• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2014

Ашықтық, тиімділік, есептілік, жауаптылық

390 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орта­лық аппаратында Партиялық бақылау ко­митетінің отырысы өтті. Онда партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінен мемле­кеттік органдарға жолданатын азаматтардың өтініштерін қарау мәселелері талқыланды. Отырысқа «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысты. Жиынға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депута­ты Қуаныш Сұлтанов талқы­ла­натын мәселе өзінің өзекті­лігімен ерекшеленетініне тоқ­тал­ды. Комитет төрағасының атап өтуінше, азаматтардың өтініш­терін қарау заман талабына жауап беруі тиіс. Бұл мәселеде барлық мемлекеттік органдар мен қо­ғамдық институттардың жауап­кершілігі ерекше рөл атқа­рады. Мемлекет басшысы өз Жол­дауында елімізді әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосу міндетін қойып отыр. Сондықтан партия осы бағытта бәсекелестікке қабілеттіліктің үлгісін көрсетуі қажет. «Партияның жұмысын жан­дан­дыру мақсатында өткен жылы «электронды партия» жобасы жүзеге асырыла бастады, – деді Қуаныш Сұлтанов. – Бұл аза­маттардың өтініштерін қараудың ашықтығы мен тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді». Партиялық бақылау коми­тетінің төрағасы, сондай-ақ, осы жылдың сәуірінде өткен отырыста көтерілген мәселелердің нәтижелерінен де хабардар етті. Ол партиялық жарнаны өз уақытында төлеуді ұйымдастыруға қатысты. Осыған байланысты Партиялық бақылау комитеті өңірлік бақылау комиссияларымен аталған мәселе бойынша отырыстар өткізген. Соның нәтижесінде өткен бес айда партиялық жарна төлеу 100 пайызға қамтамасыз етілді. Партиялық тәртіп нығайды. Бұл комитеттің ең басты мәселесінің бірі болып табылады. Күн тәртібіндегі мәселе бой­­ын­ша «Нұр Отан» партиясы Төр­а­ғасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сөз сөйледі. «Нұр Отан» билік партия­сы бол­ғандықтан, біз таза және ашық жұмыс істеуіміз керек, – деді Бауыржан Байбек. – Халықтың және партияластардың алдында есептілік болуы қажет. Халық пен партия арасында тікелей байланыс орнатылуы тиіс. Бүгінде партия 12 жобаны іске асыруды қолға алып отыр. Соның бірі – «Кедергісіз келешек» жобасы. Аталған жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеу­меттік жағдайын көтеруге бағыт­талған». Мемлекет басшысы пар­тияның ХV съезінде сөйлеген сөзінде ХХІ ғасырдағы көшбасшы пар­тия – жалпыхалықтық бақы­лау­дың бас­ты құралы деп атап көрсеткен еді. «Сондықтан «Нұр Отан» мемлекеттік емес ұйымдардың басын қоса отырып, халықтың мұң-мұқтажын билікке жет­кізулері керек, – деді партия Төра­ғасының бірінші орынбасары. – Ал оның негізгі құра­лы – партиялық бақылауды, пар­тиялық жауапкершілікті күшей­ту. Себебі, партияның Саяси доктринасында көрсетілген азаматтарға қызмет ететін мем­лекет ұстанымына сәйкес, бұқара мен билік қарым-қаты­насының мүлде жаңа сипатта, тек әріптестік пен заңды бұлжытпай орындау негізінде қалыптастыруды талап етеді. Егер әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енеміз десек, біз әрқашан да халықтың сеніміне ие болуымыз қажет». Көпшіліктің «Нұр Отан» партиясына деген сенімі жыл өткен сайын артып келеді. Сөз барысында шешен бұған нақты мәліметтер де келтірді. Бауыржан Байбектің атап өткеніндей, партия төрт негізгі қағидат бойынша жұмыс істеуде. Ол – ашықтық, тиімділік, халық алдында есеп­тілік және жауаптылық. «Нұр Отан» – азаматтық қоғам субъек­тісі. Бүгінде партияның 241 қоғамдық қабылдау орны тиімді жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде ғана партияның осы қабылдау бөлмелеріне 800 мың адам өтінішпен келіпті. Өті­ніштердің 130 мыңы мемлекеттік органдардың қарастыруына жолданған. Ал 40 пайыздан астамы жергілікті жерлерде шешімін тауыпты. «Биылғы жылдың бес айында, – деді ол осы жөнінде, – азамат­тардан 200 мың өтініш түсті. Бүгінгі күні оның 75 пайызы шешілді, қалғаны қадағалауға алынды». Қоғамдық қабылдау бөл­ме­лерінің жаңаша жұмыс істеуі өз нәтижесін көрсетіп отыр. Бірін­шіден, ол әр өңірдің, әр ауданның әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы туралы нақты статистика қалыптастыруға, екіншіден, пар­тияның Сайлауалды тұғыр­намасын жүзеге асыру мони­торингін жүргізуге және мемлекеттік, салалық бағдарла­малардың тиімді орындалуын бағалауға мүмкіндік береді. Отырыста, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақаловтың баян­дамасы, Денсаулық сақтау министрлігінің жауап­ты хатшысы Серікбол Муси­нов­тың, Білім және ғылым минис­тр­лігінің жауапты хатшысы Әлия Ғалимованың, Алматы облы­сының әкімі Аңсар Мұса­хановтың, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мыр­захметовтің есептері тыңдалды. Аталған мәселе бойынша Партиялық бақылау комитетінің мүшелері Майра Айсина, Сергей Громов, Ирина Аронова, Әнуар Ілиясова, Сауытбек Абдрахманов пікір білдірді. Отырыстың қоры­тын­дысында азаматтардың өті­ніштерімен жұмыс істеудің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар жасалды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».