• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Ақпан, 2023

Мемлекет 4.0 индустриясына ауысатын кәсіпорындарды қолдауға дайын

196 рет
көрсетілді

Үкімет заманауи цифрлық технологияларды енгізетін кәсіпорындар үшін қолдаудың бірнеше жолын ұсынуға ниетті, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстандық кәсіпорындарда заманауи цифрлық технологияларды енгізу басымдықтарын «Индустрия 4.0: автоматтандырудан цифрландыруға» панельді сессиясы шеңберінде Digital Almaty V Халықара цифрлық форумының қатысушылары талқылады.  

«Біз Индустрия 4.0 бағытында қозғалыс барын көріп отырмыз. Өнеркәсіп орындарының қызығушылығы бар, IT-технологияларды, роботтандыруды енгізуде қазірдің өзінде тәжірибе бар. Үкімет қабылдап жатқан шешімдер индустрия және технологияны дамыту мен алға жылжытуда нәтижесін береді деп үміттенеміз», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова.  

Ол былтыр министрліктің қазақстандық «QazIndustry» индустрия және экспорт орталығымен бірлесіп, арнайы семинарлар мен кәсіпорындарды зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра бастағанын еске салды. Сондай-ақ былтыр қолданыстағы «Өнеркәсіп туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, оған қазір «Индустрия 4.0» бойынша негізгі нормалар қосылды.  

«Біз сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарадық. Мемлекет IT енгізу шығындарын өтейтін болады. Өнеркәсіп орны өз кәсіпорнында IT-инфрақұрылымды дамытуға қандай да бір шығынға ұшыраған жағдайда, біздің өнеркәсіпті дамыту институты арқылы шығындарының 50%-ын өтей алады. Бұл жайлы арнайы нормативті-құқықтық актілер қабылданды», деп атап өтті Щеглова.  

Оның айтуынша, қазір министрлік роботтандыруды дамыту мәселесін жеке қарастырып жатыр.

«Біз роботтандыру тұжырымдамасын, кәсіпорындар үшін алдағы 2-3 жылға арналған қысқа мерзімді жоспар жазуды, мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруды жоспарлап отырмыз және индустриялық гранттар беру мәселесі пысықталу үстінде», деп нақтылады вице-министр.