• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Субсидия 05 Ақпан, 2023

Шаруаны діңкелеткен субсидия шарты

292 рет
көрсетілді

Баянауылдағы «Діл-Нар-Ай» шаруа қожалығы мемлекеттен алған 20 млн теңге субсидияны қайтаруға міндеттеліп отыр. Алаяқ фирманың құрбаны болған шаруашылықтың шоттары мен мүлкі бүгінде бұғатталып, фермердің жағдайы қиындаған. Бір қызығы, кезінде қара малды жеткізушіні таңдауға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы себепкер болған көрінеді.

«Діл-Нар-Ай» шаруа қожалы­ғы өзінің кінәсіздігін сотта дәлел­демек болып келе жатқанына бір­неше жылдың жүзі өтіпті. Дәл осын­дай жағдайға тап болған өзге ша­руаларға соттың оң шеші­мі шығарылғанымен, заң органдары­ның аталған қожалыққа келгенде жүрегі жібімей тұр.

Мәселенің мәнісі былай, осыдан біраз жыл бұрын шаруашылық «Сыбаға» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды қара мал сатып алуға тілек білдіреді. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Жомарт Сембаевтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылы «Діл-Нар-Ай» басшысы Гүлжанат Ахметова бағдарлама арқылы 46 миллион 875 мың теңге несие рәсімдейді. Жобаның талаптары ісін жаңадан бастаған ауылдықтар үшін өте қолайлы еді, несиенің жылдық мөлшерлемесі 14 пайыз болса, оның 10 пайызын мемлекет өтеп береді. Алғашқыда қожалық иесіне шетелден асыл түлік әкелетін оператор тауып береміз деп уәде етіліпті. Алайда оператор табылмаған соң фермер Ресейге өзі барып, тиімді түлік іздейді. Қырсық шалғанда осы уақытта Алтай өлкесі, Новосибирь, Омбы және Челябі өңірлерінде аусыл ауруы тарап, Павлодар облыс­тық аумақтық инспекциясы аталған аймақтардан мал әкелуге тыйым салған. Амалы құрыған шаруа қожалығы жергілікті несие се­рік­тестігінен алған қаражатты қай­тарып бермек болған екен, алайда ондағылар қайтарылған қаражат үшін 25 пайыз көлемінде қосымша айып төлейтінін жеткізеді. Гүлжанат Ахметованың алған қаражаты да аз емес, бақандай 46 миллион 875 мың теңге. Енді оның үстіне 11 млн теңгеден астам айыппұл жамалайын деп тұр. Жұмысы енді ғана жүре бастаған шаруада ондай қомақты қаражат қайдан болсын.

– Сөйтіп, мал өсірушінің басы қатып жүргенде өңірлік ауылшаруа­шылығы басқармасындағылар М. ата­латын жеткізушіні ұсынады. Ол Ресейден Қазақстанға асыл түлік тасумен айналысады екен. Оператор өкілдерімен бірге баянауылдық азамат Кемеров облысына барып, малды көріп қайтады. 2019 жылдың наурыз айында аусылға байланысты карантин алынған соң М. барлық тиесілі құжатпен қосып «Діл-Нар-Ай»-ға малды түгел әкеліп берген. Кейін ірі қараны отандық ветери­нарлық қызметтер карантинге жат­қызып, ауылшаруашылығы жануар­ларын бірдейлендіру жүйесіне (БЖ) тіркейді. Бір сөзбен айтқанда, облыстың ауылшаруашылығы бас­қар­масы мен ветеринария қыз­меті барлық құжатты тексеріп, ірі қараны есепке алды. Содан кейін ірі қараның шынымен асыл түлік екеніне көз жеткізу үшін елорда­дан қазақтың ақбас тұқымы респуб­ликалық палатасының өкілдері келеді. Мамандар бағалау жүргізіп, тиісті құжаттарды берді. Ал оны шаруа қожалығы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсын­ған. Сөйтіп, басқарма 13,2 млн теңге көлеміндегі субсидияны қо­жа­лыққа аударып жібереді, ал өз кезегінде мал иесі қаражатты несие­лік серіктестікке төлеген, – деп түсіндірді Ж.Сембаев.

Арада бір жыл өткенде баянауыл­дық «Діл-Нар-Ай» мен тағы 4 шаруа қожалығы экономи­калық тергеу басқармасына шақы­рылады. Сөйтсе, М. арқылы сатып алынған үй жануарларының барлығы жал­ған құжатпен жет­кізілген болып шы­ғыпты. Кезінде осы жеткізушіні таң­дауға кеңес берген ауылшаруа­шылығы басқар­масы алаяқ фирмадан мал сатып алған барлық шаруаны сотқа беріп, алған субсидия­ларын қайтаруды талап етеді. Он­д­ағы дәлелі – жал­ған құжатпен мал жеткізу. Ша­руа­лардың айтуын­ша, олар бұл істің маманы бол­мағандықтан құжаттардың расты­ғын тексере алмаған. Тым болма­ғанда мем­лекеттік органдар құжат­тардың түпнұсқалығын тексеруі керек еді ғой. Алайда сот отырыстарында бұған ешкім мән бермеген сы­ңай­лы. Сотта «Діл-Нар-Ай» және осын­дай жағдайға тап болған тағы бір шаруашылық – «Дастархан» ШҚ жеңілді. Депу­тат­тық корпус өкіл­дерінің қол­дауынан кейін «Дастархан» апелля­циялық үдерісте жеңіске жетіп, не­сиенің өсімақысы үшін қаражат алады. Осындай жағдаймен сотқа талап-арыз берген тағы жеті ша­руа­шы­лық­тың өті­ніш­­тері қанағаттан­ды­рылды. Алай­да «Діл-Нар-Ай» апел­­ля­­ция­лық шағымда қайталай жеңіледі.

Енді шаруа қожалығы басқар­маның шағымы және несиенің пайыз­дық мөлшерлемесі бойын­ша мемлекетке 20 миллион теңге­ге жуық қаражат төлеуге тиіс. Ша­руа­­шылық жыл бойы несие­ні па­йыздық мөлшерлемесін қайтар­май өтеп келген. Соттың шешімі бо­йын­ша мүлкі мен барлық есепшоттары бұғатталып, несие тарихы да бүлініпті. Тіпті шотында қалған ақ­ша мемлекет иелігіне алынып, фер­мер шаруашылықта жұмыс істей­тіндердің еңбекақысын төлеуге қаржы таппай қиналып отыр.

Кәсіпкерлік субъектісі үстіне-үстіне жүргізіліп жатқан тексерістен әбден қажығанға ұқсайды. Қазір малдың төлдеуі басталған, қорадағы жемшөп те аяқталуға жақын. Ал сот орындаушылары мүлікті мүлде бұғаттап тастауға талпынып жатыр. Әбден титықтаған шаруа сот органдарынан үміт қалмаған соң өңірлік кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап келді.  Жомарт Сембаевтың сөзінше, палата өкілдері фермерді қолдаусыз қалдырмайды. Қазір «Діл-Нар-Ай» шаруа қожалығын кассациялық сотқа дайындап жатыр.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы