• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Театр 08 Ақпан, 2023

«Ерекше театрдың» елордадағы премьерасы

380 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Палатаның бір топ депутаты Еркеғали Рахмадиев атындағы «Астана» концерт залында «Мы с тобой одной крови» әлеуметтік драмасының премьерасына арнайы қатысты. Қойылымды Ұлттық Дельфий комитетінің #EREKSHETEATR атты өнер ұжымы сахналады.

Өнерлерімен қалың көрерменді тәнті еткен ерекше театрдың ерек­ше актерлері көпшіліктің ықы­ласына бөленді. Спектакль ым-ишара тілінде ойналды. Бұл қо­йы­лымның бірегейлігі екені анық.

Өз сөзінде Палата спикері «Ерек­ше театр» жобасының инклюзивті қоғам құру жолын­дағы маңыздылығына тоқтал­ды. Сондай-ақ Сенаттың осы ба­ғыт­тағы заң шығару жұмыстарының нәтижелеріне назар аударды.

«Ерекше қажеттілігі бар аза­маттарды қолдау, кедергісіз, ин­клюзивті орта қалыптастыру – мем­лекетіміздің және қоғамның алдында тұрған маңызды міндет­тердің бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәсе­леге әрдайым баса мән беріп, үнемі назарда ұстап келеді. Былтыр елімізде «Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы» заң қабылданды. Алдағы уақытта қажет болса, тағы да заңнамалық жұмыстарды қолға алуға дайынбыз. «Ерекше театр» және «Sensitive» би театры сияқты жобалар мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе балалардың бойындағы шығармашылық қабі­леттерін дамытуға, олардың ортаға бейімделіп, өмірден өз орындарын табуына үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондықтан мұндай бас­тамаларды қолдаудың маңызы зор», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы қойылым жо­ғары деңгейде болғанын және актерлер өз рөлдерін шебер сомдағанын да атап өтті. Сондай-ақ ол елордалық көрермендерге керемет көңіл күй сыйлаған өнер ұжымына, «Sensitive» би ан­самбліне, оның көркемдік жетек­шісі Ольга Ростовщиковаға және дарынды балаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Құралай Түс­пекова бастаған Ұлттық Дельфий комитетіне алғыс білдірді.

Сонымен қатар Мәулен Әшім­баев Петропавл қаласында театр ұжымымен алғаш кездескен сәтте алған әсерімен бөлісті. Сол кез­десуден кейін жас өнерпаздарды елордаға шақырғанын да жеткізді. Палата спикері өнер ұжымының негізі қаланғанына 5 жылға жуық уақыт өткенін, осы аралықта жоба нағыз театр ретінде қалыптасып, әлемнің бірқатар елінде өткен көптеген халықаралық конкурста топ жарғанын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың ай­­туын­ша, театр құру идеясы – Ұлт­тық Дельфий ойындары аясындағы Парадельфий аталымының лайықты жалғасы. Бұл бастаманың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар шығармашыл жастарға жүйелі түрде қолдау көрсету. Соның нәтижесінде 2018 жылы Жастар жылы қарсаңында Ұлттық Дельфий комитеті «Ерекше театр» жобасын қолға алған. Мүгедектігі бар балалар мен жастарға театр өнерін үйретудің тәжірибелік және әдістемелік негізін қалыптастыру – осы жобаның маңызды міндеті.

Қазіргі таңда театр Петропавл қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатта орналасқан. Ол жерде мүгедектігі бар 25 актер жұмыс істейді. Олардың басым бөлі­гі – парадельфий аталымы бойын­ша түрлі байқауда топ жар­ған жастар. Финалдық сында өнер көрсеткен тағы 300-ден астам жас азамат Дельфий өнер мектебінде өз шығарма­шы­лық­тарын шыңдап жүр. Сондай-ақ олар Ұлттық Дельфий қазылар алқасының мүшелеріне тәлімгер ретінде де қолдау көрсетеді.