• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2023

Қашағандағы ГӨЗ құрылысы қарқынды жүріп жатыр

364 рет
көрсетілді

Қуаттылығы 1 млрд текше метрді құрайтын Қашағандағы газ өңдеу зауыты (ГӨЗ) жобасының операторы «GPC Investment» ЖШС өткен жылдың тамыз айында «QazaqGaz» ҰК» АҚ-на сенімгерлік басқаруына берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жобаны тапсыру кезінде, объектідегі барлық жұмыстар мердігердің жұмысты жалғастырудан бас тартуына байланысты тоқтап қалған еді. Жабдық транзиттік аймақта жиналып, ҚХР шекарасынан өте алмады.

Тасымалдау рәсімі аяқталғаннан кейін, жобалық топ тез арада жасақталып, жұмысқа жұмылдырылды, құрал-жабдықтарды жеткізу үшін логистика жолға қойылды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен «жасыл дәліз» ұйымдастырылды.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің айтуынша ұлттық компания тарапынан халықаралық компанияларды тарту арқылы нысанға кешенді аудит жүргізілді. Кешенді аудит нәтижелері бойынша жобадағы кемшіліктер мен газ өңдеу зауытының сенімділігі мен қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін елеулі тәуекелдер анықталды.

«ГӨЗ QazaqGazдың сенімгерлік басқаруына берілгеннен кейін, біз қаржылық, техникалық және заңгерлік аудиттер жүргізіп, жоба дизайнында инженерлік қателіктерді анықтадық. Оларды түзетуге мәжбүрміз, тиісінше жүзеге асыру мерзіміне де әсер етуде. Алайда, QazaqGaz іс жүзінде ГӨЗ жобасын сенімгерлік басқаруға алып, өткен жылдың екінші жартысында жұмысқа кіріскенін ескерсек те, айтарлықтай прогресс бар», деді Санжар Жаркешов.

QazaqGaz басшысы компания тәуекелдерді жою үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын, бірақ алда әлі де үлкен жұмыс бар екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта жобаға 700 адам жұмылдырылған, құрылыста 2100 адам, 300 бірлік арнайы техника және 991 бірлік жабдық тартылатын болады. Пайдалануға берілгеннен кейін ГӨЗ өңірде 600 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, алғашқы іске қосу кешенінің темір жолдары тартылды, бұл материалдар мен жабдықтардың уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ жабдықтарды өндіру процесінің сапасын бақылау мақсатында мамандандырылған TUV Rheinland халықаралық компаниясын жұмыс барысына тартты. Бүгінгі таңда жабдықтың 50 пайыздан астамы дайындалып, 30 пайызы ГӨЗ құрылыс алаңына жеткізілді.

Қазіргі уақытта бұрын бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға (ЖСҚ) түзетулер енгізілді. Жобалық-сметалық құжаттаманы түзету кезінде мұндай жобалар бойынша әлемдік тәжірибе негізге алынып, жабдықтың сенімділігі мен қауіпсіздігі бойынша барлық кемшіліктер ескерілді. Технологиялық құрал-жабдықтар мен процестер өнім сапасына, сондай-ақ атмосфераға шығарындыларды және энергия тұтынуды азайтуға баса назар аудара отырып, оңтайландырылды.

Сонымен қатар жетіспейтін жабдықтар іске қосылды, эмиссия көздеріндегі, сондай-ақ санитарлық-қорғау аймағының периметрі шегінде ластаушы заттардың шығарындыларын автоматты бақылау жүйесі енгізілді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан өтіп жатыр.

Жобаны басқаруды және инженерлік қамтамасыз етуді күшейту үшін инжиниринг саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Technip Energies тартылды. Компанияның профильді мамандары жоба командасына біріктіріледі.

Сондай-ақ 2023 жылдың қаңтар айында «QazaqGaz» ҰК» АҚ Атырау облысының Мақат ауданында қоғамдық тыңдаулар өткізгенін атап өткен жөн. Кездесуде Қашағандағы газ өңдеу зауытын салу жобасын түзету шеңберінде қоршаған ортаға ықтималды әсер етуі талқыланды. Тыңдауға аудан тұрғындары, республикалық қоғамдық экологиялық ұйымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Осылайша, жоба операторының жаңа командасы ҚР Үкіметінің, ҚР Энергетика министрлігінің және «QazaqGaz» ҰК» АҚ қолдауымен құрылысты тездетіп, анықталған кемшіліктерді жояды, сондай-ақ NCOC-мен бірлесіп бизнес-модельді қайта қарауды жеделдетеді.