Ауылды айтасыз, Астананың кейбір аудандарында интернет байланысы нашар. Әсіресе қаланың шеткері аумағында тұратындар осы бір мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Сондықтан әкімдік жағдайды реттеу үшін жүйелі жұмыс жүргізуге мүдделі.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елорда тұрғындары тарапынан интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты шағымдар түсіп жатыр.
– Қаламызда мұндай проблемалар бары жасырын емес. Негізінен құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандар мен елді мекендерде кездеседі. Сол сияқты интернет құрылыс қарқынына ілесе алмайтын сәттер де болып тұрады. Бұл мәселеде құрылыс компаниялары байланыс құрылысын қоса ескеруін, ал байланыс операторлары мен өзге де жауапты органдар құрылыстың жоспарына қатысуын қарастырамыз. Осындай өзекті мәселелерді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен, «Қазақтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеевпен, ұялы байланыс операторларының өкілдерімен бірлесе талқыладық. Қалада интернеттің сапасын жақсарту үшін бірнеше механизмді қолданамыз. Олар – оптикалық байланыс желілерін, антенна-діңгек құрылысын, FWA (Fixed Wireless Access) технологиясы бойынша базалық стансаларды орнату. Бұл жұмысқа инвесторларды да жұмылдырамыз, – дейді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар жарықтандыру және электр желісінің тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталған. Бұл елді мекендердегі интернет сапасын едәуір жақсартады. Көктал-1, Агроқалашық, Интернациональный, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Телман, Мичурин, Қазқалашық, Кирпичный елді мекендерінде оптикалық байланыс желілерін салу жұмысы жүріп жатыр, тағы 3 елді мекен бойынша инвесторлар тартылмақ.
– Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Қала күннен күнге өсіп жатыр, ал елорда тұрғындары жыл сайын 50-60 мың адамға артып келеді. Қолда бар инфрақұрылымға мән беріп қана қоймай, болашақты ойлап, алдын ала дамыту қажет. Сол себепті алдымызда мұндай проблемалар санын азайту әрі құрылыс кезеңінде байланыс құрылымдарын қоса салу міндеті тұр, – дейді шаһар басшысы.
Астана қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбековтің айтуынша, елордада 16 елді мекен бар. Олардың бесеуі – Теміржолшылар, Заречный, Пригородный, Үркер, Көктал-1 жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Тағы 9 елді мекенде оптикалық байланыс желілерінің құрылысы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қоянды, Күйгенжар және Өндіріс елді мекендеріне инвестор тартылуда. Қалаға жұмылдырылған инвестициялардың жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды.
Мысалы, Сарыарқа ауданында «Қазақ үй байланыстары» ЖШС Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындары үшін интернет желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Көктал-2-де 16 шақырым көше кабелі тартылды. Мұнда алғашқы абоненттер өткен жылдың қараша айында қосылды. Көктал-1-ге 7 шақырымнан астам кабель тартылды. Абоненттерді 2023 жылдың наурызына дейін қосу жоспарланған.
– Көктал-2 шағын ауданының алғашқы абоненттері интернетке қосылды. Тұрғындарға талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы жоғары жылдамдықты интернет және сандық теледидар қызметтері ұсынылады. Заманауи GPON технологиясы жарықтандыру бағаналары мен электр желілері арқылы өтеді. Баршын, Құланөтпес, Саумалкөл, Айдарлы, Ақмола, Ұлытау және басқа да көшелердегі 200 үй қосылуға дайын, – деп нақтылады басқарма басшысы.
Есіл ауданының Үркер, Телман елді мекендерінде бұл жұмысты «Synergy Telecom» ЖШС жүргізеді. Мәселен, бүгінде Үркерде 20 шақырым көше кабелі тартылды. 50 абонент қосылды, 70 өтінім бойынша жұмыс жүріп жатыр.
– «Қазақтелекоммен» бірлесіп Үркер елді мекенінде 290-нан астам үйді қамтитын көшелерде микротүтікшелерді пайдалана отырып желілер салу жұмысы жүргізілді. Бұл Малайсары батыр, Таукент, Ер Төстік, Мәди, Мұрын жырау, Омба, Сырым батыр, Бойтұмар, Жасыбай, Смағұл Сәдуақасұлы көшелерін қамтиды, – деді ол.
Сонымен қатар «Астана-АЭК» АҚ-мен бірлесіп инвесторларды толық қаржыландыру есебінен елорданың елді мекендерінде электр тарату және жарықтандыру тіректері бойынша оптикалық байланыс желілерін жүргізу мәселесі пысықталған.