Күні кеше Португалияның Алмада қаласындағы дзюдодан гран-придің 2 - күні аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржынына 73 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Жансай Смағұлов жүлделі орындардың біріне ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәжірибелі отандасымыз финалда өзбекстандық Обидхон Номоновқа есе жіберіп алды.
Жансай Смағұлов іріктеу кезеңінде әуелі швед Олоф Хермодссонды, сосын украиналық Владислав Казимиров пен бельгиялық Йерун Кассені ұтып, В тобынан шықты. Жартылай финалда А тобының жеңімпазы испан Хосе Антонио Аранданың жауырынын жерге тигізді.
Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин гамбиялық Фэй Нджиді (шидо санымен) және португалиялық Саба Данелияны ұтқанымен, әзербайжандық Нұрлан Османовтан ұтылып қалды.
Барлығы 73 келіге дейінгі салмақта 60 дзюдошы сынға түсті.
Қазір Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын және 2 күміс медальмен 2 - орында тұр.
Айта кетейік, гран-при 29 қаңтарға дейін Тежу өзенінің жағасында өтеді. Мұнда 81 елдің 550-ге жуық татами шебері рейтинг ұпайы үшін таласып жатыр.
Гүлшахра САНСЫЗБАЙ