Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Ермек Көшербаев көрші елдің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесуге «Мәскеу болат және қорытпалар институты» Ұлттық ғылыми-зерттеу технологиялық университетінің ректоры Алевтина Черникова, Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Олег Хостребов, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор Мартынов, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының (университетінің) бірінші проректоры Геннадий Толстопятенко, «Мәскеу инженерлік физика институты» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің халықаралық стратегия және даму жөніндегі проректоры Дмитрий Савкин қатысты.
Тараптар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқан білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына жоғары баға берді.
Кездесу барысында аталған жоғары оқу орындарында Қазақстан студенттерін оқыту және Қазақстан Республикасының азаматтары үшін білім беру квотасын ұлғайту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, қыркүйек айында Алматы қаласында ашылған «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университетінің және Атырау қаласында ашылған И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалдарының жұмыс істеу бағыттары да сөз болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды арттыру, тағылымдамадан өту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру арқылы тәжірибе алмасуды жандандыруға келісті.