Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада және бір дүркін әлем чемпионы дағыстандық балуан, авар ұлтының ұланы Мәулет Батыров «Кавказ балуандарының басты ерекшелегі қандай?» деген тілші сұрағына: «Біздің жігіттерде рух басым» деп бір ауыз сөзбен жауап берген екен. Соңғы кездері Мәулет балуанның жоғарыдағы бір ауыз сөзі көкейден кетпей қойғаны.
Жалпы, еліміз бойынша спортқа бөлінген қаржыны ұлттық құрама сапындағы спортшылар мен бапкерлерге шағып есептесек, тіпті Ресейден де озып кететін жағдайдамыз. Бірақ нәтиже шамалы.
Біздің қолымызға түскен нақты деректерге назар аударсақ: қазіргі таңда жекпе-жек спорт түрлері бойынша Ресей құрамасының 80 пайызы кавказдықтар, яғни тау халықтарының өкілдері. Еркін және грек-рим күресі бойынша әлемдегі ең мықты балуандар да осы өңірден, тіпті дені дағыстандықтар. Барлығы үш миллионнан астам тұрғыны бар, орыс жұртынан отыз есе аз дағыстандықтар қандай құдіретке ие!
Жекпе-жек спорт түрлері бойынша Ресейдің бірінші нөміріне ілінбей қалған дағыстандықтарды бұрынғы КСРО құрамынан шыққан Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Армения, Әзербайжан елдері таласып-тармасып сатып алады. Тіпті соңғы жылдары таулықтар Түркия, Македония, Грекия, Аустралия қатарлы елдер құрамасы сапынан да табылып жүр. Олар ғаламдық жарыстардан алтын болмаса да, күміс, қола жүлде алып, барған елін жарылқап жүр.
Рух азаттығы
Қош, сонымен... Үлкен спорттың ақшамен бағаланбайтын тұстары да бар сияқты. Егер көп ақша спортшыларды жетістікке жеткізетін болса, Қазақстан сияқты спортқа мол ақша бөліп отырған мемлекет аз. Жоғарыдағы дағыстандықтардың спортқа бөлетін қаржысы біздің бір облыстың спортқа бөлетін қаржысымен шамалас. Жалпы, еліміз бойынша спортқа бөлінген қаржыны ұлттық құрама сапындағы спортшылар мен бапкерлерге шағып есептесек, тіпті Ресейден де озып кететін жағдайдамыз. Бірақ нәтиже шамалы. Соның ішінде, қазақ баласының үлкен спортта жеткен биігін таулықтармен салыстырып бағамдап көрсеңіз, ұяттан жер сүзіп құлайсыз.
Әлде, біз дарынсыз, қуатсыз, әлсіз халықпыз ба? Егер әлсіз болсақ, ғаламда көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын мына дарқан далаға қалай ие болып келдік? Сөз жоқ, бабаларымыз батыр болған. Доспамбет жыраудың мына бір сөзіне назар салыңыздаршы:
«Айнала бұлақ басы – Тең,
Азаулының Ыстамбұлдан несі кем?
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
Азаулыда аға болған ерлер көп еді,
Әйтсе де аламанға ат байлағаны жоқ еді!
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес.
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тондырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!»
Бүй деп айтқан батыр-жырауы бар халық осал болмағы мүмкін емес! Рухсыз халықтан мұндай жыр тумайды. Дейтұрғанмен дәл қазіргі күйіміз неге көңіл көншітпейді? Абай атамыз айтқандай, замана желі арада алты ғасыр айналып соққанда, кешегі «Күңіреніп күн түбіне жортқан» жұрттың ұрпағы алапат рухынан айырылып қалды. Өткен ғасырдың басында қазақ шайырлары:
«Қара қазақ баласы,
Қайткенде адам болады?
Бәрі қатын жүректі,
Іздесең емге таппайсың,
Еңіреген жалғыз ері жоқ.
Аузы түкті бір хохол,
Шетінен ұстап сабайды,
Оған қарсы дері жоқ.
Мал іздей шықса бес орыс,
Қатын, бала, қарт ана,
Бәрін тастап босады,
Жүрегі қорқып ұшады.
Ойлап тұрсам бұларды,
Бұ күндегі жігіттің,
Кеудесінде жаны бар,
Тірі дейтін жері жоқ.
Бәрі кетті қазақтан,
Не дерге мұны болады...
– (Ғұмар Қараш) деп жырлайтын күйге жетті.
Қысқасы, отарлаушылар қазақтың жан дүниесіндегі рухты тонап алды. Рухсыз халықты алтынға бөлеп қойсаңда бәрі бір, рухты қауымының алдында еңкіш тартып тұрады. Рух дегеніміз – халықтың генінде болатын үрейді жеңу қуаты. Бойында үрей ұшқыны бар спортшыны мың жерден баптағанмен үлкен нәтиже бермейді. Үрей қан арқылы ұрпақтан ұрпақ жалғасып кете беретін аса қатерлі құбылыс. Қандай бір қауымының еркіндігі (тәуелсіздігі) халықтың бойындағы үрейдің аз-көптігімен өлшенеді. Болашағының баянды болуын ойлайтын жұрт ұрпағының рухын шыңдайды.
Таулықтардың отты рухы
Осыдан екі ғасыр бұрын таулықтардың тәуелсіздігі үшін ақ патшаның солдаттарымен қол бастап, аянбай айқасқан имам Шәмілден: «Жартылай аш Дағыстан өзінен мыңдаған есе күшті әрі үлкен империядан жеңілмей, жиырма бес жыл қалай соғысты?» деп сұрайды. Шәмілдің жауабы: «Егер біздің бойымызда оттай лаулаған рух болмағанда, бұлай ұзақ шыдас бермеген болар едік. Бір күні таңнан тұрып, бау-бақшама қара топырақ тасып жүр едім, бір топ қару асынған атты адам келіп: «Шәміл, жаулар біздің бұлақтан атын суарғалы келе жатыр, олар біздің шаңырағымызда маздап тұрған оты рухымызды өшірмек, сен өзің атқа қонасың ба, әлде біз мінгізейік пе?» деді. Осы сөзді естіген сәтте менің кеудемде тығылып жатқан отты рух лап етіп жанды. Сол сәтте, бақшамды да, азғана байлығымды да ұмыттым. Осы отты намыс мені 25 жыл аттан түсірмеді. Осылай күллі Қап тауы лапылдап жанды. Оны көктен жауған жаңбыр да, қарлы боран, дауыл да өшіре алмады», депті.
Шәмілді 1859 жылы қолға түсірген генерал Александр Барятинский оған: «Сенің күресің осымен аяқталды, бәрі бір патшаны жеңе алмадың, осыны біле тұра неге 25 жыл соғыстың?» дейді. Тұтқын Шәмілдің айтқаны: «Сіз қателесіп тұрсыз мырза, сіздердің арқаларыңызда бұрын басы бірікпей жүрген таулықтардың басы қосылды, мен бұларға жауға бас имеудің үлігісін көрсеттім және жүректеріне намыстың отын жақтым, ол от ешқашан сөнбейді, аз ғана дағыстандықтарға сендерден (орыстардан) ешқашан қорықпайтын рух сыйладым, бұл жеңіс емес пе!» депті күліп.
Бірде бір топ ғалым кісікиік (адам сияқты мақұлық) іздеп Қап тауын кезеді. Әбден титықтап Кикуни аулының маңына келгенде машиналары батпаққа батады. Итеріп шығару мүмкін болмайды. Із кесушілердің амалы таусылып, қайраңдап тұрғанда таудан балпаң-балпаң басқан алып тұлғалы адам түсіп келіп, құйға батып жатқан машинаны баланың ойыншығындай көтеріп, құрғақ жерге қояды. Ғалымдар «мынау әлгі біз іздеп жүрген кісікиік шығар...», деп таң-тамаша болады. Бұл адам авар жұртының атақты балуаны, салмағы 150 кило, бойы 2,20 метр Оспан Әбдірахманов екен. Ғалымдар Оспаннан «мұншалық күш-қуатқа қалай ие болдыңыз?» деп сұрайды. Оспан Әбдірахманов айтады: «Таулықтардың бойында отты рух пен қайсар намыс бар, әйтпегенде, қара күшпен машинаны сүйреп шығара алмайсыз», депті.
Расул Гамзатов айтады: «Қанжардың ұясы – қыны, оттың ұясы – ошағы, ер жігіттің ұясы отбасы. Ошақтан шашыраған от, ол биік тауды шарпып лауласа: нағыз қанжар қынында жаттайды, нағыз ер үйінде жатпайды».
Құмық халқының үлкен ақыны Жыршы Қазақ: «Дағыстандықтар тек батыр болуға лайық!» дейді.
Дарғын ақыны Омарла Батырай өзінің өлер алдында жазған өсиетінде: «Ержүрек халықтан ынжық ұл тумаса екен!» деп тілеген.
Таулық әке баласына: «бұл қаруды ұстаған да әкеңнің жүрегі дір етпеген, сенің де жүрегің дір етпесін!» деген жазуы бар қанжар сыйлаған.
Көп жыл бұрын эстон журналисі Марко Михкельсон жауынгер генерал Джохар Дудаевқа: «Тау халқы бостандығы үшін соғысқанына 300 жыл болды. Мұнша ұзақ соғысуының құпиясы неде?» деп сұрақ қойған екен. Дудаев: «Таулықтар пайда болғанынан бері құл болуға жаралмаған халық. Кавказдықтардың рухы ешқашан олардың рухани құл болуына сәйкес келмейді» деп жауап берген екен.
Біз жоғарыдағы өсиетнамалардан нендей ой түйеміз?! Таулықтардың ғасырлар бойы шыңдалған рухын аңғарамыз. Рух жолындағы тәрбиені байқаймыз.
Шәміл һәм Кенесары
Қазақтың Кенесары сұлтаны мен Кавказдың имам Шәмілі дәл бір мезгілде отарлаушыларға қарсы көтерілді. Қап тауында Шәміл атқа қонғанда, ақ патшадан шен алған бек-сұлтандар атақты Қажы Мұрат, авар жұртының абыройы Гамзат бек, Елісу сұлтаны Данилдер иықтарындағы алтын зерлі пагонды жұлып тастап көтерілісшілерге қосылды. Барлығы дерлік Шәміл айтқан «опасыздар жердің астында жатсын!» деген жалғыз ауыз сөздің ығына жығылды. Нәтижесінде, көтерілісшілер саны 40 мыңға жетіп, 20 мың тұрақты жасақ ұстады.
Ал қазақтың би-сұлтандары ше?! Кенесарыны қолдап азаттық үшін күреске шығудың орнына патшаның солдаттарымен бірігіп оған қарсы тұрды. Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин 1840 жылы 5 ақпанда Кенесарыға көрсеткен қарсылығы үшін патшадан полковник шенін алды. Арқа өңіріне атақты билердің бірі Кішкентайдың Аққошқары Кене ханды қолдаған қазақ ауылдарын шапқаны үшін Батыс Сібір генерал-губернаторынан «Алтын шапан» сыйлығын алды. 1843 жылдың тамызында сұлтандар А.Жантөреұлы мен Б.Айшуақұлы көтерілісшілерге қарсы жасақ жабдықтады...
Бірақ имам Шәміл де, Кенесары да жеңіске жеткен жоқ. Тек ғана азаттық үшін күрескен ұлы тұлғалар ретінде екеуі де тарихта қалды. Хан Кене 1847 жылы 45 жасында қырғыздардың қолынан мерт болды. Имам Шәміл болса 1859 жылы орыстардың қолына түсті. Оны өлтіруге отаршылар қорықты. Шәміл өлсе қаһарлы таулықтардың тағы бір сойқанды бастарын білді. Оны Калугаға алып барып ауласында бау-бақшасы мен мешіті бар, ең жақсы үйлердің біріне қоныстандырды. Кейін имамның Дағыстанда қалған отбасы да түгел осында жеткізілді. Ақ патша Шәміл үшін жыл сайын қазынадан 20 мың рубль бөлгізіп, имамның өзіне 15 мың рубльдей пенсия тағайындады. 1868 жылы Меккеге барып аман-есен қажылық парызын өтеді, 72 жасында тағы да қажылыққа барып, Медина жерінде дүниеден өтті. Сүйегі атақты «Бақи» зиратына жерленді. Ал біздің Кенесарының сүйегі қайда қалды? Басы қайда жатыр?
Қазақтың рухы осы кезден бастап әлсіреді. Оған негізгі себеп, отарлаудың зардабы болса, екінші тараптан Абай атамыздың, «алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып...» дегеніндей сатқындық, атаққа алданбақтық немесе «мәз болады болысың, арқадан ұлық қаққанға» демекші, мақтаншақтық сияқты кеселдің ұлт өміріне жалпыласып кетуінен таза рухы лайланды.
Кавказ балуандары
Осы орайда, ойымызды шашыратып алмау үшін тек еркін күрес түрі бойынша, кавказ бауырлардың жетістігін жіліктеп көрсек: ғаламда жалпы саны бір миллионға жуық (880 мыңы Дағыстанда тұрады) авар дейтін халық бар. Жоғарыдағы имам Шәміл мен Расул Гамзатов осы халықтың ұлдары. Еркін күрестен аварлық балуандардың спорттық нәтижелерін суыртпақтап айтсақ: Хаджымурад Магомедов (Атланта, 1996), Сагид Муртазалиев (Сидней, 2000), Мәулет Батыров (Афины, 2004, Бейжің, 2008), Абдулрашид Садулаев (Рио-де-Жанейро 2016, Токио, 2020) Олимпиада жеңімпазы атанса, әлем чемпиондары: Абдусалям Гадисов (Ташкент, 2014), Магомедрасул Газимагомедов (Лас-Вегас, 2015, Будапешт, 2018; Абасгаджи Магомедов (Осло 2021) т.б. Бұған әлемнің 5 мәрте чемпионы Али Алиевті қосып қойыңыз.
Одан кейін бар-жоғы 480 мың құмықтан: еркін күрес түрінен Олимпиада чемпиондары: Сайпулла Абсайдов (Мәскеу, 1980), Магомед-Гасан Абушев (Мәскеу, 1980), Бахтияр Ахмедов (Бейжің, 2008), Заур Угуев (Токио, 2020), Еуропа чемпиондары: Ильяс Бекбулатов (Нови-Сад, 2017), Нариман Исрапилов (Вильнюс, 2009), Мурад Рамазанов (Будапешт, 2000) т.б. шығыпты.
Ал күллі Ресейдің 0,30 пайызын құрайтын 420 мыңдай ғана адамы бар лезгин балуандарының нәтижесі бізден кем емес. Еркін күрестен Олимпиада чемпионы (Мюнхен, 1942) және екі мәрте әлем чемпионы (1971, 1973) Загалав Абдулбеков, әлемнің екі дүркін жеңімпазы, Олимпиада жүлдегері Руслан Ашуралиев, Еуропа және Еуропа ойындарының чемпионы, әлем кубогінің екі мәрте иегері Даурен Куруглиев, әлем чемпионы Артур Муталибов және Вагиф Казиев деп т.б. кете береді.
Ал таулықтар құрамындағы дарғындардың саны 600 мыңдай адамды құраса, оншақты жігіті еркін күрес түрінен Олимпиада және әлем, Еуропа чемпионы атанып үлгеріпті. Атап айтқанда, 1995 жылы жер-жаһанның ең үздік балуаны атағына ие болған әлемнің – 1, (Ыстамбұл, 1994), Еуропаның 4 дүркін чемпионы Магомед Азизов, Еуропа чемпионы Али Исаев, Әлем кубогінің екі мәрте иегері Руслан Караев, Еуропаның екі мәрте жеңімпазы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Бузай Ибрагимов, еркін күрестен Токио Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін және Еуропа чемпионы Гаджимурад Рашидов т.б.
Сол сияқты әлемде жан саны 700 мыңдай осетин бар. Олардың 530 мыңдайы Ресейде тұрады. Бұл халықтан шыққан даңқты балуандар да жетерлік. Айталық, еркін күрестен: Олимпиаданың екі дүркін (Монеаль, 1976, Мәскеу, 1980) және әлемнің 4 дүркін чемпионы Сослан Андиев, Олимпиаданың екі дүркін (Сеул, 1988, Барселона, 1992) және әлемнің – 6, Еуропаның 4 дүркін жеңімпазы Арсен Фадзаев, Олимпиада чемпионы (Афина, 2004) әлемнің екі дүркін жеңімпазы Артур Таймазов, Олимпия чемпионы (Афина, 2004), әлемнің төрт дүркін жеңімпазы Хаджымурат Гацалов, әлемнің төрт дүркін чемпионы, Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері Бесик Кудухов, Олимпида және әлем чемпионы Сослан Рамонов, Олимпиада және екі дүркін әлем чемпионы Заурбек Сидаков, әлем чемпионы Давид Баев т.б. кете береді.
Одан соң Ресей құрамындағы саны аз халықтар қатарына жататын: ноғай (110 мың), лак (200 мың), табасаран (150 мың), агул (45 мың), цахур (30 мың), тат (36 мың), кабардин-балқар (545 мың), адыгей (128,5 мың) ұландары да қашаннан бері ту ұстап, тұлпар мініп үйренген. Атап айтқанда, еркін күрестен Олимпиада чемпионы Ширвани Мурадов (лак), Олимпиаданың күміс жүлдегері Наси Булгаев (агул), Әлем кубогінің иегері Камал Хан-Магомедов (табасаран), Олимпиада чемпионы және әлемнің 3 дүркін жеңімпазы Билял Махов (қабардин-балқар), Әлем кубогінің қола жүлдегері Мулид Лампежев (қабардин-балқар), Еуропаның екі дүркін чемпионы Анзор Уришев (қабардин-балқар), сондай-ақ КСРО чемпиондары Алексей Казиев, Арсен Маиров, Расул Машезов т.б.
Кавказдық балуандардың бәрін түгендеп шығу мүмкін емес. Біз тек олардың бір бөлігін ғана айтып отырмыз. Аталмай қалғаны қаншама. Егер бұған грек-рим, дзюдо, самбо күресінің майталмандарын қоссаңыз, бір кітаптың жүгі болатын түрі бар. Осы жерден тізгінді тарттық.
* * *
Ертеде имам Шәмілді жаудың солдаттары Гуниб тауында қоршауға алады. Шәкең биік таудың үстіне шығып намазын оқиды. Сол сәтте бір қолына оқ тиеді. Имам оған мән бермей құлшылығын жасап орнынан тұрады. Қасындағы нөкерлері: «Имам, сіз жараландыңыз» десе, Шәміл оны елең қылмай: «Қойыңдаршы, менің жарамда тұрған түк те жоқ, ертең жазылады, ал елім жараланса, қалай жазылмақ?», деп қайғырған екен. Сол сияқты жеке адамының бойында отты рухтың болмауы мүмкін, ал күллі ұлттың бойынан рух өшсе не болмақ?