартты жұмыспен қамтылған.