Қазір әдебиетімізде өнімді еңбек етіп жүрген қаламгердің бірі – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбай. Проза мен публицистикаға қатар қалам тартып жүрген жазушы кейінгі жазған көркем туындылары туралы сыр бөлісті.
– Өткен жылы ойымда жүрген біраз дүниені ақ параққа түсірдім. Екі хикаят жаздым. Оның біреуін Мәдениет және спорт министрлігі сатып алса, біреуі өзімнің тартпамда жатыр. Бүгінгі заман тынысын бейнелеген бірқатар әңгіме туды. «Диуананың биі» жазушы, қайраткер Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған әдеби байқауда бірінші жүлдені иемденді. Сондай-ақ «Ех, бостандық» деген әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетінің желтоқсан айындағы санында жарық көрді.
Жас күнімнен қаламым қаңтарылып көрген емес. Көкейде сан проблема қол бұлғап тұрады емес пе? Әдебиет пен тәуелсіздікке қатысты ойларымды, шамам келгенше жазып жүрмін. Мысалы, «Жапон, жапон дегенше» атты мақаламды әлеуметтік желінің қолданушылары жақсы талқылады. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев туралы «Алтынбекті неге айтпаймыз?» деген толғанысым да көпшіліктің көңілінен шығып, оған біраз оқырман пікір жазды.
Жаңа жыл басталысымен «Қаламгер» әдеби-танымдық порталында «Аула сыпырушы», «Әдебиет» порталында «Күнәнің бергі беті» атты ыстығы суымаған екі әңгімем жарық көрді. Енді «Тіл» туралы бір хикаят жазсам деген ойым бар, әзір нобайы көкірегімде күмбірлеп тұр.