Жақында қолымызға қалыңдығы бір елі кітап тиді. Аты – «Алтынсарин алауы». Авторы – жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш. Оқыдық. Тұшындық. Туынды көлемді екі бөлімнен, бірнеше тараудан тұрады. Тарихи романның бас кейіпкері – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов бір сөзінде: «Қазақта үш мұнара бар, олар: Абай, Шоқан, Ыбырай», деп айтыпты. XIX ғасырда туып, қатарлас өмір сүрген үш алыптың халқымыз үшін жасап кеткен еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан да олардың орны да, жөні де бөлек.
Бұған дейін де ұлы ағартушы туралы бірнеше көркем шығарма жазылды. Соның ішінде Ғафу Қайырбековтің «Дала қоңырауы» поэмасы, Жайсаңбек Молдағалиевтің «Таза бұлақ» және Морис Симошканың «Қоңырау» аты романын айтсақ болады. Сонда да ұлы ағартушының өмірі мен ұлтқа жасаған қызметі ғылыми тұрғыда барынша зерделенгенімен, көркем шығармадағы бейнесі әлі де толық ашылмаған секілді көрінетін. Осы бір олқылықтың орнын толтыруға қалам тербеген жазушының еңбегіне тәнтіміз.
Біз сөз етіп отырған роман жоғарыда есімдерін айтқан ақын-жазушылардың шығармаларына мүлде ұқсамайды. Мұнда автор хронологиялық тәртіппен Ы.Алтынсариннің өміріндегі маңызды тұстарға тоқталып, оны айшықты деталь, қызықты сюжеттермен көркем жеткізген.
«Кейбір тарихи романдардың мазмұны өмірлік шындықтан алыстап кетіп жатады. Бұл туындыда олай емес. Шығарманы оқып отырып, бұрынғы осы тақырыптағы туындыларда кездеспейтін немесе айтылмаған көптеген әңгіменің қамтылғанын байқайсыз. Мысалы, Ыбырайымның жастық шағы туралы ешкім көркем жаза қойған жоқ. Ол балалық, бозбалалық кездерді қалай өткізді, қандай ой-арманы болды, ол жағы көркем шығармалардың өзегіне айналмағаны белгілі. Автор осы жағынан келе отырып, Ыбырайдың мектеп ашу жолындағы қиындықтарды мен бастан өткізген кедергілерін қызықты етіп баяндай біліпті», деп жазыпты кітаптың алғы сөзінде ақын, ыбырайтанушы Серікбай Оспанұлы.
Сондай-ақ қаламгер бала күнімізден құлағымызға сіңісті болған ағартушының есімін «Ыбырайым» деп жазады. Негізі, бұл дұрыс. Өйткені «Ыбырайым» – айтулы тұлғаның азан шақырып қойылған есімі. Сондықтан оны атасы, әке-шешесі «Ыбыш» деп еркелетсе, жақын туыстары «Ыбырай» деп айтыпты.
Романда ағартушының өміріндегі бұрын-соңды айтылмаған деректер мен түрлі сипаттағы талас-тартыстар шығарманың көркемдік салмағын арттырып, байыта түскен. Бас кейіпкердің өмір жолын қызықты оқиғалар арқылы суреттей отырып, шығарма авторы тарихи шындықтан мүмкіндігінше алыстамауға тырысқан.
Әсіресе Ыбырайымды бала күнінен оқуға беріп, саналы азамат болып қалыптасуына бар күшін жұмсаған атасы Балғожа бидің болмысы мен оның немересіне берген тәлім-тәрбиесі көркем өрілген. Жалпы, Балғожа да олқы адам емес. Тобыл – Торғай өңіріне танымал аузы дуалы билердің бірі. Сол кездегі Орынбор әкімшілігінің алдында беделі де зор болған. Балғожа би бірде Орынборға барғанда онда қазақ балаларына арнап мектеп ашылатынын естіп, елге қуанып келеді. Енді мына бір үзіндіге зер салыңыз.
«Патшаның мейірімі түсіп, осындай бір кеңшілік жасап жатыр екен. Алдымен сұлтандардың, ел ішіндегі атқа мінерлердің балаларын оқытамыз дейді. Сол оқуға мен де бір баламды беремін деп келдім. Орынбордағы ұлықтар қуанып қалды.
– Баланы беремін дейді, қай бала айтып отырғаның?
– Басқасын емес, әлгі Ыбышжанымды берсем деймін... Әкесі өлгеннен кейін мойныма қарыз болып қалды емес пе, жыламсыратқым келмейді... – дей берген сәтте Ханқожаның ащы даусы құлақты жара шаңқ ете түскені:
– Не дейді, ей, мына көк соққан! – Қалың қастарын үдірейте көтеріп, шаншылып қалған шалдың сопақтау жүзі кісі тіктеп қарай алмастай болып, лезде ызбарланып үлгеріпті: – Орыстың оқуы деп сандырақтағаны несі? Жаңа ғана «Орыстың балалары құсатып» дедің емес пе? Ендігі қалғаны сол еді», деп қарсы шығады. Осыдан бастап ел ішінде: «Біздің би деп, ел ағасы деп әспеттеп жүрген Балғожа орысқа әбден сатылып болыпты. Алтынсары марқұмнан қалған жалғыз немересін Орынбордың орысына беріп, кәпір оқуына оқытпақ көрінеді», деген жел сөз тарайды.
Сонымен қатар шығармада бас кейіпкердің өзінен басқа, кезінде оған қолұшын созған орыс оқымыстылары Ильминский, Григорьев және татар оқымыстысы Файызханов, тікелей басшысы болған Катаринский және Торғай облысының губернаторларының бейнелері мен есімдері сол қалпында алынып, болған оқиғалар тарихи деректен алысқа кетпеген. Ыбырай Алтынсариннің мектеп ашудағы көрген қиындығын сөзбен жеткізу қиын. Қиын болса да қаламгер соған төзіп, мойымаған кейіпкерінің болмысын шебер бейнелейді. Әсіресе көрнекті ағартушының арман-мұңын түсінбеген қазақтың кейбір бас көтергендері оның мектеп ашсам деген ісін келеке етіп, тіпті оған: « Бұл орысқа шоқыну, кәпірдің бауырына кіру», деп қарсылық көрсетеді. Сонда да ол алған бетінен таймай, қазақтың балалары да «өзге жұрттан кем болмай, білім алсын» деген түпкі мақсатынан, өмірлік бағытынан таймай, жанкештілік қадаммен алға ұмтылады.
Қорытып айтқанда, халқымыздың ұлы перзентінің өмірі мен ағартушылық жолындағы қызметін қамтыған толымды бір туынды оқырманға жол тартты. Оқыңыз!