«Отпан» кәсіпорны мен облыстық құсбегілер федерациясы бірлесіп, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде құсбегілік пен саятшылыққа арналған дәстүрлі «Салбурын» этнографиялық іс-шарасын ұйымдастырды.
Қазақтың бекзат өнері әрі ұлттық спорты құсбегілік пен саятшылықты, соған қатысты өнерпаздықты халық арасында насихаттау, оған жастар мен оқушылардың қызығушылығын арттыру арқылы аңды мылтықпен емес бүркітпен, ителгімен немесе тазымен аулау әлдеқайда қызықты екенін насихаттау мақсатындағы іс-шара ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Ұйымдастырушылардың негізгі мақсатының бірі – Отпандағы салбурынды жалпы жұртшылық қатыса тойлайтын халықтық мерекеге айналдыру.
«Қарашаңырақ» жанындағы ұлттық спорт алаңында өткізілген шараға Тұщыбек ауылы мен облыстың түкпірінен келген құсбегілер, құсбегілік пен саятшылыққа қызығушылар, блогерлер, Отпан тау маңайындағы ауылдардың тұрғындары қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушы Ж.Айдарбек салбурынның тарихы мен мақсатына тоқталды. Жиналғандар құсбегілік пен салбурын туралы аудиолекция тыңдады. Құсбегілер А.Тайманов, Е.Есжанов, Ө.Советов қыран құстардың түрлері, олардың жастарына қарай атаулары, асырауы, баптауы туралы жас көрермендерге түсіндірсе, олардың шәкірттері бүркіт, ителгі мен қаршыға сынды қыран құстарды қолға шақырып қондыру, шырғаға, қоян мен кептерге түсу машықтарын көрсетіп, бабы мен шеберліктерін байқады.
– Құсбегілер мен осы өнерге қызығушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Мысалы, салбурынға бұрын жалғыз қатысқан бейнеулік бүркітші Жаңабай Кемелханов биылғы іс-шараға інісі мен баласын ертіп келді. Бұл Амал мерекесі секілді халықтық деңгейде аталып өтетін іс-шара болуы керек, – дейді Ж.Айдарбек.
Кең дала төсінде ән мен жыры төгіліп, қыраны мен тазысы атой салған салбурын соңы ұйымдастырушылардың ақ тілегі мен қатысушыларға Алғысхат тапсыруымен аяқталды. Бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіліп жүрген Отпандағы салбурынға пандемиядан бұрын көрші облыстардың құсбегілері келіп қатысатын еді. Биыл да қатысушылар мен қызығушылар көп болды. Бірақ қанша жыл халық қызығушылығымен өтсе де билік тарапынан қолдау жоқ. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта салбурынға билік көңіл бөліп, ұлттық іс-шараны лайықты өткізуге қолдау көрсетіп, атсалысса дейді.
Маңғыстау облысы