Керекудегі электр тарату компаниясының мыңнан аса қызметкері еңбекақыларын екі есеге көтеруді талап етіп отыр. Қазіргі күні ел өңірлерінде өміршең етілуі жоспарланған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасында саладағы еңбекақыны өсіру көзделгені мәлім. Алайда бұл бағдарламаның біздің әлеуметтік жағдайымызға онша-мұнша әсері болмайды деп санайды энергетика саласының өкілдері.
Жуықта «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Бағдат Оралдың атына «Павлодар Электржелілік Тарату Компаниясы» (ПЭТК) АҚ-ның қызметкерлері ұжымдық хат жолдады. Хатта компания мамандары 2021 жылғы ұжымдық хатта келтірілген талаптардың ішінара орындалғанына, мәселен, еңбеккерлердің еңбекақысы 25 пайызға дейін өскеніне ризашылығын білдірген. Алайда былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кейбір салалардағы қызметкерлердің жалақылары 30 пайызға ұлғайтылғанда «ПЭТК» кәсіпорны елеусіз қалып қойыпты.
«2022 жылы Қазақстан Республикасындағы ресми инфляция деңгейі 18,8%-ды, ал азық-түлік тауарлары бағасының қымбатшылығы 23,1%-ды құрады. Осы факторларды есепке ала отырып, «ПЭТК» АҚ қызметкерлерінің еңбекақысы Павлодар облысындағы өзге өнеркәсіптік кәсіпорындардағыдан айтарлықтай төмен екенін айтқымыз келеді», делінген ұжымдық хатта.
Жалақының аздығынан компанияның өндірістік бөлімшелерінде кадрлар жетіспеушілігі тұрақты тенденцияға айналып, білікті мамандар жалақысы жоғары өзге кәсіпорындарға ауысып кеткен.
«Біздің көптеген әріптесіміз еңбекақысы неғұрлым жоғары жұмыс орындарын белсенді түрде іздеп жатыр. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі, әсіресе Павлодар мен Ақсу қалаларындағы электр желілеріне қызмет көрсететін бөлімшелерде, инженерлік-техникалық қызметкерлер арасында байқалады. Бұл кәсіпорындар облыстағы мемлекеттік мекемелерді, өндірістік кәсіпорындарды, тұрғын үйлер мен қалалардың инфрақұрылымын электр қуатымен қамтып отырғанын айтуымыз керек. Жұмыстан өз еркімен кетіп жатқан әріптестеріміздің міндетін жанталасып өзге қызметкерлерге жүктейді. Оның салдарынан мамандардың жүктемесі күрт көбейген. Ал қосымша міндетті атқарып жүргені үшін төлемақы небәрі 10 пайызды құрайды әрі ол 3 айға дейін ғана төленеді. Осының барлығы компания қызметкерлері арасында әлеуметтік алаңдаушылықты тудырып отыр», дейді қызметкерлер.
Жағдайдың одан әрі күрделенбеуі үшін ұжым қызметкерлері еңбекақыны 100 пайыз көлемінде өсіруді сұрап отыр. Бұл хатқа компаниядан 1 123 адам қол қойған.
Атап өту керек, «ПЭТК» «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ-ға бағынышты. Компанияның негізгі қызметі – Павлодар облысының 11 аймағында, Павлодар және Ақсу қалаларында электр қуатын беру және бөлу. Электр желілері «KEGOC» АҚ арқылы Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесіне және Ресейдің желілеріне қосылған. Бұл компанияға Павлодардағы №1, 2 және №3 жылу-энерго орталықтары электр қуатын жеткізеді. ПЭТК-тен тарайтын электр жарығына 5 мыңнан аса кәсіпорын тәуелді. Кәсіпорын балансында 15 мың шақырымға жуық әуе арқылы тартылған желілер және 811 шақырым кабельдік желілер бар.
2020 жылғы дерек бойынша мұнда 1 878 адам жұмыс істеген. Қазіргі күні қызметкерлер саны шамамен 1 500-ге жуық делінеді. Алайда бос тұрған жұмыс орындарының саны тым көп. Компания бойынша еңбекақының орташа мөлшері – 130 мың теңге.
– Менің жолдасым «Павлодарэнерго» АҚ-да, өзім «ПЭТК» компаниясында істеймін. Еңбекақым өте аз, барлық алым-салықты алып қалғанда қолыма 110 мың теңгедей тиеді. Жолдасымның алатын еңбекақысы да менікімен деңгейлес. Банк алдында несиелеріміз, ипотекамыз бар. Бұл компанияларда он жылдан аса уақыт қызмет етіп келеміз. Өңірдің энергетика жүйесіне жауапты мекемелерде жалақы аз десек, адамдар бізге сенбейді. Қыстың суығы, жаздың ыстығы демейміз, тұрғындарға электр қуаты тұрақты түрде қолжетімді болуы үшін үзіліссіз жұмыс істейміз. Кейінгі уақытта мұндағы еңбек жағдайы адам төзгісіз болып барады. Мамандар жетіспейді, әріптестеріміздің көбі жалақысы жоғары кәсіпорындарға кетіп қалған. Соның салдарын біз тартып, азғана ақшаға өз жұмысымызбен қатар қосымша міндеттерді атқарамыз. Қазіргі қымбатшылық кезеңде біздің еңбекақымыз кемінде 300 мың теңге болуға тиіс деп ойлаймын. Лайықты еңбекке лайықты еңбекақы болуы керек, – дейді Наталья есімді қызметкер.
Жалпы, еңбекақының аздығы – тек «ПЭТК» АҚ-ға ғана емес, өңірдегі энергия тарату компанияларына ортақ мәселе. Жылу-энерго орталықтары мен «Павлодарэнерго» компаниясының аймақтардағы бағынышты кәсіпорындарында қазір өте күрделі ахуал қалыптасып отыр. Мәселен, Екібастұздағы «Горэлектросеть» ЖШС-да тарифке салынатын инвестицияда қызметкерлердің еңбекақысы небәрі 82 мың теңге деп көрсетілген. Бұған дейін Екібастұздағы жылу-энерго орталығында да қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы нашар екенін жазған едік. Өндіріс зияндылығы үшін берілетін кәдімгі сүттің өзін кейінгі уақытта кәсіпорындар тыйып тастаған. Құбыр қаптаушы Райгүл Умиева еңбек етуге жағдай жасалмағанына, еңбекақының төмендігіне шағынған. Тағы бір жұмыскер жұмыс орнының ластығын, шаң-тозаң жұтып әзер тыныстайтындарын айтты. Жеке қорғаныш құралдарын көруден қалған. Амалдың жоқтығынан пайдаланылған құралдарды жуып, қайта киеді екен. Ендеше, бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев бұл мәселені Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатын енгізу арқылы реттеуге болатынын айтады. Әу баста 2023-2026 жылдары монополистердің инвестициялық бағдарламаларына 39 млрд теңге құйылады деп жоспарланған болса, енді бұл соманы 68 миллиардқа дейін жеткізу көзделген.
– Жаңа тарифтік саясат үш бағытта өрбиді. Әуелі табиғи монополиялар субъектілерінде желілер мен жабдықтарды күрделі жөндеуге және жаңартуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту, содан соң коммуналдық саладағы қызметкерлердің орташа айлық еңбекақысын көтеру көзделген. Бұл жағдай саладан толассыз кетіп жатқан білікті кадрларды ұстап қалуға мүмкіндік береді. Соңғысы монополистердің иесіз тұрған желілерді өз қарауына алып, тарифтерге өзгеріс енгізуі қарастырылып отыр. Қазіргі күні өңірдегі коммуналдық желілердің тозу көрсеткіші орташа алғанда 68 пайызды құрайды. Жылумен қамтуда ол 76 пайызға жеткен. Бұған қоса Павлодардағы жылу құбырларының – 82, Екібастұзда – 93, Ақсуда 64 пайызы тозып тұр. Ал электрмен қамту саласындағы тозу – 55, сумен қамтуда – 64, қалдық суды жіберу желілерінде 56 пайызды құрайтыны белгілі болды. 2029 жылға дейін желілердің тозу көрсеткішін кемінде 15 пайызға азайту жоспарланып отыр. Бұл үшін коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен көтеріледі, – дейді басқарма басшысы.
Тарифтер 2023 жылдың екінші жартысынан көтеріле бастайды деп күтілуде. Әзірге нақты қанша пайызға артатыны туралы ақпарат жоқ, өсім инфрақұрылымдардың тозуы мен монополистердің өтінімдеріне сәйкес белгіленбек.
Бұл саясаттың нәтижесінде, саладағы еңбекақы біртіндеп өсіп, кадрлар тапшылығы жойыла ма деген үміт зор. Тек биыл өңірдегі табиғи монополиялар саласында 6 мың адамның еңбекақысы осы жобаның есебінен ұлғаяды деп күтіліп отыр.
Дейтұрғанмен, «ПЭТК» компаниясының қызметкерлері бұл жобаның еңбекақыны өсіруге деген үлесі аз деп санайды. Себебі ол негізінен тозған желілердің көрсеткішін төмендетуге бағытталған. Жалақы там-тұмдап қана көтерілер болса, салмағы зіл батпан инфляция оны мүлде сездірмей қалуы ғажап емес. Сондықтан еңбекақы көлемі алдағы күтіп тұрғанды инфляцияны былай қойғанда, былтырғы құнсыздануды қуып жетіп, одан едәуір жоғары мөлшерде ұлғаюы керек дейді энергетиктер.
Павлодар облысы