Солтүстік Қазақстан облысына «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 190 квота бөлінді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық перинаталдық орталықтың мәліметінше, қазірдің өзінде болашақ ата-аналарға сауалнама жүргізіліп, құжаттарын жинақтау жұмыстары жүріп жатыр. Қабылдауды бағдарлама үйлестірушісі, тәжірибесі мол репродуктолог Виктор Проценко жүргізеді.
- «Аңсаған сәби» бойынша облыстық перинаталдық орталық үшінші жыл жұмыс істеп тұр. Соңғы бір жылда экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы аясында 125 нәресте дүниеге келді, оның 16-сы - егіз. Қазіргі уақытта бедеулік мәселесі өте өткір. Облысымызда репродуктивті қызметі бұзылған 700-ден астам ерлі-зайыптылар есепте тұр», - делінген облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Кеше ғана Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өткен жылы экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің арқасында елімізде 1,5 мыңнан астам сәби дүниеге келгенін айтты. Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 7 мың квота бөлінеді.