• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Экономика 01 Ақпан, 2023

Азық-түлік одақтары отандық өндірушілер бағдарламасын қолдай ма?

321 рет
көрсетілді

Жуырда ел Үкіметі жергілікті нарықтағы заманауи әрі сапалы отандық өнімдерді жан-жақты қолдау үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге атқарылатын «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық бағдарламасының іске қосылатынын мәлімдеді. Бұл қолдаудың отандық азық-түлік өндірушілеріміз үшін маңызы зор. Отандық тауарлардың өтімділігін көздейтін «Қазақстанда жасалған» бірыңғай ақпараттық платформасын енгізу өз азық-түліктеріміздің кең сауда сөрелеріне жайғасып, көзге түсетін аумақты иеленуіне жағдай тудырып, өндірушілер мен сауда орындары арасындағы өзара әрекетіне бағытталған. Өкінішке қарай, жағдай әлі де керісінше.

Сол сияқты халықаралық тәжіри­беге сүйене отырып, «Қазақстанда жасалған» мамандандырылған дү­кендерін ашу жоспарланып жатқан жайы бар. Бағдарламаға енгізуге ұсынылып отырған осы тектес басқа да амалдар супермаркеттеріміздегі шетелдік, сапасы күмәнді азық-түлік тауарларының, әсіресе, импортталатын тауарлардың басымдығын түпкілікті ретке келтіруді көздейді. Қысқасы, осы уақытқа дейін отандық өндіріс мәселесінің назардан тыс қалғаны сонша, оны жаңғырту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігі туындап отыр.

Үкіметтік жобаның түсіндір­месінде Президенттің отандық өнімді нарықта сөзсіз қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі тап­сыр­масының дұрыс атқарыл­май жатқаны атап өтілген. «Фер­мерлердің ірі сауда желілеріне бірігуіне, оның ішінде олардың құзыреттілігін арттыруға және мүдделерін құқықтық қорғауға қолдау көрсету тетіктері әзірлен­беген. Отандық тауарларды сапалы әрі табиғи өнім ретінде сатып алуды насихаттау шаралары жоқ. Бөлшек сауда желілерінің отандық тауарларды сөрелердің көрнекті орындарына орна­ластыру міндетін, сондай-ақ сау­да үстемесін реттеуді және дел­далдар санын азайтуды көз­дейтін заңнамалық нормаларды қамтамасыз ету керек. Ше­каралас аймақтардағы сауда желілерінде қазақстандық тауарларды ұлғайту шараларына ерекше назар аудару қажет», делінген бағдарлама жобасының ілеспе мәтінінде.

Алайда отандық өндірушілер қазірдің өзінде үкіметтегілердің осы мәселедегі көзқарасымен келісе бермейді. Мысалы, олар үстеме бағаны реттеуге үзілді-кесілді қарсы. Кәсіпкерлердің ойынша, бөлшек сауда желілері тарапынан тауарлардың бағасы­на қатысты келісімшарттар­да «қыз­мет көрсету» деп аталатын, бірақ шын мәнінде ашық алым-салықтар болып табыла­тын ретробонустар, бонустар сияқ­ты қосымша үстемелер бол­мауы керек. Мәселе сонда, бізде сауда үстемелерін реттеуге тырыс­қанымен, олар мардымсыз бол­ған­дықтан, мәселе туындамайды.

Өз кезегінде өндірушілер «Қазақ­станда жасалған» бағдар­ла­масын қуана қарсы алғаны­мен, бірақ оны әзірлеу барысында өз мүдделерін белсенді түрде қорғайтыны көрініп отыр. Дегенмен бағдарламаны әзір­леушілер отандық өндіру­ші­лердің пікірін тек ескерген сы­ңай танытатынын да жасыр­мау қажет. Өйткені өндіру­шілерге бағдарламаға өз ұсыныс­тарын дайындау үшін жаңа жыл қар­саңында, мерекелік қарбалас алдында бар-жоғы екі күн берілген.

«Екі күнде ондаған түрлі өндірушілерден електен өткен ұсыныстарын жинау мүмкін емес. Сондықтан үкіметтегі бағ­дар­ламаны әзірлеушілерге құ­жат­ты асықпай, сапалы зерделеу­ге уақыт беріп, мүдделерімізді толығымен ескеруге шақырамыз. Әйтпесе, бағдарлама шын мәнінде іске аспайды. Біз басқа азық-түлік өндірушілер одақтарының өкілдерімен бірге «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының мәтінін дайындау жөніндегі барлық жұмыс тобына, сондай-ақ заңнамалық актілерге тиіс­ті түзетулер енгізумен айналысатын топтарға қатысқымыз келеді. Бағдарлама түптеп келгенде делдал компаниялардың емес, отандық өндірушінің мүд­десін бірінші орынға қояды деп сенеміз», дейді Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.

Төтесінен айтқанда, азық-түлік нарығында тәртіп орнататын кез жетті. Дегенмен бұл мәселеге байыппен қарау керек. Бұл бағдарлама жұмыс істеуі үшін фермерлердің, өңдеушілердің пікірі мен мүддесін ескеру қажет. Өйткені бағдарлама солар үшін жасалады. Қазақстандық азық-түлік өндірушілері көптен бері айтып жүрген де сол: сауда желілері үшін ең бастысы – өнімнің сапасы емес, сатып алу бағасының төмендігі. Ірі супермаркеттер үшін тауарлардың Қазақстанда жасалғаны маңызды емес, олар үшін ең бастысы – максималды пайда табу үшін тауарларды барынша арзан бағада сатып алу. Қазақстандық азық-түлік өндірушілері барлық стандартқа сай сапалы тауар шығаруға ден қойып, отандық тауарларға басымдық беруге мемлекет көмектесетініне сенеді және олар өз өнімдерін сауда желілеріне арзан бағамен беруге дайын емес. Сонымен қатар ең төменгі бағаға ұмтылу үшін сауда желілері өздерінің «ЖСБ» белгісімен жеке сауда маркаларын шығарады. Өйткені сенімді өндірушілер өзін-өзі ақтамайтын мұндай бағамен өнімді жеткізгісі келмейді. Үнемделген шығынмен сапалы өнім шығару мүмкін емес. Осылайша, сауда желілері елдің арзан сапасыз тауарларға сұранысын қалыптастырады.

Сол сияқты сауда желілері айналамыздағы көрші елдерден төркіні белгісіз өнімдер іздей­ді және сапасы күмәнді, тіпті денсаулыққа қауіпті тауарларды шімірікпестен халыққа сатып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Нәтижесінде, бөлшек сауда желілері біздің елдегі ең төмен­гі азық-түлік стандарттарын құрайды. Мемлекеттің тарапынан бақылаусыз нарық­тың өзін-өзі реттеуі бұл жерде жақсылыққа апармайды. Денсау­лыққа пайдалы, МЕМСТ талап­тарына сай тауарлардың орны­на тұтынушылардың денсау­лығына зиянды, табиғи емес ингре­диент­тері мен консерванттары жоғары төмен сортты өнімдерді тұтынуға мәж­бүр. Мұның салдары мен зардабы зая кетпек емес. Аурудың түрі көбейіп, Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың емделуіне жұмсайтын қаражат­тың көлемі жыл сайын артып келеді. Біз сауда желілерінің ора­сан пайдасын мемлекеттік бюд­жет есебінен аямай төлеп отырғанымызды түсінетін кез жетті. Ал сауда желілері нарық­тық жолмен емес, монополиялық жолмен байып отыр.

Қазақстанның Ет өңдеу кә­сіп­орындары қауымдасты­ғы­ның атқарушы директорының орын­басары Юлия Нам: «Біз «Қазақ­станда жасалған» бағдар­лама­сының қабылдануы отандық өнді­ріс­тің дамуына серпін бере­ті­ніне, тамақ өнеркәсібі үшін жақсы жағдай жасалып, нарықты арсыз бәсекеден қорғайтынына сенеміз», дейді.

Осы арада соңғы бір жылдың көлемінде ет, сүт өңдеушілер мен басқа да тамақ өнеркәсібін­дегі ірі бірлестіктер тарапынан көп­теген дөңгелек үстел мен конфе­ренция өткізіліп, онда қызу тал­қылаулар жүргізіліп жатқа­нына тоқтала кеткен жөн. Азық-түлік одақтары қалып­тас­қан жағдайдың отан­дық өнім­дердің пайдасын көзде­мейті­нін айтудай-ақ айтып жүр. Нақ­ты айтқанда, Юлия Нам қазақ­стандық ет өңдеу кәсіп­­орын­дарының жүктемесі қуаты­ның жартысына да жетпей­тінін, жыл өткен сайын даму және шетелдік өндірушілер­мен бәсе­кеге төтеп беру қиындап бара жатқанын алға тартып отыр.

Мәселен, осыдан 10-15 жыл бұрын ғана өндіріс толық қуа­тында жұмыс істеп тұрған. Қазір ресейлік және басқа да өндірушілер Қазақстанға тауарларды кедергісіз әкеле отырып, толық қуатында жұмыс істеп жатыр, бұл көршілеріміздің өз нарығын кез келген әдіспен қорғап жатқанын көрсетеді. Ал біздің өндірушілер өз өнімдерін экспортқа шығарған кезде бұл жағдайды «жақсы» сезінді. Сондай-ақ мемлекет реттемейтін сауда желілерінің ретро-бонустарды беруі және басқа да міндеттеп көрсеткен қызметтер проблемасы да үлкен ауырпалық тудырады. Мұның бәрі қордалана келе отандық өндірістің дамуына кедергі келтіреді, бұл тізбек бизнес өкілдерінің шеңберінде шектеліп қалмайды, әлеуметтік сипаттағы проблемаларды да туындатады.

Қалай десек те, салалық мамандар алаңдаушылық танытып отырған осынау ахуал Үкімет деңгейінде бағдарлама әзірлеп отырған құзырлы адамдардың құлағына жетуге тиіс. Өйткені ел экономикасын дамытатын да, екі қолға жұмыс тауып беретін де – отандық кәсіпорындар. Олардан түсетін салық мемлекет қоржынын толтырып, түрлі әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалатыны қаржылық сауаты орташа адамға да аян.

Қазақстанның Сауда кәсіп­орындары қауымдас­тығы­ның президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, отандық өнімдер тек сауда желілері арқылы ғана сатылмайды. Бұған кез келген бөлшек сауда желілері­мен бәсекеге түсе алатын сауда нүктелері, қайта өңдеушілер мен көлік қызметкерлерін біртұтас логистикалық жүйеге біріктіре алатын базарлар, жеке интернет-дүкендер мен «Үй жанындағы» форматындағы дүкендер де қатысуы керек. «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы дәл отандық өнімдерді Қазақстанда өндіру мен өткізуді тиімді етуге жол ашуы қажет. Жобасына көз жүгіртіп шықсаңыз, аталған бағдарламаның тағы бір мін­деті – жергілікті шағын және орта бизнесті қолдауға тиіс. Жер­гілікті базарлар, «Үй жа­нын­­­дағы» форматындағы шағын дү­кен­дер жеке шаруа қо­жалық­тары­ның шағын көлемде өндір­ген өнімдерін сатуы қа­расты­рыл­ған. Алайда оларды ке­йін­гі жыл­дары елдің азық-түлік на­рығында ерекше басым жағдай­ға ие болған бөлшек сауда желі­лері на­рықтан ығыстырып бара жатыр.

«Ірі сауда желілері отандық тауарларды сатып алудан бас тартып, арзан импортқа басым­дық беруіне байланысты отан­дық кәсіпорындар өнім көле­мін қысқартуға мәжбүр. Ал өндіріс­тің қысқаруы жұмыс орындары­ның қысқаруына, салық аударым­дарының төмендеуіне әкеледі», дейді Қазақстан Сүт одағының төрағасы Владимир Кожевников.

Мұндай бәсекеге төтеп бере алмайтын кәсіпорындар штат қысқартуға мәжбүр, айналып келгенде мемлекеттік бюджетке төлем төлеуді азайтады. Тұтас алғанда, отандық азық-түлік өнімдерінің өндірісі барлық жерде қолдау көрсету мен салауатты тұтынушы патриотизмінің жүйе­лі стратегиясының жоқты­ғынан құлдырап отыр деуге негіз бар. Сонымен қатар елі­міз­дің азық-түлік қауіпсіздігі толық қорғалған дей алмаймыз. Өйткені егер азық-түліктің басым бөлігі импортталатын болса, онда бұл, әсіресе, күтпеген сыртқы факторлардың әсерінен жеткізілуі күрт тоқтауы әбден мүмкін қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда аса қауіпті. Оған қоса кез келген уақытта бағаның негізсіз қымбаттауы әдеттегі құбылысқа айналмақ.

Қалай болғанда да, азық-түлік сияқты стратегиялық саланы бақылаусыз нарыққа қалдыруға болмайтыны айдан анық. Бөлшек сауда желілері қожайындары­ның мүддесіне жұмыс істейтіні бар­шаға белгілі. Сауда, өндіру­ші және тұтынушы мүдде­лерін теңес­тірмей, түйткіл өздігі­нен тар­қа­тылмайды. Сондықтан бүкіл әлемде отандық азық-түлік өнді­рісі мәселесі қатаң реттеледі. Ал сауда желілері жеке бизнес екені дау­сыз. Бірақ олардың сая­саты отандық азық-түлік өн­дірі­сінің аза­ю мен құлдырауға әкеле­тін бол­са, онда мемлекет бұл үде­ріс­ке араласып, жағдайды реттеуі керек.

Қорыта айтқанда, өндіруші­леріміз жоғарыдағы мәселелердің бәрі «Қазақстанда жасалған» бағ­дарламасының аясында мем­лекеттік құзырлы мекемелер мен бизнес-қауымдастықтарда пай­да болатын жаңа құқықтық құрал­дардың көмегімен жолға қойылатынына үміт артады.

«Мұндай бағдарламалардың мысалы көп. Мәселен, кеңінен танымал швейцариялық «Swiss made» жобасы нарықтың барлық деңгейінде, оның ішінде муниципалитеттер деңгейінде сауда саласында отандық тауарлар­дың басымдығын қамтамасыз етіп отырады. Бұл дегеніңіз – мем­лекеттің өз экономикасын қолдауға және нарық субъек­тілері арасындағы қарым-қа­тынасты үйлестіруге бағыт­тал­ған салауатты протекционизм», дейді Қазақстанның Сауда кәсіп­орындары қауымдастығының пре­зиденті Жібек Әжібаева.

 

АЛМАТЫ