Жыл басында Қазақстанда алтын қоры азайып қалғаны туралы ақпараттар ресми орындар тарапынан айтылды. Ұлттық банктің хабарлауынша, алтын қорының қысқаруына оның сыртқы нарықтарда сатылуы, алтын бағасының бір унциясы үшін 1,8 мың долларға дейін немесе 0,43 пайызға дейін төмендегені де себеп болған. Бір жыл ішінде алтын-валюта активтерін әртараптандыру мақсатында бағалы металды сыртқы нарықтарға сатылым кезең-кезеңімен жүргізді. Бұл ретте қорлардағы алтынның үлесі 68 пайыздан 58 пайызға дейін төмендеген.
2021 жылы қордағы алтын көлемі – 392,7 тоннаны құраса, биыл 385 тонна. Жыл басында ол 407 тонна болған. Қазақстан алтын қоры бойынша Түркия мен Португалияның ортасында, 13-орында тұр. Алтын қоры бойынша АҚШ, Германия және Италия – алғашқы үштікте. Жыл басында алтынның бағасы бір унция үшін 1 834 доллар болып белгіленді. Алтын соңғы рет маусым айында қымбаттап, қараша-желтоқсанда арзандады. «Бұған дейін Bank of America сарапшылары алтынның құны келесі жылы бір унция үшін 2 мың доллардан асуы мүмкін деп болжаған еді. Өйткені барлық қымбат металдардың ішінде алтын федералды қор жүйесінің ақша-несие саясатының өзгеруінен көп пайда көруі керек. АҚШ реттеушісінің 2023 жылы мөлшерлемелердің агрессивті өсуінен бас тартуы сатып алушыларды нарыққа қайтаруы керек, яғни қымбат металл бағасы өседі», деп жазады rbc.ru.
Ұлттық банк 2014 жылы теңге бағамын 10 айға дейін күштеп ұстап, валюталық резервтің жартысын «жағып» жібергенін сарапшылар бертінге дейін айтып келді. Валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында былтыр да интервенциялар жүргізілді. 21-28 ақпан аралығында олар 274 млн долларды, 1-5 наурыз аралығында – 120 млн долларды, 9 наурызда 198,9 млн долларды жұмсады. Қысқасы өткен жылы Ұлттық банк 1,4 млрд долларға валюталық интервенциялар жасады. Республикалық бюджетке Ұлттық қордан трансферттерді қамтамасыз ету үшін 4,3 млрд доллар мөлшерінде валюта сатылды.
– Ұлттық банк алтын-валюта активтерінде алтынның үлесін кезең-кезеңмен көтеруді құп көреді. Бұл дұрыс шешім. Алтын ұзақ мерзімді стратегиялық актив болғандықтан, доллар-теңге дәлізін шу шығып кетпейтіндей деңгейде ұстап тұра алмайды. Ұлттық банк алтынды ұзақ мерзімді қамтитын стратегиялық актив ретінде қарастырып отыр, – дейді қаржыгер Ілияс Исаев.
Алтын қолдағы қаржыны сақтаудың ең қауіпсіз құралдарының бірі екенін білеміз. Дүние жүзіндегі ең ірі алтын иеленуші АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесінің қорындағы алтын мөлшері 10 мың тоннадан асады. Дүниежүзілік алтын кеңесі сайтында жарияланған деректерінде соңғы 30 жылда алтын бағасы бес есе өскені айтылады. 1990 жылдары баға орта есеппен 362,3 доллар болса, 2010 жылға дейін 1 мың долларға өсті. 2020 жылы 1 769,6 долларға тең болса, 2022 жылы 1 800 доллардан асып кетті.
І.Исаевтың айтуынша, мемлекеттік резервте Қазақстан алтын айырбастау бойынша 40-орында тұр. Алтынды сатып алу барысы сол елдің қаржы реттеуші ұйымдары мен жекелеген инвесторлар арасындағы мәміле инвесторлар үшін активтер құрылымын, алтын-валюта активтеріндегі алтынның үлесін анықтайды. Базель келісімінің (Базель III) үшінші бөлігіне сәйкес, алтынды енді банктер кепілге толық құнымен қабылдайтыны алтынға деген сұраныстың өсуіне ықпал етіп отыр. Бұл алтынның актив ретінде сақталуын ғана емес, сонымен бірге құндылығын арттыруды қамтамасыз етеді.
Осыдан он шақты жыл бұрын Швейцария билігі тіпті Ұлттық банктің жалпы резервіндегі алтынның ең төменгі үлесін 20 пайыз деңгейінде заңмен бекіту үшін референдум өткізу туралы мәселе көтерген. Ішкі жалпы өнімдегі бизнестің, экономиканың үлесі мол елдерде заңмен бекіту қалыпты құбылыс. Ал экономикасы әртараптандырылмаған елдердегі алтын-валюта активтеріндегі алтынның үлесі оның бағасы, сұранысына қарап реттеліп отырады.
– 2019 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордағы активтің бір бөлігін алтынға алмастыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері» бөліміне өзгерістер енгізген болуға тиіс. Алтын-валюта активтерінің портфелі инвестициялардың көлемі туралы құпиялылыққа байланысты жария етілмейді. Бірақ алдағы уақытта ұлттық валютамызға мұнайдан кейінгі дем беруші фактор ретінде қарастырылуы мүмкін. Былтырдан бастап жер қойнауын пайдаланушыларға берілген келісімшарттар мен лицензиялардың мерзімі қайта қаралып жатыр. 2022 жылы қатты пайдалы қазбаларға 115 келісімшарт пен 198 лицензия, сондай-ақ көмірсутек шикізатына 12 келісімшарт бұзылды. Алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл өндіретін кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен стратегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылады. Оған барлық мүдделі инвесторлар қатыса алатынын айтып жатыр, – дейді І.Исаев.
Қаржыгердің айтуынша, қазақ алтынының ендігі тағдыры, яғни алтын мен теңге тандемының беталысы мен нәтижесі инвесторлар мен мемлекет арасындағы келісімдердің қорытындысына байланысты болмақ. «Алтын кені иелерімен арадағы келісімдер қандай жағдайда өткенін және келісімде не айтылғанын біз білмейміз. Мемлекет Ұлттық қордағы алтынның үлесін 5 пайызға көбейтуді жоспарлап отыр. Мемлекет пен инвестор арасындағы келісім енді барынша ашық болады деп үміттенемін. Бұл Ұлттық банкке Ұлттық қор активтерінің өтімділігін арттыруға, әртараптандыруға мүмкіндік береді», дейді ол.
Қазақстан алтын қоры жөнінен алғашқы 16 мемлекеттің қатарына кіретінін білеміз. Бұл ретте Ұлттық банктің оны өз қорына сыртқы нарықтан да, отандық өндірушілерден сатып алу мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда қордағы алтын валютамызды құнсызданудан сақтап қалатын фактор ретінде қарастырылуы әбден мүмкін.
– Әлем алтынды басқа қырынан танитын күн алыс емес. АҚШ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Бреттон-Вуд валюталық жүйесі бойынша долларды тұрақтандыру үшін алтынды кеңінен қолданысқа енгізді. Сол кезде елдің алтын қоры 20,2 мың тоннадан асатын, АҚШ долларының алтынмен бағалана бастаған кезі де сол уақыт. Әлемдегі алтын қорының 70 пайызын иеленуі валюта жүйесінің доллармен өлшенуіне ықпал етті. Халықаралық саудада алтын бағасы АҚШ долларымен белгіленеді. Орталық банктер алтынды өздерінің долларлық позицияларына қарсы хеджирлеу ретінде пайдаланады. Бұл активтер арасындағы теңгерімді ұлғайтуға, басқаша айтқанда, теңгенің әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының Ұлттық қордың жинақтаушы активтеріндегі алтынның үлесі 5 пайызға арттыру туралы шешімі Ұлттық банктің алтын-валюта активтеріне қатысты стратегиясының активтер құрылымын әртараптандыру үшін қабылданды. Ұлттық банк осыған дейін теңге-рубль конвертациясынан бастау туралы шешім қабылдады. Енді алтынның теңгеге қосымша дем беруі теңгенің интервенцияға тәуелділігін төмендетіп, нарықтың бағасын айқындайды, – дейді Ілияс Исаев.
Осы жылы алтын бағасы құбылмалы болатынын, 2-3 пайыздың арасында өзгеріп тұратынын сарапшылар жиі айтып жүр. Бұл өзгерісте макроэкономиканың ықпалы басымдау болып тұр. Бірақ оның нарықтың беталысына немесе жекелеген елдердің валюталарының бағамына әсері аз. Алтында төтенше жағдайларда ақша қызметін атқаратын құдірет бар. Өткен жылы алтынның бір унциясы 1 800 доллар дәлізінде саудаланды және жыл соңына қарай 3,5 пайызға төмендеді.
Биыл алтынның бағасы бір унция үшін 2 500 доллардан 4 000 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Өйткені пайыздық мөлшерлемелердің өсуі мен рецессия нарықтың беталысын құбылтып жіберді деген деректі батыс сарапшылары жиі айта бастады. Swiss Asia Capital компаниясы өкілі Юрг Кинер 2023 жылдың бірінші тоқсанында әлем экономикасы «аздап рецессияны» сезінетінін, бұл фактор алтынды бірден инвесторлар үшін тартымды активке айналдыратынын айтты. Алтын инфляцияға қарсы өте жақсы хеджирлеу, стагфляция және инвестициялық портфельге қосымша салмақ болып саналады».
Bloomberg-тің пікіріне сүйенсек, осыған дейін алтын инфляцияның өсуінен қорғанатын тетік ретінде қарастырылған. Өткен жылдан бастап оның қорғаныш тетігі біраз әлсіреп қалды. Бірақ бұл фактор алтынның бәсін түсіре алмаған. Қазір сарапшылар әлемдік банктер алтынды бұрынғыдан да көп сатып алып жатқанын айтуда. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Қатар және Өзбекстан бар. Халықаралық есеп айырысу банкі 500 тонна алтын сатып алды, ал Польшаның орталық банкі тағы 100 тонна алтын сатып алуды жоспарлап отыр.
Экономист Саян Қомбаровтың айтуынша, Ұлттық банк 2021-2022 жылдар аралығында 115 тонна алтынды орташа бағамен бір унциясы үшін 1801 доллардан сатқан. 2022 жылдың қазан айында 1,389 млрд долларға 24,68 тонна алтын сатылды. 2021-2022 жылдары Қазақстанның ішкі нарығында барлығы 87,84 тонна алтын сатып алды.
– Алтын инсайдерлері соңғы онжылдықтарда алғаш рет өз қорларында алтынның үлесін арттыруға жанталасып жатыр. Бұл әлемдік нарықта біз білмейтін құбылыстардың төбесі көріне бастады деген сөз. Мұндай жағдайда Ұлттық банк алтынды не үшін сатып жатқанын ашып айтуы керек. 2021 жылдан бастап Ұлттық қор түсімінде өсім бар. Көп жыл бойы кейбір топтардың жеке қалтасына құйылған қаржы қорға түсіп жатыр. Ұлттық қордың активтері 2022 жылы 55,8 млрд долларға дейін өсті. Ондағы доллар бюджеттің шығыс бөлігін қамтамасыз етуге жетеді. Бұл бізге алтын-валюта қорына алтынның қорын көбейтіп алуға мүмкіндік беріп тұр. Тап қазір алтынның сыртқа сатылуын түсінбеймін. Ұлттық банк қордағы алтын қорын көбейтуге басымдық беруі керек, – дейді С.Қомбаров.
Сарапшы Мақсат Халықтың пікірінше, сыртқы нарықтағы алтын бағасы 2022 жылдың қараша айынан қалыпқа келе бастады. Алтын-валюта қорындағы алтын үлесі қарашаның екінші жартысы, желтоқсан айынан бастап азайған. Қазан және қараша айларының қорытындысы бойынша АҚШ-та инфляцияның төмендеуі тіркелді. Бұл доллар бағасының 10 пайызға төмендеуіне, сонымен бір мезгілде алтын бағасының қымбаттатуына әсер етті.
– Ұлттық қордың өсім деңгейі өткен жылдарға қарағанда төмен. Теңгенің тұрақтылығын да Ұлттық қор арқылы қамтамасыз еттік. Өткен жылы Ұлттық қордан 2,2 трлн теңге аударылу керек еді. Бірақ оның көлемі 6,6 трлн теңгеге дейін өсіп кетті. Одан да көп болуы мүмкін деген пікірлер айтылып жатыр. Ұлттық қор трансферті қор биржасы арқылы да жүрді. Кейбір сарапшылардың «Ұлттық банктің интервенциясы теңге арқылы жүрді. Ол алтын қорына әсер етпейді» деген пікірін құптамаймын. Интервенция трансферті Ұлттық қор активтерінің кірістілігіне кері әсер етеді. Доллар алтынның бағасына айтарлықтай әсер ететінін сарапшылар соңғы кезде жиі айтып жүр. АҚШ долларының әлсіреуі бағалы металдың құнына оң әсер етуге тиіс. Доллар мен рубльдің үстемдігінен шығу және алтын қорының үлесін көбейту арқылы Қазақстанның резервтерін қорғау шараларын қабылдау қажет, – дейді М.Халық.
Оның айтуынша, алтын, көмір, темір, мыс, боксит, полиметалл орындары мемлекеттік қорға қайтарылатыны, кейіннен стратегиялық инвесторларға беру үшін аукционға шығарылатыны Ұлттық қор саясатына өзгерістер алып келуі, алтынның үлесін арттыруға ықпал етуі әбден мүмкін. «Енді Ұлттық қордың жинақтаушы активтеріндегі алтынның үлесі артады. Бұл қордың ғана емес, ұлттық валютамыздың да әлеуетін сақтап, қорғау үшін қажет», дейді ол.
АЛМАТЫ