Екібастұздағы жылудың жыры аяқталар емес. Орталық жылу жүйесінде төтенше жағдай болғанына екі айдай уақыт өтсе де, әлі күнге апат салдарын жою, қала тұрғындарын қыстан тоңдырмай алып шығу қарекеті жалғасып жатыр. Жылу орталығы қаңтар айында тұрғын үйлердегі жылу қайта-қайта тоқтатыла бергенін ескере отырып, аталған кезең үшін коммуналдық төлемақы қайта есептелетінін мәлімдеді.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров жылу желілеріндегі төтенше жағдайдан кейін стансада қазандық агрегаттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және параметрлерді тұрақтандыру үшін жабдықтарды жөндеу, алдын алу шаралары күн сайын жүргізіліп жатқанын айтады. Осыған байланысты жылу көздерінен босатылған жылу тасымалдағыштар жоспарланған мөлшерден төмен болып отыр.
– Стансада барлық қажетті ресурстар, техникалық жабдықтар, жөндеу бригадалары бар. Алайда қазіргі жағдай әзірше тұрғын үйлердегі температуралық параметрлерді құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес теңестіруге мүмкіндік бермей отыр. Қаланы жылумен қамтудың температуралық кестесінің сақталмауына, температуралық параметрлерді қалпына келтіру бойынша реттеу жұмыстарын жүргізуге байланысты станса басшылығы биылғы қаңтар айы үшін жылу энергиясы бойынша төлемді қайта есептейтін болып ұйғарды. 2023 жылғы қаңтардағы жылу энергиясымен қамту жөніндегі қызметтердің құнын қайта есептеу алгоритмі 10 ақпанға дейін, тұтынушылар төлемін есептеу жүргізілгеннен кейін ұсынылады, – дейді кәсіпорын басшысы.
Жергілікті халық әлеуметтік желілерде пәтерлерінің суық екеніне әлі күнге шағымданып жатыр. Қала тұрғындарының көбі үйінде жаурап, қосымша жылытқыш құралдар іздеп жатыр. Амалы қалмаған кейбір азаматтар пәтерлерінің қабырғасы мен терезелеріне жылытқыш материалдар жапсырып, бөлмедегі температураны көтеруге әрекеттенуде. Алайда қанжылым батареялар қыстың суығын сыртқа айдап шығуға қауқарсыз.
Жұрттың шағымына облыс басшылығы тұрақты түрде назар аударып отырғанын айтып өтейік. Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзға апта сайын барып, ондағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысын бақылауда. Соңғы рет әкім №7 орта мектебінде болып, жылу желілерін жөндеу жұмыстарының барысын тексерді және жедел штабтың отырысын өткізді. Апат аймағында қалған мектеп қазір жылынып, бөлмелер температурасы 18-23 градусқа көтерілді. Бірнеше көшеде құбырларды жаңарту аяқталған.
А.Байханов жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді және әлеуметтік нысандарға ерекше назар аударуды тапсырды. Қаңтар айының соңына дейін қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жөнделген учаскелердің 80 пайызын ыстық сумен қайта толтыруды міндеттеді. Бұл талаптар орындалмаса, коммуналдық қызмет мекемелерінің жауапты тұлғаларына қатысты әкімшілік шаралар қабылданатынын ескертті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда Екібастұздағы жылумен жабдықтау желілеріндегі 130-дан аса зақым жойылған. Өзге ақауларды жою шаралары тәулік бойы жалғасып жатыр. Кеншілер қаласының коммуналдық қызметтерінен бөлек апат орындарында облыс орталығынан келген авариялық бригадалар бар.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы