• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Ақпан, 2023

«Әкем келеді»

548 рет
көрсетілді

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз туралы белгілі суретші, пуб­лицист Жеңіс Кәкенұлы: «Меніңше, асыл ағаның шы­­ғармашылығының ас­қар биігі – «М.Фрун­зе­нің Самарқан халық ерік­тілері алдында сөз сөй­леуі» атты картинасы. Уақыттың сол кездегі сурет­шіге қойған шартын­да шаруам жоқ. Мені тамсантып отырғаны бұл картинада бәрі бар.

Мұндағы топтық портретті, табиғат көрінісін, натюрморт пен анатомиялық дәлдікті айтпағанда, сурет, композиция, рең, тон, колорит, бояудың жарық-көлеңке, суық-жылы алмасуына қойылар сандаған талаптарын қиналмай көтеріп кеткен толағай күш жатыр. Майлы бояумен картина жазу, қазақ жерінде Нұрмұхамедов туғаннан аз ғана бұрын өркен жайды десек, сол үрдісті табан астында үйреніп, баяғыдан бардай, бар болғанда етене өнердей ширатып, өріп әкеткеніне де қайран қаласың», деп жазыпты ол туралы мақаласында.

Кәсіби қылқалам шеберінің айтқан пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Толық келісеміз. Алайда бейнелеу өнеріне қызығатын азамат ретінде бізге де оның бір картинасы қатты ұнайды. Ол – «Әкем келеді» атты картинасы. Алдымен туындының тақырыбы тартып әкетті. «Әкем келеді». Қандай жып-жылы сөз. Даланың бір қойнауында бүлкілдеп ағып жатқан бұлақтың ыстық суына малып алғандай әсерге бөлейтін осы бір ауыз сөздің астарынан әкеге деген барлық құрметті сезінесіз. Халқымыз кейде «Әке­нің жақындығы – жездедей» деп айтып жатады. Өз басым, бұл пікірмен келісе алмаймын. Әрине, тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүниеге әкелген ананың жөні бөлек. Алайда бала үшін әкенің де өз орны бар. Бір сөзбен айтқанда, әке – асқар тау.

Енді картинаға келейік. Есік­тің алдында жас келіншек пен кішкентай қыз бала жол қарап тұр. Екеуі де жеңіл киінген. Жаз мезгілі болса керек. Күн шақырайып тұр­ғандықтан келіншек оң қолы­мен күнді көлегейлеген. Арғы жағынан алып өндірістің мұржасы, тоқтаған вагонның сұлбасы аға­раңдайды. Бейбіт өмірдің таңғы шықтай мөлдір шақтары екенін байқайсыз. Нәтінде, анасын әкем келе жатыр деп қызы алып шыққан секілді. Екеуі алдынан шығып тосып тұрғанға қарағанда, отағасы түскі асқа келе жатыр-ау... Былай айтқанда, қарапайым көрініс. Бала күнімізде өзіміздің де басымыздан өткен ыстық сәттер. Бірақ осы суретте не бар десек, бәрі бар – әкеге деген жылылық, ме­йірім, ілтипат, махаббат. Бас­тысы – шынайылық. Автор осы жұмысты 1960 жылы салса да, дәл кеше ғана қылқаламынан тудырған секілді әсер қалдырады. Картинаға әр беріп, сұлуландырып, қанаттандырып тұрған бояудың түсі мен композициясынан туын­дыгердің шеберлігіне тамсанып қана қоймай, таңғаласыз.

Ал бұл еңбектің иесі кім деп отырған боларсыз, ол – көр­нек­ті кескіндеміші, өнертану ғы­лы­мының кандидаты, Қазақ КСР-нің халық суретшісі, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Нағымбек Нұрмұхамедов. Айтулы тұлғаның біз сөз еткен туындысынан басқа, бейнелеу өнерінің түрлі жанрында салған «Ыстықкөлді еске алу», «Мұхтар Әуезов», «Мәлік Ғабдуллин», «Амангелді Имановтың шабуы­л үстінде», «Биші Лераның бей­несі» және т.б. сюжетті дү­ние­лері мен портреттері біздің ғана емес, әлемнің көптеген елде­рінің көрмесін аралап кеткен. Бұған қылқалам иесінің Алматы театр-көркемсурет училищесінде, одан кейін Санкт-Петербургтегі кескіндеме, мүсін және архитектура институтында және 1961 жылы КСРО көркемсурет академиясы жанындағы аспирантурадағы А.М.Герасимовтың шебер­хана­сында оқып шыңдалған кәсі­би шеберлігі мен табиғат берген таланты себеп болса керек.

Сондай-ақ кейіпкеріміздің суретші болып қалыптасуына академик Қаныш Сәтбаевтың да ықпалы тиген. Бұл жайында журналист Тілеуберді Саха­баның қылқалам шебері туралы мақаласында Қазақ­стан Сурет­­шілер одағының Павлодар об­лыстық филиалының директоры Өсербай Шоранов: «Нағымбек ағамыз қаршадайынан жетім қал­ғандықтан оны Қаныш Иман­тайұлы қамқорлығына алып, білім алуына көмектеседі. Оны ға­лымның көзін көргендердің бәрі біледі. Жазушы Қалмұқан Исабаевтың естелігінде мынадай бір дерек бар. Қалекең Қаныш ағаның кабинетінде отырса, бір жас жігіт кіріп келіп сәлем­деседі. Жас жігітті одан кейін де бірнеше рет көреді. Сон­да ол кісі Қаныш ағадан: «Бұл бала кім?» деп сұрайды. Қаныш аға­мыз: «Бұл – Нағымбек деген жас суретші. Ата-анасының қолынан дәм татқан едім. Қазір ата-анасы қайтыс болды, ешкімі жоқ, сондықтан қарайласып жүр­мін» деп айтады. Сол Нағым­бек кейін өнерімен бүкіл Одаққа танымал болды», деп айтыпты.

Қазір Павлодар облысындағы көркемсурет музейі Нағымбек Нұрмұхамедовтің есімімен аталады.