Өткен жылы терроризм туралы жалған хабарлама беруге қатысты 181 қылмыстық іс қозғалып, 25 адам сотталған. Жалпы, Қылмыстық кодекстің 273-бабы, яғни терроризм актілері туралы жалған хабарлама беру бойынша тіркелген деректер 2022 жылы күрт өскенін байқауға болады.
«Жарылғыш зат қойылды», «ғимаратта бомба бар» деген сыңайдағы жалған ақпарат берудің арты біраз жұртты әуре-сарсаңға салары белгілі. Оның үстіне аталған фактілерді тексеру біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтер, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары жұмылдырылады. Кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режімі бұзылады.
Бұл күштік құрылымдар жұмысының айтарлықтай ауытқуына әкеп соқтырады, тексерілетін коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайтыны тағы бар. Террорлық шабуыл туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелеңмен аяқталып жататыны да жасырын емес.
Естеріңізде болса, өткен жылы жазда Қостанай облысының бір тұрғыны дәл осындай қылмысы үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Ол көршісінен кек алу мақсатында оның электрондық поштасын бұзып, соның атынан Астана және Алматы қалаларының 13 нысанына (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жіберген. Ал Алматы облысында құрдастарымен бәстесіп, электронды пошта арқылы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жасар бала анықталған болатын. Ақыр аяғы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамаған үшін оқушының ата-анасы жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, құқықтық тәртіпті қорғау органдарында қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін осындай құқық бұзушыларды жедел анықтау практикалық тәжірбиесі бар. Тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлер тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әрекет етеді.
Мәселен, қазіргі таңда Бас прокуратураның үйлестірумен Жедел өзара іс-қимыл мақсатында шет мемлекеттермен интернет кеңістіктегі анонимді хабарламалардың авторларына қатысты деректер алмасу бойынша Будапешт конвенциясына («Компьютерлік қылмыстар туралы») қосылу мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін «ауыр» санатқа жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі) туралы мәселені көтеріп жүр.