• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қаңтар, 2023

Арқаның жері де құт, елі де құт

304 рет
көрсетілді

Әдетте «Ауылына қарап, азаматын таны» деп жатамыз. Осы бір нақылды ауылдық жерлерде жайқалып, гүлденіп отырған шаруашылықтарға да қатысты қолдансақ та, артық болмас. Қазақтың алтын бесігіндегі ежелден жалғасқан ауылшаруашылық саласын заманға сай жаңғыртып, айналасына еңбегімен құрметті жандар арамызда баршылық.

Павлодар ауданының Григорьевка ауылдық округінде «Жаңа қала» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бұл – Қазақстандағы тәуелсіздік жылдары алғаш құрылған шаруашылықтардың бірі. «Жаңа қала» сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау мен жаңа замандағы дамудың барлық кезе­ңін өткерген, талай теперішті көр­ген ша­руашылық. Осы серіктестіктің оты мен суына түсіп, іргетасы алғаш құрыл­ған сәттен бастап еңбек етіп келе жатқан Ермек Асайыновтың еселі еңбегін мұн­дағылар айрықша құрмет тұрады.

Ермек Төлеуұлы – бүгінде тұтас ша­руа­шылықтың үйлестірушісі. Серіктес­тік басшысы Ардақ Тұрлы­баев іргелі ауылшаруашылық құрылымын­дағы жұмысты оның қатысуынсыз елестете алмайтынын жеткізді. Қазір мұнда 40-қа жуық адам еңбек етеді. Заманға сай жабдықталған тауарлы сүт фермаларында күніне 800 сиыр сауылып отырған жайы бар. Ал иелігіндегі 10 мың гектар жердің 5 мың гектарында жыл сайын мал азығы, қалған бөлігіне дәнді дақыл өсіріледі.

– Ермек аға біздің шаруашылықта 25 жылға жуық уақыт еңбек етіп келе­ді. Ширек ғасырлық кезең ішінде ша­руа­шылықты басқарудың, ондағы жұ­мыс­ты қалай үйлестірудің жөн-жо­сы­ғын толықтай меңгеріп, еңбек өнім­ділі­гін көтеруге бастамашы болды. Бұл іске айналасындағы азаматтар­ды жұмыл­дырып, бір тыным таппай­ды. Ұзақ жылдар егін және мал шаруашылықтарындағы мәселелерді шешумен шұғылданды. Ағамыз әлі күнге аттан түскен жоқ. Қиын кезеңдерде тәжірибеміз жетпей жатқанда қолдап, барлық білгенімен бөлісіп тұрады. Ұжым­дағы жұмыскер­лер оны айрықша құрметтейді. Әр­дайым сабырлы қалпы, кез келген іске кәсіби тұрғыдан әрекет ететіні жас жұмыс­керлерді ғана емес, аға ұрпақтың өзін тәнті етеді, – дейді «Жаңа қала» шаруа­шылығының басшысы.

Кеңес одағы ыдыраған соң өзге ұлт­­тар­дың көбі өздерінің тарихи ота­нына көшіп кетті. Тоқсаныншы жыл­дар­дың басында бұл жерде еңбек істей­тін адам табу қиындады. Себебі әрбір ай сайын адамдар, әсіресе неміс ұлтының өкілдері жиі көшіп жатты. Жекешелендіру толқынынан өткен жергілікті азаматтар бас құрап, алғашқы шаруашылықтарын жолға қоя бастаған. Сол тұстағы кеңшарлар ыдырамай тұр­ған­да еңбек жолын механизатор болып бастаған Ермек Төлеуұлы «Жаңа қала» шаруашылығы құрылғанда оған алғашқылардың бірі болып жұмысқа тұрды. Бұл серіктестіктің іргетасы сонау 1998 жылы қаланған.  Ша­руашылықты аяққа тұрғызу үшін өзге азаматтармен бірге күні-түні дамыл таппады. Кеңестік жүйеден қалған шаруа­шылық негізін сақтай отырып, оны одан әрі дамытып, ауқымын кеңейтуге атсалысты. Серіктестік басшылығымен қолдағы 150 бас қара малдың санын көбейтіп, сауын сиырлардың фермасын құру туралы мақсат қойыл­ған-тұғын. Бұл үшін мол мал азығы қорын жасақ­тау қажет еді. Алайда ескі техника егін шаруашылығымен толық айналысуға мүм­кіндік бермеді. Ауылшаруашылық агрегат­тары жиі-жиі істен шығып, бірде тұқым, енді бірде жанар-жағармай жетпей қалатын. Осыншама қиындықтар­ды жанындағы жұмыскерлермен бірге өткере жүріп, шаруашылық басқарушы­лары тәжірибе жинақтады. Сөйтіп, арада 10-15 жыл өткенде жақын маңдағы қала тұрғындарын азық-түлікпен қамту әлеуеті жоғары іргелі серіктестік пайда болды.

– Ерекең екеуміз – үзеңгілес жандармыз. «Жаңа қала» алғаш құрыл­ған сәттен бастап осында еңбек етіп келеміз. Алғашқы жылдардың мехнаты, қиындығы көп болды. Ескі техника, тозып тұрған қоражай, тұқым жетіспеушілігі тығырыққа тірей беретін. Жарық жиі өшіп, фермадағы сиыр­ларды қолмен саууға мәжбүр бол­дық. Ермек секілді еңбексүйгіш аза­мат­тардың арқасында жылдар өте шаруа­шы­лығымыз өркендеп, дамуға бет бұрды. Бүгінде мұнда 2 мыңның үстінде симментал тұқымды қара мал өсіріледі. Тауарлы сүт фермаларында бір демде 800 бас сиыр сауылады. Аймақтағы сүт өңдеуші зауыттарды шикізатпен қамтуда бізге үлкен маңыз беріліп отыр, – деп әңгімеледі шаруашылықтағы әкімгер  Самат Сәрсенбаев.

Негізі бұл серіктестікті кезінде аға­йын­ды Қайрат және Марат Тұрлыбаев­тар бірлесіп құрған еді. Еңбек адамдары­ның басын құрау, шаруашылықтағы еңбек өнімділігін өсіруде іскер азаматтар көбіне Ермек Төлеуұлының көмегіне сүйенді. Себебі серіктестік егін және мал шаруашылығымен айналысатындықтан қос саланы қатар алып жүру оңай дү­ние емес. Егін салу мен малдың азық қорын дайындау, тауарлы сүт ферма­сын­дағы күнделікті мәселелерді шешу, жұмыс­керлердің жағдайын ойластыру үшін басқарушының білікті болғаны маңызды.

Ермек Асайыновпен тілдескенімізде қарапайымдылығына тәнті болдық. Бүгінде жасы алпыстан асқан еңбекқор жан өзі жайында әңгімелегенді  ұнатпай­тынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы туралы білгендерімен бөлісіп, саладағы мәселелер жөнінде ой бөлісті. Әсіресе жастардың кейінгі жылдары ауыл десе ат-тонын ала қашатынына, ауылдық жер­лердегі «Жаңа қала» сынды шаруа­шы­лықтарда жұмыс істейтіндердің дені бүгінде 50-60 жастан асқан жігіт ағасы екеніне қынжылыс танытты. Шаруа­шылық жыл сайын жаңадан бас­паналар салып, еңбекақыны көтеріп, ауыл­да жайлы жағдай тудыруға талпынып жат­қанына қарамастан, жас мамандар мұнда аттап басқысы жоқ. Қазіргі уақытта фер­маға мал өсірушілер, бақташылар, сауын­шы­лар, мал дәрігерлері ауадай қажет.

– Арқаның жері де құт, елі де құт. Бабын тапқан адамға ата-бабамыздың ама­нат­тап қалдырған ұлан-ғайыр жерін­де айналысатын кәсіп те, жұмыс та жет­кілікті. Жылдар бойы жиған тәжірибемізді жастар буынына үйретіп кеткіміз-ақ келеді. Алайда жаңа заманның ұрпақтары агрокешенге жуымайтыны өкінішті. Кезінде егін жинау уақытында демалыс дегенді білмей, астықтың соңғы дақылы қамбаға құйылмайынша тыным таппайтынбыз. Қазір қарасақ, күзгі науқанда жұмыс істеуге келетін бірен-саран жас­тар жексенбі күні демалысқа сұранып тұрады. Бұл ата-аналардың балаларына еңбек тәрбиесін дұрыс сіңіре алмауынан деп ойлаймын. Балалық шағымызда ұстаздарымызды сыйлайтынбыз, тәр­биеміз мықты болатын, үлкендер еңбек­ке ерте баулып, пайдалы жұмысқа тартты. Одан жаман болған жоқпыз. Осын­­дай қадамдар бүгінгі мектепте басталуға тиіс қой. Мені осы жағдай ерекше қамық­тырады, – дейді кейіпкеріміз.

Ермек Төлеуұлы мемлекет бүгінде шаруа баққан ағайынға барлық мүмкіндік­ті жасап отырғанын айтты. Жыл са­йын төленетін миллиондаған субсидия, лизингке берілетін заманға сай ауыл­шаруашылық техникалары дамимыз, өсеміз дегендерге барлық мүмкіндіктің кілтін ұстатып отырғаны хақ. Тек осыны қабылдап, алға жылжытатын адами капиталдың жетіспейтіні қынжылтады.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы,

Григорьевка ауылдық округі