Қазақ музыкасын ғылыми айналымға түсірген көрнекті өнер зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» кітабындағы «Әміре» мақаласында былай дейді: «Парижде болатын концертке қатысу үшін Мәскеуге Қазақстаннан басқа ұлт республикаларынан да белгілі өнерпаздар келді. Бұл шеберлердің, оның ішінде Әміренің Париж концертіне дайындық есебінде өткен Үлкен театрдағы концертке шығуы үлкен табыс болды. Айтушылар Әміре «Ағашаяқтың» басындағы жоғарғы нотасын шырқағанда, партердің алдыңғы қатарында отырған бір әйел: «Мынау не деген күшті дауыс!» деп, шошып кетіп барып айтыпты деседі». Сондай-ақ академик кеңес өнерпаздарының Париждің сәулетті өнер ордаларында 11 концерт беріп, сол кештерде Әміре «Ағашаяқ», «Үш дос», «Екі жирен», «Дудар-ай», «Қос барабан», «Қызыл бидай» және тағы басқа өзінің жақсы көретін әндерін орындағанын айтады.
Осында айтылған «Ағашаяқ» әнінің авторы кім деген сауал көкейімізде тұрды. Ғаламторды ақтара қалып едік, алдымыздан шыға келді. Негізі, Ағашаяқ – Берікбол Көпенұлы деген кісінің лақап аты. Ол 1861 жылы қазіргі Абай облысының Абай ауданындағы Мұқыр деген ауылда өмірге келген. Әнші, күйші, домбырашы, биші, қысқасы, бір басына сан түрлі өнер тоғысқан тұлға. Айналасына ақындығымен де аты шыққан. Қуақы әзілімен өз ортасының көркіне айналған. Сонымен бірге екі аяғына бақан байлап жүгіргені мен аттың сауырында төбесімен тұрып билегенін көргендер аузын ашып, көзін жұмған. Ат үстінде шауып келе жатып, аузымен жерден тақиясын алу секілді цирктік ойындарды да шебер меңгерген.
Ағашаяқтың өнеріне Мұхтар Әуезовтің өзі жас күнінен тәнті болып, одан Абайдың әндері мен әңгімелерін таң асырып талай тыңдаған. Сондықтан да заңғар жазушы Абай туралы зерттеулерінде ұлы ақын мұрасын жинап, насихаттаушылар қатарында Ағашаяқ есімін құрметпен атаған. Атап қана қоймай, «Абай жолы» эпопеясында әнші бейнесін айшықты суреттеген. Сондай-ақ Ағашаяқ шығарған «Ағашаяқ» әнін Әміре Қашаубаевтың Семейдегі ойын-сауық кештерінде орындағанын Мұхтар Әуезов талай рет естіпті.
Ақын Қайнекей Жармағамбетов Әміренің өмірі мен өнері туралы жазған «Әнші азамат» повесінде әйгілі әнші шырқаған «Ағашаяқ» әні туралы айта келіп, оны тобықты Рақымберлінің туындысы дегендей ой айтады. Осы арада 1976 жылы 17 шілдедегі «Қазақ әдебиеті» газетінде Әмірені көзімен көрген Садық Қасимановтың «Әміре және «Ағашаяқ» атты мақаласы басылды. Автор сонда Ағашаяқтың қалай Рақымберлі болғанын баяндайды.
«Мұқыр тобықтыларымен көрші отырған Берікбол Малдыбаев дейтін бай болған. Ол Ағашаяқ-Берікбол екеуі әрі аттас, әрі құрдас екен. Бір жылы бай Берікболдың үйіне елге аты белгілі бір құдасы қонаққа келеді де, ойын-сауық көрсету үшін Берікбол бай Ағашаяқты алдырады. Ол ән-би өнерін көрсетумен қатар «Берікболдың төсегі» деген күлдіргі күй тартып, байды келемеж етеді (Берікбол бай сол жылы жас тоқал айттырып алған болатын). Бай Берікбол: «Ағашаяқ, сен екеуміз аттас болғанды да, құрдас болғанды да бұдан былай қоялық, мынау күйіңді құрт», деп Ағашаяққа бір семіз бие береді.
– Рақымың түскен екен, күйді ойнамаймын, биеңді алайын, бірақ осыған қоса менің Берікбол емес атыңды да өзің қойып бер, – дейді Ағашаяқ Берікбол.
– Олай болса, жаңа өз аузыңа түскен Рақымберлі болсын сенің атың, – депті бай Берікбол.
Ағашаяқ Берікболдың аты содан кейін кейде Рақымберлі болып аталып кеткен екен. Ал «Берікболдың тоқал алған күнгі төсегі» деген күлдіргі күйді қазір Абай ауданында тұратын Жұмақұлбай Базарбаев дейтін қарт шебер орындап жүр».
Садық Қасиманов ақсақалдың айтуынша, Әміре «Ағашаяқ» әнін Берікболдың өзінен үйренген. Кейін Әміреден Жүсіпбек Елебеков пен Манарбек Ержанов үйренген. Жүсекеңнен Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов секілді талантты шәкірттері іліп әкеткен. Осылайша бұл туынды ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазіргі дәстүрлі өнердің алдын бермей жүрген әншілердің сүйікті әніне айналды.