• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Ақпан, 2023

Сейсмикаға төзімді құрылыс бағытында бірыңғай нормалар әзірленеді

328 рет
көрсетілді

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына ТМД Атқару комитетінің делегациясы арнайы барды. Оның құрамында ТМД-ның Бас хатшысы Сергей Лебедев пен аталған ұйымның Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Михаил Мыскин болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған ұйым өкілдерінің бұл институтқа аялдауы тегін емес. Себебі 2019 жылы оған ТМД-ға мүше мемлекеттердің сейсмикаға төзімді құрылыс саласы жөніндегі базалық ұйымы ретінде мәртебесі берілген  еді. Оның негізгі қызметіне жобалау ұйымдары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында сейсмикаға төзімді құрылыс саласында тәжірибе алмасып, тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қолғабыс ету, нормативтік-техникалық базаны жетілдіріп, ғылыми әрі тәжірибелік-теориялық зерттеулерді жүргізу, сондай-ақ ТМД елдеріндегі ғимараттар мен құрылыстарға тербелісті динамикалық (натуралық) сынақты жүргізу кіреді.

«ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ның бас директоры Бегман Құлбаевтың айтуынша, қазір базалық ұйымның қызметі аясында ТМД-ның мүшелігіне кіретін барлық елге арналып, сейсмикаға төзімді құрылыс саласы бойынша бірыңғай нормаларды әзірлеу қолға алынды. Мәселен, тиісті ұлттық нормативтік актілерге талдау жүргізіліп, келесі кезекте мақұлданған бірыңғай нормалар мен олардың ұлттық қосымша құжаттарын әзірлеу міндеті тұр. Осы бірыңғай нормалар ТМД кеңістігінде сейсмикаға төзімді құрылыстың дамуына серпін беріп қана қоймай аталған саланы реттейтін ұлттық заңнамалардағы олқылықтың орнын толтыру тиіс.

«Бұған қоса осы амал арқылы біз жас ғалымдардың арасында сейсмикаға төзімді құрылыс ғылымын насихаттау жөніндегі мәселені шешіп келеміз. Қазір университеттермен белсенді байланыс орнатылып, дарынды түлектер мен аспиранттардың дамуына жан-жақты мүмкіндіктер ұсынылып отыр. Білікті әрі қажетті дағдыға ие мамандармен кәсіби қызметкерлердің пулын үздіксіз жасақтау – ғылымға икемделген және жоғары технологиялы сейсмикаға төзімді құрылыс саласын одан әрі дамытудың кепілі», деді Б.Құлбаев.