Астана күні қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында тұңғыш рет «Әлем» атты бір актілі балеттің тұсауы кесілмек. «Astana Ballet» хореографиялық ұжымының репертуарындағы сүбелі дүниенің қоюшы-хореографы – Ресейдің белгілі балетмейстері Никита Дмитриевский. Спектакльдің бейнелік тұжырымын Ресейдің мультимедия саласындағы жетекші мамандарының бірі Леонид Басин, әуенін этно-композиторы Болат Ғафаров, ал либреттосын қазақстандық белгілі ақын, сценарийші Бақыт Қайырбеков жазды. Аталмыш қойылым жайлы нақтырақ білу үшін Ресейдің танымал балетмейстері Никита Дмитриевскийдің өзімен тілдескенді жөн санадық.
– Никита Владимирович, білуімізше, сізді Астанаға осы балетті қою үшін арнайы шақыртқан көрінеді. Бұл балет сізді несімен қызықтырды, ерекшелігі неде?
– Балеттің ерекшелігі, қазақ елінің сонау түркі дәуірінен бері келе жатқан бай мұрасы қатарындағы салт-дәстүрі эпикалық кең ауқымда бейнеленіп, музыка мен балеттің тілінде көрерменге жол тартады. Жарық, дыбыс, бейнежоба, хореография арқылы еуропалық түсініктің де ұшқыны аңғарылып тұрады. Мені қызықтырған нәрсе де балеттің осы кең ауқымдылығы болды.Жалпылай айтсақ, аталмыш балетте мәдениеттер тоғысы көз тоймайтын көркемдікпен бейнеленді.
– Сіз Еуропа елдерінің көптеген хореографиялық ұжымдарымен жұмыс атқарып, шығармашылық жолыңызда түрлі театрларды кездестіріпсіз. Қазір елордадағы «Астана балет» хореографиялық ұжымымен жұмыс істеп жүрсіз. Ұжымға қатысты пікіріңізді білсек?
– Мен енді тек «Астана балет» ұжымына баға беріп кетейін. Барлық балериналар өте тартымды және әртүрлі, қажырлы, толық қайтарыммен жұмыс істейді, материалды үйреніп алмайынша кейін шегінбейді. Өнер академиясын енді тәмамдап келген болса да, олар үлкен кәсіби әлеуетке және актерлік қабілетке ие. Сондықтан, рухани жағынан және кәсіби дамуы жөнінен басқа ұжымдар «Астана балет» ұжымына қызғана қарайтын болар деп ойлаймын.
– Бір жағынан хореограф, арт-директор болсаңыз, екінші жағынан режиссер және продюсерсіз. Сондай-ақ «Grand PAS» фестивалінің көркемдік жетекшісісіз. Осылардың бәріне қалай үлгересіз? Жас болсаңыз да бірнеше істің тізгінін қолда ұстау сізді кейде қажытып жібермей ме? Осындай жетістіктерге жетуіңіздің сыры неде?
– Барлық жұмысты бір уақытта істемеймін. Мен үшін балет сахнасы, хореография әсер алудың, шабыт жинаудың жалғыз мүмкіндігі емес. Сондықтан маған сахнамен жұмыс істеу ғана емес, жоба продюсері ретінде сахнаның иісін сезіну де қызықты. Кейбір жобаларда хореограф немесе жарық суретшісі болмасам да, көріністерді біріктіріп, оны тартымды дүние етіп жасауым мүмкін. Өйткені, ол жерде әртістер тобы, гала-бағдарлама, фестиваль, арт-жоба болады. Мен жасайтын дүниені, жеткізетін әсерді басқа ешкім де қайталай алмайды деген оймен жобаға кірісемін. Продюсер ретінде шығармашылық мінезді жоғары бағалаймын. Жұмысымның қай-қайсысы да қажытқан емес.
– Бір сұхбатыңызда өзіңіздің көптеген танымал тұлғалармен жұмыс істеп келе жатқаныңызды айтқан едіңіз. Атап айтқанда, кімдермен бірге қоян-қолтық жұмыс жасадыңыз және олардың қатарында қазақстандықтар бар ма?
– Бұл жағынан жолы болғыш адаммын. Осы уақытқа дейін хореографияда, музыкада және әдебиетте небір мықты тұлғалармен, сондай-ақ, өз ісінің шыңына шыққан шеберлердің талайымен ұшырастым. Солардың ішінен бірін басқаларынан бөле-жарып айта алмаймын. Өйткені, барлығы да әлемдік сахнаның, театрдың мэтрлары, хореографтары және композиторлары. Адам өзі тұрған биіктен қарағанда кейбір адамдармен рухани тұрғыдан мүдделес екенін сезінеді, сосын ол өзі соларға тартылады не сол адамдарды өзіне тартатын болады. Мұнда біреудің сіз үшін маңызды я маңызсыз екенін айту өте қиын. Кейде композиторлармен кездесіп жатасың. Олар өзінің бес минуттық композициясын ұсынады. Дәл осы композиция бір немесе екі жылдан соң саған музыкаға басқаша қырынан қарауға ықпалын тигізеді немесе керісінше де болуы мүмкін. Барлығы бір-бірімен байланысты.
– Музыканттар әрбір нотасын санай бастағанда математиктер сияқты. Ал хореографтар ше?
– Маған музыкамен жұмыс жасағанда оны полифаниялық құрылымға сәйкестендіруде және әрбір сахнаның ерекшелігіне қарай суреттермен, жарықпен, дыбыспен дәл беру үшін өңдеумен айналысуға тура келеді.
– Сіз үшін шығармашылығыңыз бірінші кезекте тұра ма, жоқ әлде жеке өміріңіз бе?
– Шығармашылығымды бірінші орынға қоямын.
– Өмірлік мақсатыңыз не? Өмірде қандай қағидаларды ұстанасыз?
– Шынайылықты, барлық жағынан тазалықты ұнатамын. Ал ең басты қағидам – жақсылыққа, тазалыққа сену. Сондай-ақ, адамның үлкен ақыл иесі екенін көрсетіп, абыройлы болуға бастайтын болса, сөз де маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назым ҚАЙРАТ.
АСТАНА.