Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Арқада жосып жүрген киіктер батыс өңірлерге ауса, Ресейдің Алтай тауларынан асып келген бұландар Қазақстанның солтүстік-шығысын, Ертіс пен Жайық өзендерінің бойын мекендей бастағаны мәлім. Бұғы тектес жануар Баянауылдың таулы аймақтарында жиі байқалып, сортаң жерлерді жағалап жүр.
Бұлан негізі бұғы тектес сүтқоректі жануар болғанымен, тұрқы жағынан түйеге жақын, тұяғы айыр келеді. Қазақстанды мекендейтін сүтқоректілердің ішіндегі ең ірісі. Аналығы көп жерлерде қандағай деп аталады. Қандағайдың ең ірілерінің биіктігі 2,4 метрге, тұмсығынан құйрығына дейінгі тұрқы 3 метрге, салмағы 620 килограмға дейін жетеді. Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі күні Қазақстанда 7 мыңға жуық бұлан бар. Саны кейінгі жылдары үш есеге өсіп, Арқа жеріндегі ну орманды, таулы аймақтарда көбейе бастағаны байқалады дейді табиғат қорғау инспекторлары. Халықаралық Қызыл кітапқа енгенімен, жер бетіндегі нақты саны белгісіз.
– Бұлан – Қазақстанды мекендейтін тұяқты жануарлардың ең ірісі. Түсі көбіне қоңырқай болады. Еліміздің шекаралас аумақтарында, Жайық өзені аңғарында, солтүстік ормандарында, Ертіс бойы мен Алтайда кездеседі. 1985 жылдан бері Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағында жиі байқалып отыр. Біздің инспекторлар соңғы рет шамамен 20-25 бұланды санады. Кезінде Ресейдің қалың ормандарында, Алтай тауларында болған өрттен ауып, Қазақстанды мекендей бастаған жануар көбіне Баянауыл, Қарқаралы тауларынан өріс тапқан. Бұл жануардың бір ерекшелігі, ағзасында жылқы секілді өт болмайды. Ащылауыт, қамысты, қоғалы жерлерге жайылғанды, теректің қабығымен, таудағы аршамен қоректенгенді ұнатады. Біздің Баянауыл аумағында топырағы сортаң, ащы жерлер көп. Соларды жиі жағалайтыны байқалады. Ерекшелігі, үйірді аса ұнатпайды, екеуден, үшеу-төртеуден жүре береді. Аталығының аспанға қарай тарамдалып тұратын жуан әрі жалпақ мүйізі бар. Сырттай қарағанда жуас көрінгенімен, күзгі күйекке түсетін мезгілде жақындау қауіпті. Ондай уақытта адамға шабуылдаған оқиғаларды жиі естиміз. Жануардың күштілігі сонша, қасқырға алдырмайды. Тайыншадай арланды мүйізімен іліп, жарып кетеді. Баянауылдың Күркелі, Жаяу Мұса, Қаражар ауылдары маңындағы биік тауларда, Жалаңтөс асуы мен Мыршашоқыда, Қоңыр әулие үңгірі маңында жиі кездесіп қалады, – дейді Баянауыл ұлттық табиғи паркінің инспекторы, белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов.
Бір ерекшелігі, бұландар көбіне егізден төлейді. Сирек жағдайда үшем әкелетін кездері де болады екен. Бұзауы сарғыш-қоңыр түсті болса, есейгенде ашық сұрдан қара-қоңыр түске ауысады. Жас аталықтарында бір жылға дейін мүйіз болмайды. Қысқы уақытта күш-қуатын сақтап қалу үшін ересек аталықтары күзде мүйізін тастап, көктемде жұп мүйіз қайта өсіп шығады.
Биологиялық тұрғыдан алғанда шамамен 15-18 жыл тіршілік ететін тұяқты жануардың мүйізі бағалы, сүті құнарлы. Ғалымдар біраз жылдан бері бұланды шаруашылыққа пайдалану мәселесін көтеріп келеді. Дегенмен бұл сала Қазақстанда кенже қалған.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, қазіргі күні Баянауылмен қоса, бұландар Шарбақты ауданында да бар. Бұл аумақта шамамен 170 бұлан саналыпты. Тіршілік етуге қолайлы орта тапқан жануарлардың саны көбейіп келе жатқаны қуантады.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы