Мақтаарал ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназияның аты дүркіреп тұр. Бұл оқу орнын Мақтааралдың алтын мектебі десе де әбден жарасады.
2010-2011 оқу жылында ҰБТ-ның орташа көрсеткіші – 108,87, 2011-2012 оқу жылында – 102,4, 2012-2013 оқу жылында – 107,64, 2013-2014 оқу жылында 113,4 балл болды.
Былтыр «Алтын белгіге» үміткер 50 оқушының 29-ы, биыл 38 оқушының 27-сі, яғни 71,5 пайызы үмітті ақтады!
Үстіміздегі жылы ҰБТ сынағына мектеп-гимназияны бітіретін 54 оқушы, яғни 100 пайызы қатысты. Жоғарыда келтіргеніміздей, 27 түлек «Алтын белгі» алды. Үздік аттестатқа үміткер 15 оқушының бәрі де түгелдей сенімді ақтап шықты.
Биылғы 54 түлектің 42-сі барлық пәнді тек «5» деген бағаға тапсырды.
Мақтааралдың Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясында мақтанарлық көрсеткіш көп. А.Бекманова, Е.Вегнер, Н.Жүнісова, К.Сахиева жетекшілік ететін сыныптардан көптеген оқушылар ең жоғары көрсеткіштерге ие болды. Нұрлан Ертаев, Әсия Айкенже, Нұрлан Нөкербек─123 балл, Диана Токаман, Малика Бабаш, Дәулет Әзім – 121 балл, Қорлан Серік, Айсұлу Еркін 120 балл алды. Сондай-ақ, 30 оқушы 111-119, 15 оқушы 100-110 аралығында балл жинады.
Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназияны көп жылдан бері ізденімпаз, жаңашыл ұстаз Өмірхан Қозыбақ басқарады. Ширек ғасырлық мұғалімдік тәжірибесі бар директорға қазір бүкіл Оңтүстік өңірі қызығады. Мектеп мұғалімдері де, шәкірттері де өздерін «Бауыржаншылдармыз!» дейді. Қазақ еліне, туған халқына қалтқысыз қызмет ету, нағыз патриот, абзал азамат болмақты парыз санайды. Ұлтының намыс туына айналған қаһарман қолбасшы, терең ойшыл, жауынгер жазушы Момышұлы мұраттарына адал болуға ұмтылады.
«ҰБТ сынағына дайындалуда, «Алтын белгі» мен үздік аттестатты көбірек алуымызда ешқандай құпия, жасырын сыр жоқ. Құпия да, сыр да тек шынайы еңбекте, шын ізденісте. Бауыржан Момышұлы да шындық пен шынайылықты, ерінуді білмес еңбекті биік бағалаған», деседі Өмірхан мырза жетекшілік ететін ұжымдағы ұлағатты ұстаздар.
Мектепішілік басқару жүйесі заманауи зиятты жолға қойылған. Мектеп-гимназия жетекшісінің тікелей талапшылдығымен 10-11 сынып оқушыларынан апта сайын байқау сынағы алынады. Төмен ұпай көрсеткен шәкірттің әрқайсысымен, олардың ата-аналарымен сұхбаттар, сараптама жиындары өткізіледі. Солардың қорытындыларына қарай жұмыс жалғасын табады.
2006-2007 оқу жылынан бері әр тоқсан сайын және жылдық «+5» тесті алынады. Бұл жүйенің тиімділігі көп. Оқушыларды тестке дағдыландырады және әрбір пән мұғалімінің оқу бағдарламасын қаншалықты деңгейде меңгерте алғанын айқындайды. Әр жыл сайын пән мұғалімдері жаңа сұрақтармен толықтырып, жаңа тест варианттарын кіріктіріп отырады.
Мектеп-гимназияның тағы бір ерекшелігі – математика пәнін оқытуға айрықша назар аударады. Бұл – тек осы пәнге артықшылық жасау емес. Математика арқылы өзге сабақтарды оқытудың да сапасын арттыра түсуді мақсат етеді.
Он бес мұғалім Кембридж әдіс-тәсілі бойынша арнайы даярлықтан өтіп келіп, тәжірибені тындырымды пайдалануда.
Момышұлы мектебіндегі Әшірай Маралова, Тамара Қарабалаева, Вахиша Исатаева, Клара Сарыбаева, Нұрзада Әлметова, Нұрзия Қонысова, Ғазиза Төленбаева, Жауқазын Сауытова, Зәмира Биімбетова, Гүлвира Уәлиева, Майра Жанаева, Нұргүл Жақсыбаева, Ақнұр Орақбаева, Ақмарал Бекманова, Бағдагүл Аязбекова, Мұхтар Биімбетов, Сәкен Жұмақов, тағы басқа да мұғалімдердің жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жалықпас, жемісті жұмыстарын жұртшылық жоғары бағалайды.
Мерейің арта бергей, Мақтааралдың алтын мектебі!
Мархабат БАЙҒҰТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Суретте: ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов мектеп-гимназияда.