• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Қаңтар, 2023

Күйзелгенге көмектесетін 3580 call-орталығы

334 рет
көрсетілді

Адамдар қиын жағдай­ларға тап болып торық­қанда түрлі қателікке ұрынып, тіпті өз өзіне қол салуға дейін бараты­нын, бірақ тікелей пси­хиа­триялық көмек көрсе­тетін медициналық мекемелерге қаралуға жұрт­тың қауесетінен қаймы­ғатынын айтып жатады. Ендігі жерде күйзеліске түскендерге қолұшын со­за­тын call-орталықтары бір айдан бері Алматы, Тараз және Семей қала­ларында жұмысын бас­тады.

Егер күйзеліс қажытып, дегбіріңіз қашып, өмірден баз кешіп жүрсеңіз, 3580 нөміріне жедел хабарласуға болады. Елімізде психологиялық көмек­ке мұқтаж тұрғындар үшін тиімді ақпараттық қызмет көрсетуге ұмтылған 3580 call-орталығы іске қосылды. Бұл жоба «Қа­зақ­стан Республикасында пси­хикалық денсаулықты сақтау­дың бірыңғай ақпараттық қыз­метін пилоттау» деп аталады. 23 желтоқсаннан бастап жұ­мысқа кірісті.

Алматы қаласы, Жамбыл және Абай облыстарының Пси­хикалық денсаулық орталық­тары мен осы үш өңірдің Жастар медициналық орталықтарының қызметтері бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктіріліп, халыққа психикалық денсаулық саласы бойынша ақпараттық қызмет көрсетіп жатыр.

– Осы бастама арқылы 25 маман Республикалық психи­калық денсаулық ғылыми-прак­ти­калық орталығында «қа­­шықтан психологиялық кеңес берудің теориялық жә­не практикалық негіздері» бойынша білім алып, кәсіби білімін жетілдіретін тренингтерде шыңдалды. Бұ­ған қоса сұрақ-жауап бойын­ша мамандарға арналған білім базасы әзірленді. Жоба Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практика­лық орталығы, Ұлттық қоғам­дық денсаулық сақтау орта­лы­ғы және Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының Қа­зақ­стандағы елдік кеңсесінің техникалық қолдауымен дүние­ге келді. Әрбір ұйым ДДҰ Еу­ро­палық өңірлік бюросымен компьютерлік техниканы өтеусіз туралы келісімге қол қойды. Жұмыс орындарын құрал-жабдықпен жабдықтау мәселесі шешілді. Бұл – тұрғындардың психикалық денсаулық бойынша ақпаратты жедел және сапалы мағлұматпен қамтамасыз ету мақсатында ашылған бірыңғай орталық. Әрбір қоңырау шалған адамның мәліметтері құпия сақталады. Сондықтан қиналғанда 3580 нөміріне хабарласып, психологиялық көмекке жүгініңіздер, – дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практика­лық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбеков.

Аталған жоба халықтың психикалық денсаулық сақтау саласы бойынша қызметке қол­же­тімділігін арттырып, ақпа­раттандыруды да көз­дей­ді. Әрі Республикалық психи­калық денсаулық ғылыми-прак­тикалық орталығының сайтында қашықтан психологиялық көмек көрсету тетіктері әзірле­ніп жатыр. Сонымен қатар қанатқақты жоба аяқталғаннан кейін оның қызметіне талдау жасау арқылы қызметін дамытып, осы жылы еліміздің барлық өңірінде бірыңғай ақпараттық қызметін ашу жоспарланып отыр.

 

АЛМАТЫ