• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Музей 05 Ақпан, 2023

Армян диаспорасының мәдени экспозициясы

418 рет
көрсетілді

Алматыдағы Мемлекет­тік орталық музей өзге елдер­мен мәдени ынтымақ­тастықты белсенді дамыту жолында көптеген маңызды жобаны жүзеге асыра бастады.

Осы мақсатпен өткен жы­лы Армения Республикасы елшілігінің қолдауымен Ере­вандағы Армения тарихы музейі және Алматыдағы Қазақстан Мемлекеттік орталық музейі екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы мемо­рандумға қол қойған-ды.Ме­морандум негізінде «Армян диаспорасының мәдениеті» экспозициясына Армения тарихы музейінің заттары сыйға тартылды. Бұл армян халқы­ның жарқын мәдениеті мен дәстүрлерін сипаттайтын фрагменттер – әлемге әйгілі хачкарлар (балбалтасқа ұқсас крест тастар), тұрмыстық заттар мен сәндік-қолданбалы өнер үлгілері, ерлер мен әйелдердің дәстүрлі костюмдері және зер­герлік бұйымдар сөреден өз орнын тапты. Заттардың ішінде қыш құмыралар, мыс қазандық, XIX – XX ғасырлардағы салттық науа, үрмелі музыкалық аспап (дудук), панельдер, киім аксессуарлары және тағы басқа армян халқы үшін қастерлі бұйымдар бар.

Қабылданған меморандумға орай ақпан айының алғашқы күндерінде Мемлекеттік орта­лық музейде Қазақстандағы Армения елшілігімен бірлескен армян мәдениеті мен тарихы экспозициясының ашылу салтанаты өткізілді. Іс-шара­ның маңызын атап өткен Мемле­кеттік орталық музейдің директоры Рашида Харипова: «Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Армен Гевондянға белсенді ынтымақтастығы мен музей жәдігерлерін тасымалдауды ұйымдастыруға және Ереван тарихы музейінің бізге берген бірегей экспонатта­рымен толықтыруға жәрдемдескені үшін рахмет айтамын. Сондай-ақ құнды жәдігерлерін тапсыр­ғаны үшін және екі ел арасындағы мәдени байланыстардың дамуына қосқан үлесі үшін Армения тарихы музейінің директоры Дэвид Погосянға да алғысымды білдіремін. Енді келушілерге Арменияның бірегей мәдениеті­мен және тарихымен танысуға тамаша мүмкіндік туып отыр», деді кіріспе сөзінде.

Армения елшісі Армен Гевондян мәдени байланыстарды дамытудағы және халықтар мәдениеті мен тарихын танымал етудегі ынтымақтастықтың маңызды рөлін атап өтті. «Туған жеріңді, оның тарихын, әсіресе басқа елдің мемлекеттік музейі қабырғасында көріп, сезіну деген зор бақыт. Біз осындай мүмкіндік алып отырмыз. Армян халқының тарихы мен тұрмысына арналған экспозициядан үлкен әсер алып, «өз үйіміздей» деген сезімді бастан кешіп отырмыз. Көрменің ашылуы бізді шынымен біріктіреді. Мәдениеттің дамуына, ең алдымен көмек пен қолдау керек. Осы экспозиция біздің өзара мәдени байланысымызды одан әрі дамытуға үлес қосып, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қызмет ететініне сенемін», деді А.Гевондян.

Экспозицияға шақырылған қонақтарға «Арвест/Өнер» көркем галереясының директоры Рима Цяканян экскурсия өткізді. Музейге келгендерді Қазақстан аумағында тұратын армян диаспорасының дәстүрлі мәдениеті мен тұрмысының бірегей бұйымдарымен таныс­тырды.

 

АЛМАТЫ