Әскерге «Отан қорғаймын!» деп кеткендер табытпен оралып жатыр. Соңғы уақытта елімізде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылған ананың көл болған көз жасын кім сүртеді? Қорғаныс министрлігі көбіне-көп суицидтің себебін «махаббат жырымен» байланыстырып, отбасындағы тәрбиенің осалдығын алға тартып отыр. Құзырлы орган нақты шаралар қабылдамаса, әскер жақтан тағы қанша қаралы хабар келеді?!
Қызыл диплом һәм қара қағаз
Қазір қоғамда әскер туралы теріс пікір қалыптасқан. Сарбаз өлімі жазатайым оқиға болса бір жөн. Өз-өзіне қол жұмсап, ажалы өзге сарбаздардың әлімжеттік әрекеттерінен келіп жатыр. Сарбаздардың өлімі ұл тәрбиелеп отырған ата-аналардың жүйкесіне кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Қазір кез келген тұрғынды тоқтатып, «Балаңызды әскерге жіберуге қалай қарайсыз?» деп сұраңызшы. Қорғаныс министрлігіне шағымын айтып, баласын әскерге жібергісі жоқ. «Қазіргідей халықаралық қақтығыстар белең алған алмағайып заманда тез арада әскерде тәртіп орнатылуға тиіс. «Балық басынан шіриді» демекші, әр сарбаздың өлімі үшін шенділер жауап беру керек», деген пікірді алға тартады жұртшылық. «Министрлік «сарбаздарға тегін білім грантын үлестіріп жатырмыз» деп жүйелі жұмыс істеп жатқан кейіп танытпай-ақ қойсын, қызыл диплом мен қара қағаздың құнын салыстыруға болмайды!» дейді қалың көпшілік.
Былтыр орын алған сарбаздардың өліміне қатысты қайғылы жағдайлар ұмытыла қойған жоқ. Жуырда өткен жылы Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бекетінде өзіне-өзі қол салды делінген 18 жастағы сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты тың деректер жарияланып, қоғамды дүр сілкіндірген еді. Істің ақ-қарасы алдағы уақытта белгілі болар.
Өткен жылы 29 шілде сағат 21:00 шамасында Степногорск қаласындағы әскери бөлімде Ұлттық ұланның әскери қызметкері асылып қалған жерінен табылған еді. «Автопаркте кезекші қызметін атқарып жүрген мерзімді қызметтегі қатардағы сарбаз Н.А.Оразбай кезекшіден дәретханаға баруға сұранған. Біраз уақыттан кейін ол автопарк қоймасында асылып қалған жерінен табылды», делінген ресми хабарламада. Автопарк кезекші қызметі дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Одан кейін сарбаз жедел жәрдеммен Степногорск қаласының орталық қалалық ауруханасына жеткізілгенімен көз жұмды.
Араға күн салмай, дәлірек айтсақ, 30 шілде сағат 05:15-те әскери бөлімге аға сержант А.С.Мерғалиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен. «Мән-жайды нақтылау кезінде жұбайының түнгі сағат 03:30 шамасында күйеуінің денесін үйінің дәретханасынан тауып алғаны белгілі болды», деп хабарлады Ұлттық ұлан. Арнайы комендатураның қарауыл бастығы, аға сержант Абылай Мерғалиев Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бастап қызмет етіп келген.
Екі оқиғаны ғана тілге тиек еттік. Қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуі соншалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Президент келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмауды нақтылап, осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатынын ескерткен еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 22 сәуірде Жамбыл облысында Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты істің нақты себебін анықтауды тапсырғаны белгілі. Бұл ретте Қорғаныс министрлігі жеке құрамды жеткіліксіз бақылау және 30212 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан жұмыстағы олқылықтар фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізген болатын. Кейіннен 30212 әскери бөлімінің командирі және осы бөлімнің оқу ротасының командирі лауазымынан шеттетілді. Одан бөлек сарбаз өліміне байланысты аталған әскери бөлімнің тағы 3 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айтпағымыз, әр сарбаз өлімінің нақты себебі анықталып, кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы керек! Бұл – қоғамның талабы.
Кім кінәлі?
Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев соңғы уақытта әскерде жиі болатын сарбаздардың өліміне байланысты пікірін білдірді. Генерал азаматтық борыштың бұрынғыдай 2-3 жыл емес, 1 жылға қысқарса да сарбаздардың өлім-жітімі тоқтамай тұрғанына күйініп отыр.
– Мұнда барлық кінә – командирден. Әрі жергілікті әкімдіктер де жауапкершілікті сезінбейді. Әскерге жіберу жоспарын миларына құйып алған. Жүгіріп жүріп военкоматқа тізім тапсырады, болды. Әрі қарай бақылау жоқ. Командир сарбазға әке де, ана да болуы керек. Кейде оның көлеңкесінде өзгелері осындай қитұрқы әрекетке барып жатады. Бұл жағдайда да жауапты командир болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан қазір көп адам командирліктен қашып жатыр. Мұны тоқтату үшін реформа керек. Яғни ол жерде ең алдымен кім болсаң да әрбір опасыздыққа кінәліні шеніне қарамай жазалау керек. Мейлі генерал, мейлі сержант болсын, қатаң жазалау қажет. Тіпті бүкіл елге көрсету керек. Білсін. Сол кезде аяқ тартады. Бұл жағдай тоқтайды, – дейді генерал.
Жұртшылықтың жағымсыз пікіріне қатысты былтыр маусым айында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов өз уәжін айтқан болатын. Оның пікірінше, соңғы кездері жиілеп кеткен сарбаздардың өліміне әскери сала кінәлі емес. Салаға жауапты тұлғаларға жала жаппас бұрын жастардың суицидке баруының себебін анықтау қажет.
– Біз бірінші кезекте жастардың өз-өзіне қол салуының астарына үңілуіміз қажет. Мұндай жағдайға тек әскер немесе әскери сала ғана кінәлі болмайды. Бозбала әскери борышын өтеуге келгеннен кейін оның өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктелетіні айдан анық. Алайда адам әскер қатарына жетілген, толысқан күйде, қоғам арасынан келеді. Ол өз мәселелерін, жанын жеген проблемаларды өзімен бірге арқалай келуі мүмкін, – деген еді министр.
Министрліктің мәліметінше, әскерге барып, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. «Әскерге барудан қорқып жүргендерге айтарымыз – қазір барлық Қарулы Күштерде құқық бұзушылықтарға жол бермеу шаралары қолданылып жатыр. Барлық құрылым бір шақырылымның әскери қызметшілерінен жинақталады. Әлімжеттік барлық жерде жойылған десек те болады. Казармалар әскери бөлім бойынша кезекшіге шығарылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған, бұл жағдайды үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік береді», дейді аталған ведомство ұсынған ресми ақпаратта. Сондай-ақ ресми хабарламада әскерде болған келеңсіз жайттар туралы анонимді түрде хабарлауға болатыны айтылған. «Сарбаздарға бас және өңірлік әскери қолбасшылары, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасарларының ұялы телефон нөмірлері беріледі. Ол нөмірлерге кез келген уақытта қоңырау шалып, SMS хабарлама жазуға болады. Сондай-ақ анонимді түрде хабарлай алады. Келіп түскен әр өтініш бойынша тексеріс жүргізіледі. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, жедел шара қолданылып, кемшіліктер жойылады», дейді министрлік басшылығы.
Әскери салаға реформа қажет
Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Қарулы Күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің аға офицері Руслан Тапашевтің айтуынша, бүгінде елімізде 30 мыңнан аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүрген көрінеді. Былтыр әскерге барудан жалтарып, есепке алу құжаттарын қасақана бүлдірген немесе жоғалтқан 4 мыңға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған. «Жергілікті әскери органның шақыртуы бойынша келмеген азаматқа 5 АЕК айыппұл салынады. Ал әскерге шақырылушы әскерден бірнеше рет жалтаратын болса 1000 АЕК дейінгі айыппұл, не болмаса 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», дейді Р.Тапашев.
Жастар неге әскерден жалтарады? Әлімжеттіктің әсері бар екені сөзсіз. Өзге де жекелей себептер де жоқ емес. Мәселен, психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, қазіргі уақытта жастардың тұрақты айналысатын хоббиі бар, өздерінің айналысатын сүйікті істері бар. «Сол істерінен, күнделікті қалыптасып қалған өмір сүру дағдысынан ажырағысы келмейді, өмірін өзгерткісі келмейді», дейді ол.
Қорған болып ел қорғайтын қатарласым келді деудің орнына, бар білгенін үйретудің орнына ұрып-соғуға құмар «дембельдер». Балық басынан шіритінін біліп айтқан ғой бабаларымыз. Басшылар да бар былыққа көз жұма қарап отырғаны өтірік пе? «Бас жарылса бөрік ішінде» деген пиғылмен кез келген шуды әскери бөлімнің сыртына шығармауға тырысады. Сарбаз өлімін жасыру мүмкін емес, әрине. Отан алдындағы борышын өтеп келген кез келген жас «таяқ жедім» деп турасынан айта қоймас. Шын мәнінде «өмір мектебінен» өтетінін жасырмайды. Бұл – психологиялық әлсіздік. Құлдық сана. «Мен таяқ жедім, менен кейінгілер де таяқ жеуге тиіс» деген жабайылық. Әлімжеттік болмаса сарбаздар үйінен ақша сұрап сары уайымға салына ма? Жаудың көзін құртуға берілген оқ өз-өзін «жұтуға» жұмсала ма? Әскерге сау болып барған жас отбасына ақыл-есі кем болып қайтар ма еді?
Қазіргідей алмағайып заманда әр сарбаздың тағдыры маңызды. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылу оңай емес. Сарапшылардың айтуынша, біздің Қарулы Күштерде екі проблема – қатардағы жауынгерлердің зәбір көруі, әскердің ел алдында беделінің төмендеуі байқалып отыр. Бұл – мемлекетті қорғау саласындағы жүйелі проблема, азаматтар мен әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Яғни еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды.