• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 01 Ақпан, 2023

Кибер қылмыстың жаңа келбеті

481 рет
көрсетілді

Қылмыс әлемі күн санап түрленіп келеді. Әсіресе кейінгі кезде интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың көбейгені байқалады. Мұны құзырлы органдар да растап отыр. Өкініштісі, қылмыстың бұл түрі ел шеңберінен шығып, халықаралық деңгейге дейін «көтеріліп кетті».

Таяуда еліміздің Бас прокуратурасы Украинаның Ұлттық полициясымен бірлесіп, телефон арқылы алаяқтық жасаған халықаралық қылмыстық топты әшкереледі. Алыста жүріп-ақ талай адамды тақырға отырғызып кеткен топтың құрамында 32 адам болған.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін айтып, құқық қорғау органдарына мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі тапсырған еді. Биліктің назарын аударған бұл мәселе шынымен де өте өзекті болып тұр. Оған осы қылмыс түрінің күрт өсуі мен алаяқтардың құры­ғына түскен жәбірленушілер саны­ның артуы да түрткі болып тұр.

Өткен жылдан бері Бас прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп интернет алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін қабылдап, ауқым­ды жұмыс атқарып келеді. Іс-шаралар кешеніне құқық қорғау және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын кү­шейту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, қолданыстағы нормативтік құжат­тарды жетілдіру, оның ішінде жедел ақпарат алмасу, жедел тергеу қызметкерлері үшін бейінді оқыту жүргізу, IT бағдарламалар мен қо­сым­шаларды әзірлеу және енгізу, жауап­кершілікті күшейту секілді шаралар кіреді.

Атап айтқанда, Бас прокуратура сұ­ра­ныстарды санкциялау рәсімін сақ­тай отырып, банктік шоттар мен ақша қаражаттарының қалдығына сұра­ныстарды жіберу бөлігінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі­нің әмбебап сервисі жобасын іске қосты. Ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкін­дік берген жоба қолға алынғалы бері кибер алаяқтардың 10 қылмыстық тобы әшкереленген.

Мысалы, Шымкентте бес адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға несие ресімдеп, қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын пайдалана отырып, ақша қаражатын жымқырып келген.

«Сондай-ақ интернет алаяқтық­тарды ашу және Қазақстанның Еуропа Кеңе­сінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылуы бо­йынша халықаралық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабыл­данды. Осындай жұмыстың арқасында Украина­ның Ұлттық полициясымен бірлесіп, телефон арқылы алаяқтық жасаған халықаралық қылмыстық топ жойылды», делінген Бас прокуратура таратқан ресми мәлімдемеде.

Аталған ведомствоның ресми өкілі Александр Ким полиция органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған құқықтық акті­лер­ді жетілдіру бойынша да жұмыс жүргі­зіліп жатқанын мәлімдеді. Оның ай­туын­ша, ІІМ Криминалдық полиция бөлімшелеріне интернет желісін мониторингілеуге, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде құқық бұзушыны анықтауға арналған қазіргі заманғы жабдықтар сатып алынып, қажетті мамандандырылған бағдарламалық жүйе қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар аумақтық полиция бөлімшелерінде осы санаттағы істерді ашуға және тергеп-тексеруге мамандандырылған тұрақты жұ­мыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микро­кредиттерді электрондық тәсілмен беру қағидаларына өзгерістер енгіз­ді және қарыз алушыларды аутен­тификациялаудың қосымша тәсілдерін енгізіп отыр.

Бас прокуратура Қаржылық монито­рингі агенттігімен бірлесіп, әлеуетті қар­жы пирамидаларын ерте анықтау тетігін енгізіп қана қоймай, осындай қыл­мыстардың алын алуға бағытталған ұйымдастырушылық-түсіндіру іс-шараларына аса мән беріп келеді.

Аталған жұмыстың шеңберінде дивидендтер алу сылтауымен 580 салымшыны заңсыз тарту фактісі бойынша «GAP» компаниясының басшылары қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Банктер операциялардың күшей­тілген мониторингіне және күдікті клиенттермен іскерлік қатынастарды тоқтатуға бағдарланған. Осының арқасында 179 адаммен іскерлік қатынастар орнатудан бас тартылды.

Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында БАҚ-та 4 мыңнан астам материал, пост пен бейнеролик жария­ла­нып, халықты СМС-құлақтандыру жүр­гі­зілді. Сондай-ақ өңірлерде «Заң керуені» көшпелі акциялары өткізілді. Іс-шара барысында прокуратура мен поли­ция қызметкерлері халыққа қаржы пира­мидалары мен алаяқтықтан сақтық шаралары туралы ақпарат берді. Қабыл­данған шаралардың нәтижесінде, осы қылмыстардың саны едәуір азай­ған. Мәселен, Бас прокуратураның мәлім­деуінше, өткен жылы интернет алаяқтық – 4, интернет желісі арқылы микрокредит­тер беруге байланысты алаяқтық – 28, сондай-ақ қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері 27 пайызға төмендеген.

«Кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық «бет-әлпетін» әркез жетіл­діріп отырады», дейді құқық қорғау­шылар. Мамандардың айтуынша, халықты алдап, ақша алу үшін олар өздерін көбіне күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады немесе жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа тұлғалар мен жоғары лауазымды адамдардың суреттерін пайдаланады.