• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кино 29 Қаңтар, 2023

Шоқан бейнесіндегі Сағи

598 рет
көрсетілді

Кеңес дәуірінде халқымыздың көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өткен ғалым, тарихшы, шығыстанушы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлиханов туралы екі фильм түсірілді. Ұлы тұлға туралы алғашқы толық метражды көркем фильмді 1957 жылы Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы мен Ленфильм жарыққа шығарды. Туындыны Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематография инс­титутын бітірген кәсіби режиссер Мәжит Бегалин түсірді.

Шоқан рөлінде біртуар актер Нұрмұхан Жантөрин ойнады. Мұнда Абылай ханның асыл текті ұрпағының өмір жолы барынша қамтылды. Әсіресе кинода ғалымның қамшының сабындай қысқа ғұмырында ерекше із қалдырған Қашқария сапары айшықты көрініс тапқан. Бұған дейін ешбір саяхатшы аяқ баспаған мекенге Шоқан басын қатерге тігіп барып, Қаш­қар халқының тарихы мен этно­графиясын, мәдениетін зерттеп, үлкен еңбек жазды. Осы еңбегі сол кездегі қоғамда үлкен сілкініс туғызды. Біздің айтпағымыз – атақты актер, режиссер Асанәлі Әшімов тү­сір­ген «Шоқан Уәлиханов» фильмі. Онда да басты рөлді ойнаған Сағи Әшімов туралы. Бұл туынды көрерменге 1985 жылы жол тартқан.

Кинотанушылар екі фильм­нің сюжеттік желісі бір-бірі­не ұқсағанымен образдарында айырмашылық барын айтады. Мәселен, Сағи сомдаған Шо­қан бейнесі шығыс ғалымда­рын еске түсіріп, әсіресе оның үстіне киген түрлі костюмдері Ресей офицерінің емес, шы­ғыс ұлыларын көз алдымызға әкелді десе, Жантөрин ойнаған Шоқанның болмысында ұлттық нақыштың басым екенін сөз етеді.

Жалпы, фильмге актерлер лайықты таңдалған. Шоқан­ның әкесі Шыңғыс сұлтанды Асанәлі Әшімовтің өзі ойнады. Алайда басты рөлді сомдайтын актерді табу біраз қиын­ға соғады. Осы ретте фильм режиссері Асанәлі ағамыз өз естелігінде: «Шоқанның рө­ліне кастинг жариялаған­быз. Үміткерлердің бірде-бірі ойдан шықпай біраз уақыт жүріп қалдық. Өзім сыйлайтын Сәбира Майқанованың «Алыстан іздеме. Сағи тұр ғой», деген сөзіне мән берген жоқпын. Өсек сөзден, ел­дің күбір-сыбырынан қорық­тым. Бірде операторлар ме­нің жоқтығымды пайдаланып, Сағиды дайындапты. Аң­дап қарасам, мұрты қиы­лып, Шоқанның өзінен аумай қалыпты. Содан өзім ара­лас­қандай болмайын деп, көр­кемдік кеңестің қарауына жібе­ріп, Шоқанның рөліне Сағиды бекітті. Түсіру жұмыстарын бірден бастап кеттік», деп жазыпты.

Бұл фильмге Сағи 22 жасында түссе де, оның бойынан көрермендер Шоқанға тән қайсарлық, алғырлық, зеректік, ең ақыры, ақсүйектік қасиет­ті көре білді. Сөйлегенде екі көзі шоқтай жанып, жарқырап тұрады. Жұртшылық Шоқанды көрмесе де оның бейнесін Сағи арқылы көре білді. Қысқасы, екі тұлғаның табиғатында бір жақындық бар секілді. Айт­пақшы, туындының табыс­ты түсірілуіне көрнекті қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев­тың да ықпалы тиген.

«Фильм Хиуа, Ош, Қы­тай сапарын сәтті түсіріп, Ле­нинградқа жол тарттық. Біз­ге Шоқан заманындағы қала керек. Ленинградтың троллейбус линиялары түсіру жұ­мысына кедергі келтіретін болды. Романов деген басшы Дінмұхамед Қонаевты таниды екен, Димекеңе сәлемін айтып жүріп Ленинградтың кейбір көшелеріндегі троллейбустың линияларын да өзгертіп берді. Үш сериялы кино дайын бол­ған соң, оны Димекеңнің қарауы­на ұсындық. Үшінші серия Шоқанның сайлаудан өтпей қалған жерін еститін, даладағы көрінісімен аяқталатын. Кино Димекеңе қатты ұнапты. Алай­да Шоқанның Алматы өңірі­не келген кезі, Тезек төренің ­ауы­лын­дағы кезеңі суреттелмей қалыпты. Ақыры бастаған соң, біржолата жақсы дүние етіп жасаған жөн ғой деген пікірін білдіріпті. Содан 1985 жылы, Шоқанның туғанына 150 жыл толу мерейтойына орайластырып, фильмнің төртінші сериясын жасауды қолға алдық. Сөйтіп, 1983 жылы тапсыруға тиіс фильмді 1985 жылы ұсын­дық», дейді режиссер есте­лігінде. Фильмге атақты ғалым, Шоқан туралы іргелі еңбек жазған Әлкей Марғұлан кеңесші болды.

Асанәлі Әшімов бір сұх­батында осы киноны түсіру туралы ұсыныс жасағанда ке­лі­сімін бірден бермей, біраз ойланғанын айтыпты. «Өйткені Шоқан жайлы әуелде Мәжит Бегалин түсіріп, Нұрмұхан Жан­төрин сомдаған Шоқанның бейнесі қандай?! Кейіннен ойланып қарасам, Шоқан тұлға­сы уақыт өте жаңғырып отыра­ды екен. Уақыт өте халқы оны жаңа қырынан тани түседі екен. Бәл­кім, алдағы болашақта жас­тар шығып, біздің Шоқан мынау деп, тағы бір фильм түсі­рер, ал менің түсіргенім, менің Шоқаным еді…».

Фильмде айшықты детальдар мен елең еткізер сюжеттер жетерлік. Әсіресе Шоқан­ның аға сұлтандыққа түсіп, сайлаудан өтпей қалған кезінде әкесі Шыңғыспен далада ат үстінде кездесуі – жүректі шым еткізеді. Осы бір қас-қағым көрініске қазақтың бар болмысы сыйып тұр.

Қорыта айтқанда, отыз жас ғұмыр кешсе де өмірде өне­гелі із қалдырған Шоқан Уәли­хановтың аты ғасырдан-ға­сыр­ға жалғасып, мәңгілікпен ұш­тасып кетті. Оны фильмде көр­кем сомдаған Сағи Әші­мовтің бейнесіне әлі талай сан ұрпақ таңырқап қарайтыны анық.