• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Ақпан, 2023

Бюллетеньмен суретке түсудің себебі неде?

253 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комис­сиясы жанынан құрылған сарап­шылық кеңестің кеңейтілген отыры­сы өтті. Былтыр ға­на құрылған кеңес мүшелері осы уақыт­қа дейін сайлау ре­формаларын жаңғыр­туға қатысты орамды ойларын ұсынып келеді.

Орталық сайлау ко­мис­сиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси нау­қан кезеңінде сай­лау­шыларға тиімді жағ­дай жасау маңызды екенін атап өтті. Отырыста сай­лау­шылардың бюллетеньдерді суретке түсіру және сайлау кезінде учаскеде бей­не­бақылау жүргізу мәсе­лелері талқыланды.

– Соңғы уақытта қо­ғамда сайлау бюлле­теньдерін суретке түсіруге және оны таратуға заң жү­зінде тыйым салу мәсе­лесі жиі көтеріліп жүр. Бюллетеньмен селфиге түсу фактілері, әсіре­се, бюджеттік сала қыз­мет­­кер­лері арасында жиі кез­деседі. Көпшілік «оларды сайлау учаскесіне баруға итермеледі, есеп үшін суретке түсті» деген пікір айтады. Сол себепті, бұл мәсе­лені сарапшылық кеңес­тің күн тәртібіне шыға­рып отырмыз, – деді Нұр­лан Әбдіров.

Жасыратыны жоқ, елі­мізде әр сайлау кезінде көптеген студент «уни­вер­ситетіміз бізді сайлауға баруға не белгілі бір канди­датқа дауыс беруге мәж­бүрлейді, дегенін істе­месең, бұл бағаңа әсер етуі мүмкін» деп шағым­данады. Мұғалімдер мен дәрі­герлердің сайлау учас­кесінде түскен суреттері де қоғамда түрлі пікір қалып­тастырып отыр. Бірі «дау­ыс беруге итермеледі» деген пікірді ұстанса, енді бірі «әр студенттің сай­лауға немесе елде болып жатқан басқа да сая­си оқиғаларға қатысты көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Университетте сабақ беретін оқытушылар, жатақхана коменданты немесе басқа да қызметкерлер студентке тек «Сайлауға қатысу – әр азаматтың борышы» деп түсіндіруге тырысады. Ал студент оны «мәжбүрлеу» деп ұғуы мүмкін» деген пікірде. Не десек те, Орталық сайлау комиссиясының отырысында бұл мәселенің қаралуы бекер емес. Құзыр­лы орган алдағы уақытта осы мәселеге қатысты заң жүзінде нақты шешімдер қабылдауды көздеп отыр.

Сарапшылық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова бас­қосуда халықаралық тәжі­рибелер жайлы айтып, нақты мысалдар келтірді. «Әлемдегі сайлау жүйесіне зер салсаңыз, бір-біріне қарама-қарсы түрлі заңнамалар бар. Мысал ретінде АҚШ-ты алайық. Онда жарты штатта бюллетеньдермен суретке түсу рұқсат етілсе, қалған штаттарда рұқсат етілмейді», дейді ол.

Нақтыласақ, сайлауда өз-өзін суретке түсіруді 18 штат заңсыз деп тапқан. Мысалы, Иллинойс штатында дауыс беру кабинасында суретке түсу ауыр қылмыс саналады. Тіпті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Колорадо штатында да мұндай суреттерге түсуге болмайды. Нью-Джерсидің заңы бойынша дауыс берушіге суретке түсуге рұқсат берілмесе де, ол өз таңдауын әлеуметтік желіде жариялай алады. Әрине, бұл бюллетеньді ешкімге көрсетпеу керек деген қауіпсіздік шараларынан туындаса керек. Ал Колумбия округі мен басқа 19 штат селфи жасауға рұқсат берген. Қалған штаттарда заң әлі анық емес.

Сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың дауыс беру ережесі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңында көрсетілген. Дауыс беруге арналған бөлімшеде адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi екені көрсетілген. Сайлау бөлімшесінде фото және бейнежазба жүргізуге болады. Сайлау ашық және әділ өтуі үшін БАҚ өкілдері секілді кез келген дауыс беруші де фото және бейнежазба жүргізе алады. Себебі дауыс беруші – сайлау үдерісінің мүшесі.

Бюллетенге қарын­даш­пен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi. «Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған бөлімде сайлаушылардың санын реттейдi, тәртiпке жа­уапты болады. Сондай-ақ заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етеді. Сайлау күнi дауыс беруге арналған бөлімде сайлау үдерісіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынған. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге болмайды. Сайлау бюллетені сайлаушыларға жеке басын куәландыратын құжаты көрсетілген кезде ғана берiледi. Кейін ол бюллетеньді алғаны туралы арнайы қағазға қол қоюға тиіс», деп көрсетілген заңда.