Павлодарда пана іздеп келген шетелдіктердің саны артып отыр. Қазіргі уақытта өңірде осындай 54 шетел азаматы жүр. Олардың дені – Ресей, Германия, Украинадан келгендер.
Өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың мәліметінше, әзірше босқын мәртебесі ешкімге берілген жоқ. 27 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасы аумағында болу мерзімін шектеуді көздейтін өзгерістер күшіне енгені мәлім. Оған сәйкес, енді шетелдіктер үшін әр алты айда 90 тәулік лимит беріледі. Бұған дейінгі тіркеу рәсімдерінің берекетсіздігінен экономикалық одақ елдерінің азаматтары әр 90 күн сайын шекарадан әрлі-берлі өтіп, Қазақстанда тұрақтап қалып жүретін. Енді шекарада жаңа тәртіп орнады. Шетелдіктер Қазақстан кіріп-шыға беретін ашық қақпа емес екенін ұғынғаны жөн.
– Біздің елден пана іздеп келген өзге мемлекеттердің азаматтары облысымызда баршылық. Атап айтқанда, ондай шетелдіктердің саны – 54 адам, негізінен Ресей мен Германияның және Украинаның азаматтары. Олар Ертістің Павлодар өңірінде тұрады және жұмыс орындарында еңбек етіп жүр. Ал жыл басынан пана сұрап келген бөгде ел азаматтарының жалпы саны 87-ні құрайды. Адамдар тұтас отбасымен келіп жатқан жағдайлар да тіркелді, – дейді А.Дисюпова.
Былтыр Ресейде мобилизация жарияланғанда Қазақстанға ағылған нөпірдің көбі Павлодар аумағын басып өтті. Сол уақытта жергілікті кәсіпкерлер қайырымдылық астарын ұйымдастырып, ресейліктерге тегін баспана да ұсынған жағдайлар кездесті. Тіпті «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталықтарында ЖСН алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрғандарға тегін дастарқан жайылғанын да көз көрді. Мұндай жалпақшешейлік біздің отандастарымыздың басым бөлігіне ұнамағаны мәлім. Жергілікті билік өкілдері жоғарыдағы қайырымдылық шараларының барлығы жеке азаматтардың өз бастамалары бойынша жүзеге асқанын айтады. Өзге елден уақытша келгендерді әлеуметтік қолдау біздің мемлекетіміздің заңнамасында қарастырылмаған.
Облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының басшысы Дәулет Ысқақовтың сөзіне сүйенсек, былтырғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында өңірімізде болған ресейліктер қазір Қазақстан аумағына тағы келе алады. Оларға 90 күн осында тұруға рұқсат етіледі. Одан соң пана іздеп келгендер елдеріне қайтып, арада 3 ай өткенде ғана шекарадан бері өтуіне рұқсат. Ертіс-Баян аумағында бүгінде шамамен 2 мыңдай ресейлік азамат жұмыс істейді. Өткен күзде келген 440 азамат Қазақстанда тұру ыхтиярхатын рәсімдеп үлгерген.
Естеріңізге сала кетейік, 27 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңартылған көші-қон ережелері күшіне енді. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді елімізге визасыз келген шетелдіктер елде 30 күн ғана бола алады. Ал 6 ай ішінде визасыз келген шетел азаматтарының елде болу мерзімі 90 күннен аспауы керек. Елімізге келген ЕАЭО азаматтары үшін 180 күн ішінде 90 күннен аспайды. Бұрынғы талапта бұл мәселе реттелмеген, яғни шетелдіктер Қазақстанда жүріп-тұру мерзімі аяқталғаннан кейін елден кетіп, қайта келіп, мерзімді жаңарта алатын еді.
Павлодар облысы