• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Ақпан, 2023

Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Бахрейн Корольдігіне барды

246 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресми сапармен Бахрейн Корольдігіне барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бахрейн тарапы Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының сапарына ерекше мән берді. Министрді Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифа қабылдап, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебіздері мен тілектерін жеткізді.

М.Тілеуберді сұхбаттасын Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңімен таныстырды. Өз кезегінде Король еліміздің қазіргі даму қарқынын жоғары бағалап, Қазақстан халқының игілігі үшін жүргізіліп жатқан Президент реформаларына қолдау білдірді.

Қазақстан-Бахрейн саяси өзара іс-қимылының даму серпінін ескере отырып, тараптар диалогты жоғары деңгейде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мақсатында көліктік-логистикалық мәселелерді шешу үшін бірлескен күш-жігер жұмсауға келісті. Сондай-ақ әлемдегі халықаралық жағдай, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасу болды.

Премьер-министрдің орынбасары Халид бин Абдулла Әл-Халифамен келіссөздер барысында тараптар түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жолдарын қарастырды. Қазақстандық тарап Бахрейн Таяу Шығыстағы еліміздің маңызды серіктесі екенін атап өтті.

«Өзара саяси қолдаудың арқасында біз қазір өзара сенім мен белсенді ынтымақтастыққа негізделген достық қарым-қатынастамыз», деді М.Тілеуберді. 

Тараптар екі елдің өзара іс-қимылының жоғары деңгейін оң бағалады, бұл ретте сауда-экономикалық саладағы қолда бар әлеует толық көлемде пайдаланылмайтынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықтың Жол картасын әзірлеу туралы келісім жасалды. Онда одан әрі өзара іс-қимылдың нақты бағыттары көрсетіледі.

Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид Әл-Заянимен кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастардың барлық мәселелері талқыланды. Министрлер өзара қызығушылық тудыратын аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. «Орталық Азия – Шығанақ араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» диалогтық платформасы шеңберінде өңіраралық кооперацияға ерекше назар аударылды.

Бахрейн тарапы екіжақты қатынастар тарихындағы Қазақстан СІМ басшысының Бахрейнге алғашқы ресми сапарын оң бағалап, оның барлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Сапар бағдарламасы Бахрейннің Сауда-өнеркәсіп палатасындағы келіссөздермен аяқталды. СӨП Төрағасы Самир Насс және Бахрейн бизнес топтарының өкілдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жандандыру жолдары, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Бахрейннің Халықаралық ислам қаржы нарығы арасындағы ынтымақтастық қаралды. Бизнесмендер арасындағы тікелей байланыстарды ынталандыру және ынтымақтастықтың перспективалы салаларын айқындау үшін екі ел арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісім жасалды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара сауданы кеңейтуге және инвестициялар көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ экономиканың түрлі секторларында кооперацияны дамытуға бағытталған өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.