Елімізде пойыздардың кешігуі жолаушылар арасында дүрбелең тудырып, көпшілікті толғандырған басты мәселелер қатарына шықты. Жаңа жыл алдындағы 3-4 сағатқа кешігу қазір айналайын болып қалған. 2023 жыл бастала салысымен бірқатар бағыт бойынша пойыздар Астанаға 10-12 сағатқа кешігіп келіп жатты. Жекелеген адамдардың куәлігі мен әлеуметтік желідегі жазбалардан аңғарғанымыз – өзге өңірлердегі ахуал да оңып тұрған жоқ.
Осылайша, вокзал мен вагондардағы тиісті инфрақұрылым, жолсеріктер мен басқа да қызмет көрсетуші персоналдардың этикасы, негізсіз өскен билет бағасы секілді аса өткір проблемалар екінші планға еріксіз ысырылды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы біздің сұрағымызға берген жауабында кешігуге негізгі үш себепті атап көрсетіпті.
Ұлттық компанияның хабарлауынша, Қазақстан теміржол желісінде 139 жолаушылар (оның ішінде 15 халықаралық) және қала маңына қатынайтын пойыздар жүреді. «Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүк вагондарының рельстен шығып кетуіне, ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ жоспарлы теміржол желісінің жөндеу жұмыстарына байланысты теміржол учаскелерінің өткізу қабілеті төмендетілді. Осыған байланысты жолаушылар пойыздарының жол жүру жиілігінде қозғалыс кестесі өзгерді. 2022 жылдың 17 қарашасынан қазіргі күнге дейін 1 сағаттан астам уақыттан кешігіп келген пойыздардың саны тіркелді. Дей тұрғанмен, пойыздардың барлығы ұзақ уақытқа кешігіп келіп жатқан жоқ», делінген жауапта.
Бұл ретте пойыздардың қозғалыс кестесіне сай уақтылы жүруі үшін қысқартылған және тоқтатылған пойыздардың жолаушыларын тасымалдауға стандартты вагондардан құрылған 18 бірреттік пойыздар жолға шыққан.
«Сондай-ақ «Patentes Talgo S.L.» ЖШС-мен бірлесіп, қалыптастыру пунктінде пойыздарға техникалық қызмет көрсету уақыты қысқартылды. Уақытша қысқартылған техникалық дайындық және біржолғы пойыздардың жол жүруін жарақтандыру жұмысымен қамтамасыз етілуде. Компания өкілдерімен мобильді топтар ұйымдастырылып, теміржол вокзалдарында жолаушыларға түсіндіру, жолаушыларды вагондарға отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жүру құжаттарын және олардың айырмасын қайтару жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары, веб-сайттар, әлеуметтік желілер арқылы теміржолдағы өзгеріс туралы жаңалықтар таратылып жатыр. Кешіктірілген пойыздардың жоспарлы жөнелтілуі үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда», делінген хабарламада.
Жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымының жылдан-жылға тозып бара жатқанын ұлттық компания мойындап отыр. Өздерінің мәлімдеуінше, жыл сайын орта есеппен 450-500 км теміржолға күрделі жөндеу, сондай-ақ ағымдағы ұстап тұру жұмыстары жүргізіледі екен.
«Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін учаскелерде қозғалыс жылдамдығына шектеулер енгізілсе, бұл пойыздардың кешігуіне әкеледі. Компания жол бойында пойыздар кідірісінің санын азайту бойынша ұйымдастырушылық және технологиялық шаралар қабылдауда. Жолаушылар пойызы вагондарының техникалық жай-күйі нормативтік және өзге де техникалық талаптарға сай», деп хабарлады ұлттық компания.
Магистральдық теміржол желісінде 45 жол дистанциясы қызмет көрсетеді екен. Әр жол дистанциясының қызмет көрсету шекарасы, жолдың күнделікті тексерілуін, ағымдағы жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету есебімен белгіленген. Оған қоса, бас жолдарды кесте бойынша айына екі рет жылжымалы диагностикалық кешендермен жолдың геометриялық өлшемдері мен рельс ақауларын тексеріп отырады.
Компания дерегі бойынша, 2022 жылы жолаушылар пойыздарының кешіктіріліп келгені үшін 3 пайыз мөлшеріндегі өтемақы 1 700-ден астам жолаушыға төленген.