Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебінің қос корпусы да қаусап тұр. Ғимараттың бірі 1937 жылы салынса, екіншісі 1960 жылы бой көтеріпті. Қырық жылда қазан жаңарғанымен, Риддердегі қазақ мектебі жаңармаған. Кеңес өкіметінен қалған көне ғимараттарда Жаңа Қазақстанның балалары білім алып жатыр. Мәселенің мән-жайын білмек ниетте «Шаңырақ» көпсалалы мектеп гимназиясына барып қайттық.
Батыс Алтайдың аядай қаласына табанымыз тие сала жергілікті жұрт тіл мәселесін алға тартты. Сөздерінен ұққанымыз, оқушыларға арналған үйірмелердің барлығы дерлік орыс тілінде. Қаланың орталығында тұрған төрт бірдей балабақша да орысша тәрбие береді екен. Ал қазақ балабақшаларының бәрі шет жақтарда деседі. Бұл да – үлкен мәселе. Бірақ біздің бағытымыз – қаладағы қарашаңырақтай болып кеткен «Шаңырақ» мектебі. Мектептің қос корпусы да ертеректе бой көтергені көзге ұрып тұр. Ескірген екі ғимарат та өткен ғасырдан сыр шертеді. Жоғары сыныптар оқитын сұп-сұр мектептің маңдайшасындағы кеңестік кездегі өрнекпен көмкерілген «учиться и учиться» деген ескі ұранға ұрлана қарадық. Ауланың сырт жағындағы Кировтың мүсінін көріп, тағы бас шайқаған едік. Тым болмағанда ұлттық нақыш, қазақы белгі көзге ілінбеді. Көргеніміз, әбден тозған мектеп ғимаратының қабырғасы, іргесі қақырап кеткен кіші спорт зал... Иә, мектепке жапсыра салған шағын залдың кірпіші қопарылып, үңірейіп жатыр. Қар басқан шатыры міне-міне опырылып ортасына түсердей. Қаусаған ғимаратта қазақ мектебінің оқушылары қашанғы оқиды?! Ата-аналар мен мектеп ұстаздарын осы сұрақ көптен бері мазалап жүр.
– Мектептің екі корпусы – жолдың екі жағында. Оқушылар жолды қиып өтеді. Шұбырған көлік. Кішкентай мектепте асхана да жоқ. Тамақты үлкен корпустан алып келгенше, суып қалады. Әне, 600 балаға арналған жаңа мектеп салынды. Соны қазақ мектебіне бере ме деп едік, жоқ. Аралас мектеп ретінде берілді, – дейді қала тұрғыны Бақытжан Бершінбеков.
Ата-аналардың сөзінен байқағанымыз, балаларын аралас мектепке бергісі жоқ. Себебі орысша шүлдірлеп кетеді дегенді алға тартады. Екіншіден, жаңадан бой көтерген ол мектеп – қаланың шет жағында. Балаларды апарып, алып қайту қиын. Ал «Шаңырақ» мектебі қаланың қақ ортасында тұр. Мектептің ескі дегені болмаса, тұрған орны көпшілікке ыңғайлы. Дегенмен қазақ балалары үшін жаңа мектептің жоқтығы жандарына батады.
– Балаларым осы мектепте оқыды. Қазір немерелерім білім алып жүр. Жиырма жыл бұрын қазақтар көбейе бастаған соң «Шаңырақ» мектебін Сәуле Мәдиқызы ашқызған. Ол заманда жаңа мектеп ашуға жағдай жоқ еді. Қазір заман өзгерді. Есімде, «қазақ мектебінің құрылысына жер бөлінсін» деген қаулы да шыққан, – дейді риддерлік Мадияр Кеналиев.
Жоғары сыныптар оқитын корпустың іші-сыртын түгел араладық. Кіреберісте оқушылардың жетістіктерін айшықтайтын кубоктер, мақтау қағаздары тізіліп тұр. Яғни мектеп оқушыларының үлгерімі жақсы. Спорттық жарыстарға да жүйелі түрде қатысып тұрады. Өкініштісі, жарыс жолында жүлде алып жүргендердің жаттығуы жертөледен басталарын кім білсін?! Иә-иә, денешынықтыру сабағында киім ауыстыруға арналған бөлме – жертөледе. Цивилизациядан алыс. Бұл тығырықтан шығу үшін мектеп басшылығы қол қусырып отырған жоқ па? Мектеп директоры міндетін атқарушы Әсем Дүсіпованы да сөзге тарттық.
– «Шаңырақ» мектеп гимназиясында барлығы 508 оқушы оқып жатыр. Мектебіміз жылдағы техникалық қабылдаудан өтіп отыр. Тамызда мекеме жаңа оқу жылына толықтай дайын болды. Егер мектеп апаттық жағдайда болса, жұмысымызды жалғастыруға рұқсат бермес еді. Ғимараты ескі болғанымен, іші жылы, – дейді директор міндетін атқарушы Әсем Арғыншақызы.
Кім су ішіп отырған құдығына түкіргісі келеді? Мектеп басшылығы мектептің сұлуынан жылуы дегендей, жетістіктерін айтқысы келді. Әрине, түсінеміз. Бар мәселені ашып айтса, жоғарыдан соңына шам алып түсуі әбден мүмкін. Басшылардың әдеті емес пе? Проблеманы шешудің орнына шындықты айтқандарды жазалауға, жұмыстан аластауға тырысады. Сондайға зәтте болып қалған ұстаздар бұл жолы да ойларын ашық айта алмады. Іштен тынды. Ашық айтпағанмен, қай мұғалім жаңа мектептің дәлізінде тықылдата басып кетіп бара жатқысы келмесін?
Хош! «Шаңырақ» мектебінің мәселесін журналистер, блогерлер жан-жақты көтеріп жатыр. «Жаңа мектеп керек» деп шуладық, ұрандадық. Нәтиже шықса, қане? Жаңа қазақ мектебі салына ма? Сырғытпа емес, нақты жауап іздеп, ШҚО білім басқармасының басшысы Чернышева Инесса Александровнаға хабарласқанбыз.
– «Шаңырақ» мектебінің жөндеуіне қоғамдық мәселе тумай тұрып-ақ, 60 млн теңге бөлінген. Ол – баланста тұрған ақша. Кестеге сай жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал мектептің екі ғимараты да апаттық жағдайда емес. Апаттық жағдайда тұрғаны – жапсыра салынған шағын спорт залы ғана. Оның негізгі ғимаратқа қатысы жоқ. Білім алуға да зиянын тигізбейді. Екі ғимарат та – типтік мектеп. Жөндеу жұмыстары жүргізілген. Білесіздер, жаңа 600 орындық аралас мектеп ашылды. Қазақ мектебінің ата-аналарына жаңа мектепке ауыссын деп ұсыныс айтқанбыз. Бірақ ата-аналар ескі мектепте қаламыз деп шешті. Қазіргі таңда жаңа аралас мектепте 301 бала білім алып жатыр. Орын жеткілікті, – дейді Инесса Александровна.
Айтқандай, республикалық жоба бойынша 2023 жылы Риддерде тағы бір мектептің құрылысы басталады. Ол үшін жер телімі белгіленіпті. Білім басқармасының айтуынша, жерді мүмкіндігінше орталыққа жақындатуға тырысқан. Көп тілегі көл болып, биыл жаңа мектеп құрылысы басталса, көп ұзамай «Шаңырақ» мектебінің мәселесі түбегейлі шешіледі деп үміттенейік. Негізі көтерілген бұл тақырыптың соңы сиырқұйымшақтанып кетпеуі үшін Оқу-ағарту министрлігі де назарына алып бақылауда ұстаса, артық болмас еді. Әйтпесе, уәде күйінде қалған мәселелер аз емес.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы