Төлеби ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек қымыз құятын робот құрастырды. Оған «Асылбек» деп ат қойыпты. Арнайы пластикалық картаны жақындатсаңыз Асылбек сөйлей бастайды. Алдымен қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Одан кейін ыдысқа шөлді басатын пайдалы сусын құяды.
Ұлттық сусынымыз қымыздың емдік қасиетін насихаттай отырып, робототехниканың мүмкіндіктерін адам игілігіне пайдалану мақсатында оқушы Жансұлтан құлтемірді ұстазы, информатика пәнінің мұғалімі Лаура Жақсыбекованың көмегімен жасаған. «Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығамын. Ал мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты. Менің роботым оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, емдік қасиетке ие қымыз арқылы жастардың арасында саламатты өмір салтын дәріптейді. Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік», дейді Жансұлтан.
Оқушының бұл еңбегі ғылыми жобалар байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде жүлделі болды.
Түркістан облысы