25 қаңтардағы ахуалға сәйкес республикалық маңыздағы жол учаскелерінде қозғалысқа енгізілген шектеулер жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін таңғы сағат төрт шамасында Жамбыл облысының жолшылары автомобиль қозғалтқышы бұзылып «Сарышаған-Мыңарал» учаскесінде қалып қойған Өзбекстанның бес азаматына көмек көрсетті. Шетел азаматтары 1403 байланыс орталығына хабарласып көмекке жүгінген. Оқиға орнына дереу жеткен жолшы мамандар Өзбекстан азаматтарын Приозерск қаласына эвакуациялады.
Сондай-ақ кеше кешкі сағат 20:00 шамасында Шығыс Қазақстан облысының жолшылары арнайы техниканың көмегімен «Алматы-Өскемен» тасжолының 989 шақырымында бұзылып қалған «Volvo» маркалы жүк көлігін Қалбатау ауылына дейін сүйреп апарған.
Бүгін таңғы сағат 10 шамасында Ақмола өңірінің жолшылары «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 77 шақырымында отыны таусылып, тұрып қалған фураның жүргізушісіне көмек көрсетті.
«25 қаңтардағы ахуалға сәйкес республикалық маңыздағы жол учаскелерінде қозғалысқа енгізілген шектеулер жоқ. Тасжолдар ашық. Мамандар қысқы күтіп-ұстау аясындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр», делінген ҚазАвтоЖол хабарламасында.