Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында «Фостерлік отбасылар», «Ауыл Аманаты», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Жайлы мектеп», дуалды оқыту бағдарламаларын жүзеге асырудың барысымен танысты.
А.Көлгінов Ақкөл ауданында балаларды қолдау орталығында болды. Онда елде алғаш рет «Фостерлік отбасылар» кәсіби бала асырап алу отбасыларын құру жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылды.
– Бұл – өте маңызды жоба және оны сапалы іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. Біздің міндетіміз – балаларды әлеуметтендіру. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасында тұрып тәрбиеленуге тиіс. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан да, нормативтік базалар бойынша да қолдау көрсетіледі, – деді вице-премьер.
Сондай-ақ А.Көлгінов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Ақкөл аудандық ауруханасының қызметімен танысты. Ғимарат күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет етеді. Ақмола облысында ұлттық жоба аясында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің 38 объектісі салынады, бірқатар ауданаралық ауруханада күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында Көкшетау қаласында 630 орынға арналған көпбейінді облыстық аурухана салынады.
Жалпы 2023-2025 жылдары ел өңірлерінде және шалғай ауылдарда 650 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету объектісі салынады. Биыл медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің 300-ден астам нысанының құрылысы басталады, сондай-ақ 30-дан астам орталық аудандық ауруханада күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар «алтын сағат» қағидаты бойынша жергілікті жерлерде медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.
Көкшетау қаласында Алтай Көлгінов «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС базасында дуалды оқыту бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысты. Агротехникалық колледж студенттері өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында кәсіпорында кәсіби тәжірибеден өтіп, одан әрі жұмысқа орналасады. Ақмола облысы әкімдігінің ақпараты бойынша дуалды оқыту нысаны 28 колледжде қолданылады, аталған технология бойынша 4 мыңнан астам студент білім алады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру аясында А.Көлгінов сүт өнімдерін шығаратын «Гормолзавод» ЖШС-да болып, жобаның алғашқы қатысушыларымен кездесті. Бағдарлама аясында кәсіпорын шикізатты жобаға қатысушылардан сатып алады. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, биыл бағдарламаға қатысушыларды несиелеу үшін мемлекет тарапынан Ақмола облысына 1,2 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат аясында ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жаңа бизнес-жобаларды ашуға және қолданыстағы жобаларды кеңейтуге шамамен 250 несие беру жоспарланып отыр.
А.Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жоба 2023 жылдан бастап өңірлердің ерекшеліктері мен әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, барша ел төңірегінде кеңейтілетінін атап өтті. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Сондай-ақ облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ақмола облысында 2023-2025 жылдары 26 500 оқушыға арналған 20 мектеп салу көзделген.
Жұмыс сапарының соңында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары әкімдері орынбасарларының, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика вице-министрлерінің қатысуымен кеңес өтті. Онда әлеуметтік мемлекеттік бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берілді.