Astana Opera халықаралық опера академиясының солисі Гүлдана Алдадосова Мәскеудегі Станиславский мен Немирович-Данченко атындағы Музыкалық театрда өткен Хибла Герзмаваның вокалистер мен концертмейстерлердің беделді байқауында арнайы сыйлық иегері атанды. Сонымен қатар талантты әнші арнайы жүлдеге қоса, Ресейдің бірнеше жетекші театр алаңдарында өнер көрсетуге ұсыныс алды.
«Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров әлемдік опера жұлдызы Хибла Герзмаваның атынан арнайы сыйлық алуы Гүлдананың өнердегі жолының бір жемісті қадамы екенін жеткізді.
Дарынды әншінің өзі де байқауға қатысқан барлық қарсыластары мықты болғанын айтады.
«Шынымды айтсам, финалға шығамын деп еш ойлаған жоқпын. Алғашқы екі айналымда ұйымдастырушылар дайындаған тізімдегі арияларды айту керек. Бірақ мен оларды бұрын орындамаған едім. Сондықтан жаңа шығармадай әсер етті. Алайда опереттадан ариямен және еш сүйемелдеусіз халық әнімен өнер көрсету – мен үшін нағыз емтихан болды», дейді жүлдегер.
Музыка сыншылары Гүлдана Алдадосованың талантын бірінші айналымнан кейін бірден байқап, оған «мәскеулік опера сахнасының көркі» деген баға берген.
Айта кетейік, Хибла Герзмава – Метрополитен Опера, Ла Скала, Ковент-Гарден, Париж ұлттық операсы, Арена ди Верона секілді әлемнің айтулы сахналарында өнер көрсетіп жүрген әйгілі опера әншісі ғана емес, сондай-ақ оның Мәскеу консерваториясының жеке ән айту кафедрасының доценті, «Онегин» Ұлттық опера сыйлығының президенті және «Хибла Герзмава шақырады…» атты музыкалық фестивалінің жетекшісі.