• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қаңтар, 2023

Саперлер кәсіби шеберлігін жетілдірді

186 рет
көрсетілді

Минасыздандыру орталығында Бас штабтың Инженерлік әскерлер департаменті инженерлік-саперлік роталардың командирлерімен оқу-әдістемелік жиын өтті.

Апта бойы еліміздің әр өңірінен келген инженерлік-саперлік роталардың командирлері білім деңгейін толықтырып, жергілікті жерлер мен нысандарды минасыздандыру жұмысын ұйымдастырудағы дағдылары мен машықта­рын жетілдіруде. Минасыздандыру орталығының тәжірибелі мамандары оқу сыныптарында және «Жағалау» полигонында сабақтар өткізді.

– Саперлер әрдайым іс жүзінде және ашық жерлерде, елді мекендерде әрекет етуге да­йын. Біз минадан тазарту саласындағы, оның ішінде оқ-дәрі қоймаларындағы оқиғалар­дың салдарын жою жөніндегі жұмысты ұдайы тәжірибемізде жалғастырып келеміз. Шетел­дік әріптестеріміздің тәжірибесін де әрқашан зерделейміз. Нәтижесінде, жиындарда біз офи­церлерді оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды іздестіруді, залалсыздандыруды, тасымалдауды және кәдеге жаратуды барынша тиімді және қауіпсіз ұйымдастыруға үйретуге тырыстық, – деді Минасыздандыру орталығының бастығы под­полковник Мұхамед-Әли Байғұлов.

Заманауи арнайы инженерлік жабдықтар мен қосалқы құралдарды, оның ішінде tEODor роботтехникалық кешенін, жинақы мина ізде­гіштерді, портативті рентген жүйесін, супервизорды, барлаушы дронды, радио кедергі генераторын, керек-жарақтар мен жабдықтарды дұрыс пайдалануға ерекше назар аударылып отыр.

Минадан тазарту инженерлік әскерлер қыз­метінің маңызды бағыты екенін атап өткен жөн. Оның өзектілігі саперлердің полигондарды Қарулы Күштердің жауынгерлік оқуына дайын­дауынан, түрлі іс-шаралардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуден, сондай-ақ БҰҰ бітімгерлік миссияларында сұранысқа барынша ие болуынан көруге болады.