2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 14,7 трлн теңге болды. Жыл қорытындысында Ұлттық банк пен инвестициялық портфельді басқарушылар қамтамасыз еткен инвестициялық кіріс шамамен 914,4 млрд теңгені құрады. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 6,55 пайызға тең.
2022 жылы халықаралық институционалдық инвесторлардың көбі, оның ішінде зейнетақы қорлары активтерді басқарудың теріс нәтижелеріне ұрынып, әлемдегі жағымсыз макроэкономикалық ахуал салдарынан айтарлықтай шығынға ұшырады. Ал Ұлттық банк номиналды мәнде зейнетақы активтерінің оң кірістілігін көрсетті.
Бұған дейін сан мәрте айтылғандай, зейнетақы активтері ұзақмерзімді инвестициялық сипатқа ие. Сәйкесінше, инвестициялаудың негізгі мақсаттарының бірі – зейнетақы жинақтарының сақталуы және ұзақмерзімді кезеңде нақты табыс алу. Сондықтан кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін ұзақ мерзімде қарастырған жөн.
Ұзақмерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының оң сипаттағы нақты (жинақталған инфляциядан асатын) табыстылығы қамтамасыз етіледі. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізі қаланған 1998 жылдан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейінгі инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен бірге осы кезеңдегі инфляция 678,06 пайыз болған кезде 732,29 пайызды көрсетті.
Ұлттық банктің барлық зейнетақы активтерін БЖЗҚ-да шоғырландыру аяқталған 2014 жылдан бері қамтамасыз еткен табысы 6,9 трлн теңгені құрады.
Елдегі инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жарналарының міндетті түрлерінің сақталуына бірегей кепілдіктің қолданылатынын еске сала кетейік. Жекелеген кезеңдегі кірістіліктің төмендеуі салымшының төлем құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне әсер етсе де, айырмашылықты мемлекет өтейді. Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық екенін ұмытпайық. Әрбір салымшы enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе мобильді қосымша арқылы өзінің инвестициялық табысын тексере алады.