12 маусымда Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің Бурабайда өткен отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда 10 елдің азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатылатынын жариялады.
Қазақстан Үкіметі 2014 жылдың 15 шілдесінен 2015 жылдың 15 шілдесіне дейінгі аралықта АҚШ, Нидерланд, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, Корея Республикасы мен Жапония азаматтары үшін визасыз тәртіп орнату бойынша тиісті шешім қабылдады.
Аталған аралықта осы он елдің дипломатиялық, қызметтік, ұлттық төлқұжаттарына ие азаматтарына мемлекеттік шекараны өткеннен бастап 15 күннің ішінде көпреттік түрде Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіріп, шығып, транзитпен өтуге мүмкіндік беріледі. Жоғарыда аталған елдердің азаматтары Қазақстан Республикасы аумағында 15 күннен артық болатындай дәйекті қажеттілік пайда болса, олар заңмен бекітілген тәртіп бойынша Қазақстанның ішкі істер органдарында «іскерлік» санаттағы және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде «инвесторлық» санаттағы тиесілі визаларын алуы қажет.
2014 жылы 15 шілдеден 2015 жылдың 15 шілдесіне дейін визасыз тәртіптің орнауы алғаш енгізілетін тәжірибе болып табылады. Бұл жобаның іске асырылуы қорытындылары бойынша Қазақстан Үкіметі оны жалғастыру не тоқтату туралы шешімге келеді.
Қазақстанның бұл бастамасы екіжақты серіктестік қатынастардың нығаюына, шетел іскерлері мен туристерге елімізде оңды жағдай тудыруға бағытталған. Жоба шеңберінде жоғарыда аталған елдер азаматтары Қазақстанға визасыз келіп, тарихи, туристік және табиғи назар аударарлық орындарын өз көздерімен көріп, Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысып, бизнес байланыстар орната алады.
«Бұл – өзге мемлекеттермен ынтымақтастықты жеңілдетуге, инвестицияларды тартуға және Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қарсаңында халықаралық қатынасқа жағдай жасауға бағытталған еліміздің ерекше қадамы», деп Қазақстанда аккредиттелген шетел елшілерімен және консулдарымен кездесуінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017-нің ұлттық комиссары Рәпіл Жошыбаев мәлімдеді.
Сонымен қатар, Қазақстан визасыз тәртіпті бір жақты орнатып, жоғарыда аталған және өзге де мүдделі елдермен еліміздің азаматтары үшін визалық талаптарды жеңілдету бойынша келіссөздерді белсенділендіре түседі.
«Болашақта, визасыз елдер тізімін кеңейткен кезде, Қазақстан әрбір елге кірердегі виза алу үрдісінің қаншалықты қиын болатындығына ерекше назар аударып, Қазақстан азаматтарына виза алу үшін оңды жағдай жасайтын елдер үшін визалық тәртіпті алып тастайтын болады», деп атап өтті Р.Жошыбаев.
«Егемен-ақпарат».