Соғыс өнері теориясының негізін қалаушылардың бірі Ллойд: «Жер бедері – соғыстың ұлы және жалғыз кітабы. Оны оқи алмайтын адам батыл сарбаз атағына қанағаттануы керек және генерал болуға талпынбағаны абзал», дейді. Жауынгер ұрыс даласында табысты әрекет етуі үшін қаруды қалай меңгерсе, жергілікті жерді де жақсы бағдарлай білуі қажет. Ол үшін белгіленген ауданға қысқа мерзімде топогеодезиялық барлау жүргізу, барлық биіктіктер мен нысандардың координаттарын анықтап, оны бекіту ауадай қажет. Сол себепті әскери топографтардың қызметі маңызға ие.
30 қаңтарда Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери топографтар күні атап өтіледі. Әскери топограф – бұл ерекше мамандық. Олар заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды, электронды 3D-картаны және жердің белгілерін пайдалану арқылы бөгде жерлерде бағытын жақсы біліп, геодезиялық жүйелерді құрумен қатар басқа да күрделі инженерлік тапсырмаларды орындайды.
Қызметтері былайғы жұрттың көзіне көп көріне бермейтін олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бүгінде сала мамандары қатарында еңбегімен еленген офицерлер аз емес. Солардың бірі – Әуе қорғанысы күштерінің топографиялық қызмет бастығы, подполковник Руслан Бақытұлы Бекбаев.
Руслан үшін өткен жыл жемісті болды. Халықаралық армия ойындарының Қазақстан аумағында тұңғыш рет өткізілген «Меридиан» сайысына қатысып, ел намысын қорғады. Жарыста біздің әскери топографтар жеңімпаз атанды. Бұл жетістігі үшін майор Бекбаевқа Қорғаныс министрінің бұйрығымен подполковник кезекті әскери атағы мерзімінен бұрын берілді.
– Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында өткен сайыста біздің жігіттердің мерейі үстем болды, – дейді подполковник Руслан Бекбаев. – Сегіз команда қатысқан жарыс «Атыс шебі», «Азимут» және «Топографиялық квадратлон» деп аталатын үш кезеңнен тұрды. «Атыс шебінде» әскери топографтар АК-74 автоматынан оқ ату дағдыларын практика жүзінде көрсетіп, жеңімпаз жинаған ұпай санына қарай анықталды.
Ал «Азимут» кезеңінің жаттығуларында орман ішінде өздерінің орындарын, азимуттарын табу бойынша және компаспен сайысқа түсті. Көлемі 12 шаршы шақырым ауданның орташа қиылысқан жерімен қозғала отырып, берілген бағыттар мен тактикалық тапсырмада көрсетілген бақылау нүктелерін жүріп өтуде біздің әскери топографтары кәсіби шеберліктерін көрсетті. Топогеодезиялық есептоптар сайысында 41 минут 53 секундта жеңіске жеткен біздің команда жеңімпаз атанды, – дейді Руслан Бақытұлы.
«Топографиялық квадратлон» сайысында біздің топографтар басқа елдің топогеодезиялық бөлімшелерімен бірге арнайы мақсаттағы геодезиялық жұмыстарды орындай отырып, жолақтардан өтуден сайысқа түсті. Ұзындығы 1850 метрлік жарыс жолында түрлі кедергі жолақтарын еңсере білді.
Бұдан өзге біздің топогеодезиялық есептоптардың «Фазл» жинау сайысында да бөлшектелген топографиялық карталардан әртүрлі нысандардың координаттарын уақытында анықтай алғанын да ерекше атап өту керек.
Руслан Шымкенттегі Сабыр Рахимов атындағы әскери мектеп-интернаттың түлегі. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласындағы А.Ф.Можайский атындағы Әскери-ғарыш академиясына оқуға түсіп, 2009 жылы «аэрофотогеодезия» мамандығын алып шыққан.
Алғашқы қызметі Қарағанды облысының Абай қаласындағы әскери бөлімде басталған ол аға офицер, бөлім бастығы лауазымдарында болды. 2017 жылы Мәскеудегі М.Ф.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түсті. 2019 жылы академиялық білімі бар жас маман Әуе қорғанысы күштеріне топографиялық қызмет бастығы лауазымына тағайындалды.
Сақина алмасқан өмірлік серігі Анар екеуі Шайхислам, Шахаслан, Ляйсан, Расул атты кішкентайларды тәрбиелеп отыр.
Ер – елінің қорғаны. Ол үшін жігітке талмас қанаттай талап, қайтпас қажыр мен қайрат керек. Русланды отбасында кішкентай күнінен осыған тәрбиеледі. Ата-анасы нағыз азамат болып қалыптасу үшін қайсар мінезді болу керектігін үнемі айтып отыратын. Соған сай ол да бала кезінен офицер болуды армандап өсті. Ал арманның орындалғаны қандай жақсы!