Биылғы қыстың қабағы алдағы көктемде су тасқыны қаупінің жоғары болатынын аңғартып тұрғандай. «Қазгидромет» мекемесінің дерегіне сүйенсек, қазірдің өзінде қар жамылғысы былтырға қарағанда анағұрлым артық. Топырақтың тоң болып қатуы да өткен қыстағыдан 38 пайызға жоғары. Наурыз айында ауа температурасы күрт көтерілсе, бірқатар елді мекендер мен автокөлік жолдары еріген қар суының астында қалуы мүмкін.
Ауа райын болжаушылар алдағы ақпан айында қар жиі жауып, боранды күндер көп болатынын айтады. Елді мекендер айналасына ақ ұлпа молынан түссе, оның соңы жақсылыққа апармайтыны анық. Оның үстіне көршілес Қарағанды облысында да биыл қардың қалыңдығы анағұрлым көп. Көктемде Сілеті су қоймасынан, Ақжар мен Қаратоқа су бөгеттерінен ағып келетін тасқынның екпіні қатты болса, жолай ауылдарды су басуы ықтимал. Ақтоғай және Баянауыл аудандарының халқы бұл мәселеге айрықша алаңдап отыр. Қазіргі болжам бойынша, Ақтоғайдың 4, Баянауылдың 17 елді мекенін су басуы ықтимал.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің сөзіне қарағанда, биылғы қыс басынан бері жауған қардың нормасы өткен жылға қарағанда 21 пайызға артық. Кейінгі 5 жылдағы жағдайдың талдауларын ескерсек, алдағы уақытта жер жағдайы бойынша төмен орналасқан елді мекендер су астында қалуы мүмкін. Сондықтан Ақтоғай мен Баянауыл аудандарының әкімдері, жауапты органдар дайындық жұмыстарына шұғыл кірісуі керек деп санайды ол.
– Көктемде қиындық тудыратын аудан-ауылдарды жуықта өзге органдардың өкілдерімен бірге аралап, біраз кемшіліктерді байқадық. Шеткері орналасқан елді мекендерді қардан тазалау жұмыстары мүлде жүргізілмейді немесе жеткілікті деңгейде жүзеге аспайтынын көзіміз көрді. Бұл немқұрайдылық жазғытұрым судың ой жерлерге уақытында ағып кетуіне кедергі тудыратыны анық, – дейді департамент жетекшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы берген соңғы мәліметте Железин, Тереңкөл, Баянауыл, Павлодар, Ертіс, Успен, Аққулы және Шарбақты аудандарында қар шығару жұмыстары тіпті қолға алынбаған делінеді. Бұдан басқа өңірлерде су айдағыш мотопомпалардың жағдайы алдын ала тексерілмейтіні, мемлекеттік материалдық резерв комитетінен броньнан шығарылған арнайы техникалардың күтілмейтіні анықталып отыр. Мәселен, Ақтоғай ауданындағы автогрейдер мен Баянауылдағы бульдозер ашық далада қаңтарылып тұр. Олар жылы ғимараттарға енгізілуі керек. Мұндай жауапсыздық техникалардың тез тозуына соқтырады.
Былтыр наурыз айының соңында Павлодар ауданының Рождественка ауылындағы бір үйді, Май ауданы Көктөбе ауылындағы 7 үйдің ауласын су басқан еді. Алайда бұл жағдай жергілікті әкімдерге сабақ болмаған тәрізді. Апатты жағдайлардан кейін ауылдар ішіндегі кейбір тұстарға су өткізетін құбырлар төсеу туралы шешім шығарылған екен. Алайда ол шаруа әлі күнге атқарылмаған. 2022 жылы Павлодар ауданының Даниловка елді мекеніндегі бір үйді су басу қаупі туындағаны да есімізде. Аудан билігі аталған баспананың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ала жаздай еш шара қолданбаған.
Май ауданының басшысы Ағыбай Әмірин Көктөбе ауылының Абылайхан көшесі бойында 2021 жылы жол салынғанда мердігер компания су құбырларын төсеуді ұмыт қалдырғанын айтады. Былтырғы жағдай – соның салдары. Әкімдік мердігерді сотқа беріп, сот оның әділ шешімін желтоқсан айында ғана шығарыпты. Соған орай құбыр өткізу биылға қалдырылды. Ауданда бұл ғана емес, Қаратерек ауылында да мәселе бар. Ертіс өзенінің ауыл тұсындағы арнасы жыл өткен сайын 25-30 сантиметрге кеңейіп, жағалауда тұрған үйлерге қауіп төндіріп тұр. Бір үй өзенге небәрі 30 метр жерде орналасыпты. Билік өкілдері үй иелеріне өзге баспанаға қоныс аудару туралы ұсыныс жасаған екен, әзірге отбасы көнбей отыр. «Бұл жердегі шешім біреу ғана. Ертіс өзенінің дәл осы тұстағы арнасының түбі уақтылы тазаланбауы себебінен құм жиналып қалған. Көктемде қар еріп, мұз жүргенде су арнаға сыймай жағалауды шайып кетіп жатыр. Сондықтан өзен түбі тазалануы керек», дейді аудан басшысы А.Әмірин.
2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны кезеңіне қарсы өңірлік іс-шаралардың Жол картасында көзделген көптеген жұмыс уақтылы іске аспай отыр. Соның ішінде баянауылдық жұрттың ашу-ызасын тудырып отырған «Қалқаман-Баянауыл» бағытындағы тасжолдың 101-105 шақырымы аралығындағы 2 бірдей көпірдің құрылыс мәселесі бар. Көктемде Ащысу өзені тасығанда республикалық жолдың Бірлік пен Ақмектеп ауылдары тұсындағы учаскелерін су шайып, көлік қатынасында қиындық туындайды. Абырой болғанда бұған дейін Бірлік ауылы маңындағы үлкен көпір жаңартылып, ағып келген судың жолын бөгейтін арнайы құрылыстар салынды. Ендігі мәселе жоғарыда айтқан жол учаскесінде туындап тұр. Бұл аумақ жер жағдайы бойынша төмен орналасқан. Зор екпінмен келетін қызыл су бұрынғы жылдары асфальт жолдың астына салынған құбырлармен ағып үлгермей жолды жырып кететін. Ол жолды «ҚазАвтоЖол» мен облыс билігі жылдар бойы жамап-жасқағаннан басқа түк бітірмеді. Жергілікті жұрт айтып жүргендей, проблемалы учаске жемқорлар үшін қазынадан ақша ұрлаудың тірлігіне айналып кетті. Айтыла-айтыла жауыр болған мәселе бойынша кейіннен тиісті шешім шығарылып, 101-105 шақырым аралығына биіктетілген көпір салына бастаған еді. Алайда жаңа көпірдің құрылысын әлдекімдер әдейі бөгеп отырғандай әсер қалдырады. Міне, үшінші жылға кетті, «ҚазАвтоЖол» тапсырыс берген жоба әлі күнге толық аяқталған жоқ. Негізі жоспар бойынша ол былтыр тапсырылуы тиіс-тін.
«ҚазАвтоЖол» АҚ өңірлік филиалының басшысы Мақсат Асқаровтың сөзіне сүйенсек, алдыңғы мердігердің жауапсыздығынан жұмыстар толық тоқтап, компания былтыр қыркүйекте «ҚазГерСервис» ЖШС-мен құрылысты жалғастыру бойынша шарт жасасыпты. Құны 2 млрд 400 млн теңгеге бағаланған көпір жобасы осы жылдың қараша айында толық тапсырылады деп күтілуде. Сондықтан республикалық жолдың 104-105 шақырымына алдағы көктемде су тасқыны қауіп төндіруі әбден мүмкін деп санайды төтенше жағдай қызметінің мамандары.
Жасұлан Жұмашев осындай олқылықтардың салдарынан өңір тұрғындарын ықтимал су тасқыны мен еріген қар және жаңбыр суларынан қорғау деңгейінің көрсеткіштері 25-тен 12,5 пайызға дейін төмендеп кеткенін айтып қынжылды. Оның үстіне облыстық бюджет комиссиясы Ақтоғайдағы Шолақсор ауылына жыл сайын қауіп төндіретін Сілеті өзенінің түбін кеңейтіп, жағалауын бекітуге қаржы бөлуден екі мәрте бас тартқан. Комиссия былтыр мемлекеттік сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамасының жасалғанына да назар аудармапты. Бұдан басқа Екібастұз өңіріндегі Сәтбаев су арнасына қатысты да мәселе бар. Арнаның №4 су торабының №87 су бөгетіне уақтылы жөндеу жүргізілмесе, көктемде Шиқылдақ ауылы мен Шідерті кентіне су кіруі ғажап емес. Ол жерді бекіту бойынша жұмыстар кезінде «Гидроспецстрой» серіктестігіне сеніп тапсырылған екен. Алайда мердігер тапсырысты сапасыз орындап, қазіргі күні сот үдерісі жүріп жатыр.
Жалпы, аймақтың төтенше жағдай кезінде әрекет етуге деген дайындығы жаман емес көрінеді. Ықтимал жағдайларға 1 702 адам, 616 арнайы техника, 42 жүзу құралы, 201 мотопомпа бар. 27 мың данадан аса құм толтырылған қаптар, 6 мың тоннадан аса инертті материалдар, 65 тонна жанар-жағармай қорда сақтаулы. Шұғыл шаралар мен төтенше резервтер үшін 870 млн теңге қаражат қарастырылған.
Павлодар облысы