АСТАНА. 17 маусым. Биыл Астананың Индустриалды паркінде 5 жаңа кәсіпорын іске қосылады, соның нәтижесінде 800 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы astana.kz хабарлады.
2014 жылы іске қосылатын жаңа кәсіпорындар ішінде «Шина-логистикалық кешені және шинаны қалпына келтіру өндірісі» жобасының 1-ші кезеңі; компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз етілген тігін құрал-жабдықтарын құрастыруға және тоқыма өнімдерін шығаруға арналған жоба – «KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені бар. Бұдан бөлек, металл құрылым мен «сэндвич» – панель өндірісі бойынша зауыт, заманауи өнеркәсіптік металл өңдеу және дәнекерлеу жабдықтарын пайдалану арқылы металл құрылым өндірісі ашылады.
Сонымен қатар, дизельді қозғалтқыш зауыты іске қосылады. Аталған жоба бойынша Evolution (GEVO) үлгісіндегі дизельді қозғалтқыштар шығарылады. Сондай-ақ, қосалқы бөлшектерді дайындау мен қозғалтқыштарға техникалық қызмет көсету жұмыстары қамтылады.
Жалпы, Индустриалды паркте жүзеге асырылатын жобаларды өндірістік іске қосу 2017 жылы аяқталады.
Айта кетейік, Индустриалды парк Астананың жаңа өнеркәсіптік аймағы. Паркте өнеркәсіптік нысандарды тез салу мен оларды одан әрі пайдалануға беру үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: astana.kz.
Фото: astana.gov.kz.