• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 08 Ақпан, 2023

Жедел желі қосылды

338 рет
көрсетілді

Түркия мен Сирияның бірқатар провинциясында болған жер сілкінісі дүйім жұртты алаңдатып отырғаны рас. Көптеген мемлекеттің басшылары қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізіп, құтқару жұмыстарына өз азаматтарын жұмылдырып жатыр.

Қазір Түркиядағы Қазақстан дипломаттары сол елдегі отандастарымызбен байланыс орнату жұмыстарын мықтап қолға алған. Студенттер арасында тиісті ақпараттық хабарлама таратылды. Қазақстанның елшілігі Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста. Осы уақытқа дейін зардап шеккен немесе қаза тапқандардың тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ. Сонымен қатар, көптеген қираған ғимараттың астынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жат­қанын атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі +7 (7172) 72-05-00 нөмірі бойынша жедел желі ашылғанын хабарлады. Осы телефон арқылы азаматтарымыз бен олардың туыс­тары көмек сұрай алады. Бұдан басқа, жақын арада Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің шұғыл байланыс­тары қосымша жарияланады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апат салдарынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғыра отырып көңіл айтады және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы мәлімет бойынша Түр­кия­­ның Кахраманмараш, Газиан­теп, Османие, Диярбакыр, Шан­лы­урфа провинцияларында болған жойқын жер сілкінісінен 4 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алған. Табиғи апат 13,5 миллион тұрғыны бар 10 провинцияға кері әсерін ти­гіз­ді. Өкінішке қарай зардап шек­кендердің саны сағат сайын өсіп келеді.

Ал Сирияда кем дегенде 1 500 адам қайтыс болып, Алеппо, Идлиб, Латакия және Хама провинцияларында көптеген адам қирандылар астында қалып қой­ған.

Жалпы, бүгінде Түркияда кон­сулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр (Анкара – 498, Ыс­танбұл – 45, Анталия – 189). СІМ таратқан мәліметке қара­ған­да, апат болған елде Қазақ­станның 8 219 студенті білім алып жүр. Ал түрік тарапының мәлі­метінше, Қазақстанның 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін.