• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2023

Аспалы жолда абайла!

270 рет
көрсетілді

Баянауылдың Мырзашоқы тау-шаңғы курортында күтпеген жерден шетел киносындағыдай оқиға болды. Шаңғы тебуге серуен құрып шыққандарды таудың төбесіне көтеретін аспалы жолдың айналдырғыш тетігі кенеттен істен шығып, 6 адам екі сағат бойы әуеде ілініп отырған.

Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас­пасөз қызметі хабарлады. Тау-шаңғы базасына келген турис­тер әдеттегідей аспалы жолдың орын­дықтарына отырып тауға беттей бергенде болат арқанды айналдырып тұратын роликтен ақау шығып, жүйе тоқтап қалған. Сөйтіп қыстың суығында әуеде 6 адам екі сағатқа жуық тұрып қалады.

Аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Азамат Қожайбердиевтің айтуынша, шаңғы курортына қызмет көрсе­тетін «Вершина» ЖШС-ның қызметкерлері өз күштерімен бір сағаттай әуреленіп жүріп 5 метрлік биіктікте ілініп тұрған 4 адамды түсіріп алған. Қызмет­керлер жерден арқан лақтырып, ашық орындықта отырғандар оны арқан жолға бекіткен. Сөйтіп арқан бойымен салбырап түсіпті.

– Қалған 2 адам жерден 20 метр биіктікте, қайың ағаштары таласа өскен тау беткейінде тұ­рып қалған. Ол жерге техника ат­тап баса алмайды. Біздің құтқарушыларымыз «Вершина» фирмасының өкілдерімен ақыл­да­са келе аспалы жолды ұстап тұрған темір бағандарды пайдалануды құп көрді. Желі бойындағы бағандардың арақашықтығы шамамен 30-40 метр болып келеді. Әлгі туристер ілініп отырған тұстың екі жағында орналасқан болат тіректердің ұшар басына арқан байлап, оны екі жақтан тарттық. Сөйтіп арқанды кере отырып, оны қиын жағдайда қалған азаматтарға жеткіздік. Олардың қауіпті биіктікте тұрға­нын ескере отырып, арқанға кеу­десімен еніп кететіндей күр­меулер жасаған едік. Азамат­тар күрмеуге кезектесіп қолтығымен ілініп, жердегі он шақты адам арқанды жабыла босатып жүріп төменге түсірдік. Барлық құтқару операциясы ойдағыдай өтті, зардап шеккендер жоқ. Біздің құрылымнан 10 адам, облыстық төтенше жағдай департаментінен 4 қызметкер мен 1 техника қа­тысты, – деп баяндады басқарма жетекшісі.

Әлгі туристердің төртеуі – әйел, екеуі ер адам екен. Павлодар және Екібастұз қалаларынан қыдырып барғанға ұқсайды.

Қызық болғанда, «Вершина» серіктестігінің мұндай тосын жайттарға қарсы қолданатын әдіс-айласы мен арнайы құрал-жабдықтары мүлде жоқ екен. Жоғарыдағыдай оқиға алғаш кездесіп отырғандықтан база мамандары алғашқыда не істерін білмей абдырап қалған. Азамат Қожайбердиев туристік фирма өкілдеріне арнайы құтқару жабдықтарын сатып алу жөнінде кеңес бе­рілгенін айтып өтті. Сондай-ақ облыстың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына, спорт және қар­жы басқармаларына мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін шара қолдану жөнінде хат жол­дағанын жеткізді.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы