• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2014

АӨСШК төрағалығы – Бейжіңде

241 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың қатысуымен брифинг өтті. Ол Шанхайда өткен төртінші АӨСШК саммитінің қорытындысы туралы баяндап берді. Биылғы жылдың 20-21 мамырында Қытайдың Шанхай қаласында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төртінші саммиті өткен болатын. «Бүгінгі таңда АӨСШК – толыққанды қалыптасқан халықаралық ұйым. Ұйымның 4-ші саммитінде бірқатар ерекшеліктер бар. Оның ішінде, ең алдымен саммитке 47 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқандығы болып отыр. Сондай-ақ, алғаш рет Азия кеңесінің жұмысына БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун қатысты. Жаңа екі мемлекет – Катар мен Бангладеш Кеңеске толыққанды мүше ретінде қосылып, форумның қатысушы мемлекеттерінің санын 26 мемлекетке дейін жеткізді. Сондай-ақ, 6 мемлекет пен 4 халықаралық ұйым байқаушы ретінде жұмыс істеп отыр. Ұйымның Азиядағы қатысушыларының үлесі, аумақ жағынан құрлықтың 90 пайызға жуығы болса, ал халқы жағынан дүниежүзінің жартысына тең мемлекеттерді біріктіріп отырғандығы оның қаншалықты маңызды ұйым екендігін білдіреді. Айта кетерлік жәйт, биыл форумның төрағалығы Түркиядан Қытайға өтті. Бұл да маңызды үрдіс. Өйткені, ресми Бейжіңнің көпжақты форумдарда мұндай белсенділікті жиі өз мойнына ала бермейтінін есепке алсақ, форум төрағалығының Азияның батысындағы мемлекеттен шығысындағы алпауыт елге өтуі форумның паназиялық сипатқа ие болғанының дәлелі. Тағы бір маңызды нәтиже, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымы ретінде қайта құру немесе өркендету ұсынысы болып отыр. Бұл, әрине, Азия кеңесінің дамуындағы ерекше кезең болмақ. Осы кезеңде біз Қытай Халық Республикасының төрағалығына үлкен үміт артып отырмыз. Саммитке қатысушы мүше-мемлекеттер Шанхайда өткен жиында «қазақстандық факторды» жиі ауызға алып, ерекше атап отырды. «Қазақстандық фактор» дегенді нақтыласақ, Елбасы енгізген саяси актив пен капиталды айтар едік. Халықаралық аренада мойындалып, бірқатар әлемдік үрдістер бойынша өзінің жеке көзқарасын білдіре алатын үлкен көшбасшы пікірлері жиынға қатысушы мемлекеттердің де пікір-ұстанымына сай келеді», деді Е. Ашықбаев. АӨСШК-нің Қазақстандағы Хатшылығы жуық арада Ал­ма­тыдан Астанаға көшірілмек. Е.Ашықбаевтың айтуынша, хатшы­лықтың жаңа жетекшілігіне қытайлық дипломат тағайындалған. Ол Астанада өтетін хатшылықтың арнайы сессиясына қатысып, ҚХР-дың АӨСШК-ге төрағалығы барысында жүзеге асыруды жос­парлап отырған басымдықтар бағдарламасымен таныспақ. Негізгі баяндамадан соң журналистер Сыртқы істер министрінің орынбасарына тақырыптан тыс, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан».