Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігі мен олардың жұмысын жақсарту жолдары туралы» деген тақырыпта Мәжіліс Төрағасының орынбасары «Нұр Отан» партиясы фракциясының басшысы Дариға Назарбаеваның қатысуымен отырыс өткізді.
Отырысты Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес төрағасы Мейрам Пішембаев жүргізді.
Кеңесте Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Е. Сағадиев баяндама жасады.
«Бүгінгі күні, Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ бар. Қазіргі уақытта 6 АЭА-нің инфрақұрылымы жалпы дайын, 4 АЭА-нің инфрақұрылым жұмысы басталып жатыр. Оны ретке келтіру үшін қаржы бөлінген. Бүгінге дейін АЭА-лерде 85 жоба іске асырылып, 72 жоба аяқталуға жақын. 6000-дай адам жұмысқа орналасты. 300 млрд. теңгенің өнімі шығарылған.
Әр АЭА-нің өз ерекшелігі бар. Осыған қарай, заңдарға қажетті өзгерістер енгізілуі қажет. Осы мәселе бойынша министрлікте жұмыс істеліп жатыр. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың 1 теңгесіне (75,5 млрд.теңге – инфрақұрылым) жеке инвестициялардың 3 теңгесі құрайды (228 млрд.теңге). Бұдан басқа, бөлінген бюджеттік қаражаттың 60 пайызы салық ретінде қайтарылған», – деді өз сөзінде вице-министр.
Отырыста «Астана – жаңа қала» АЭА басшысы М.Маселов, «Karaganda Invest» басшысы А.Ысқақовтың баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлері палатасы төрағасының орынбасары Р.Ошақбаев пен Арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Э.Шәймерденова жарыссөзге шықты.
Басқосуда арнайы экономикалық аймақтарды дамыту мәселелері қаралып, АЭА қызметінің нәтижелілігін арттыратын жұмысты қайта екшеу мен жаңа жұмыс тәсілдерін анықтау бойынша ұсыныстар талқыланды. Талқылау қорытындылары бойынша ұсынымдар қабылданды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.